«Менің туындыларым халықтың көз алдында»
«Көркемсурет – бұл тілсіз поэзия, ал поэзия – бұл соқыр көркемсурет» дейді Леонардо да Винчи. Расында, өмір көріністерінің сәттерін қылқалам құдіретімен көркемдеп жеткізе білу нағыз талантты суретшінің ғана қолынан келсе керек.
Қазақ бейнелеу өнері – тарихы тасқа қашалып, уақыт тезінен өтіп бізге жеткен асыл мұралардың бірі. Қазақ суретшілік өнері дегенде ойға бірден Әбілхан Қастеевтің есімі оралады десек, бүгінде талантымен танылып, қиялынан туған дүниелерді қылқаламымен әспеттеп, қазақ бейнелеу өнерінің беделін асырып жүрген суретшілер жоқ емес. Солардың бірі – суретші-мүсінші, жерлесіміз Қали Қораласбаев. Жуырда бүгінгі қазақ суретшілерінің мүмкіндігі, аяқ алысы туралы Қалекеңмен сұхбаттасудың сәті түскен еді. – Қали аға, әңгімемізді алдымен өз өмір жолыңыздан бастасақ...
– Мен 1965 жылы Шу ауданындағы Төле би ауылында дүниеге келдім. Менің де балалық шағым сол кездегі барлық ауыл балалары секілді ерекше қызықты өтті. Осында Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепті 1982 жылы тәмамдап, нағыз қайнаған өмірдің табалдырығынан аттадым. 1983 жылы Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, көркемсурет мамандығы бойынша білім алдым. Кейін жолдамамен Шу аудандық Мәдениет үйінің көркемсурет шеберханасында көркемдегіш-суретші болып жұмыс істедім. Одан кейін балалар және жасөспірімдер сурет мектебінде мұғалім болып, араға бір жыл салып, 26 жасымда сол мектептің директоры қызметіне тағайындалдым. Бес жылдан кейін қосымша білім беретін мектептерді жабу туралы бұйрық шықты да, мектеп жабылып қалды. Одан соң 7 жыл бойы шығармашылықпен айналыстым. 2002 жылдан 2016 жылға дейін балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры қызметін атқардым. Ал қазір өзімнің жеке шеберханамда жұмыс істеудемін. Алла сәтін салса, алдағы уақытта осы жерде керемет туындыларды дүниеге әкелу жоспарымда бар.
– Сіз жалпы осы әлемге қалай келдіңіз және суретшілікке қашаннан бастап түбегейлі ден қойдыңыз?
– Абай атамыз айтқандай, «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады» дейді ғой. «Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұл – тәннің құмары. Екіншісі – көрсем, білсем екен деу. Ол – жан құмарлығы» дейді. Мен алғашында спортшы болуды армандайтынмын. Бірақ, ішкі түйсігім, жаным сурет салуға құмартып тұратын. Бала кезімде бұны жәй ғана қызығушылық деп қабылдағаныммен, өсе келе өнер менің өміріме айналды. Осылайша, қылқаламға деген құмарлық мені бала күнімнен баурап алды. Ал суретшілікпен кәсіби тұрғыда айналысуым училищеде оқып жүргенде басталды. Әрине, мектепте де көптеген іс-шараларға атсалысып, шеберлігімді шыңдап жүретінмін. Бала күнгі арманымды жүзеге асыру мен суретшіліктің сан қырлы құпиясын ашу үшін училищеде көп іздендім. Менің құмарлығымды одан сайын арттыра түскен елімізге белгілі суретшілер Кенжебай Дүйсенбаев, Халиолла Ахметжанов, Серік Мүбәракұлы, Қадыр Каметов және басқа да ұстаздарыма алғысым шексіз.
– 18 жасыңыздан бері суретшілікпен айналысып келе жатырсыз. Сол кездегі туындыларыңыздың ішінде өзіңіздің көңіліңізге жақыны қайсысы?
– Шыны керек осы сұраққа келгенде сәл тосылып қалатыным бар. Мен үшін кез келген туындым бағалы. Бүгінге дейін өмірге келген 1000-ға жуық туындының барлығы да өзіндік ерекшелігімен құнды. Олардың арасында халықтың қошеметіне бөленіп, сәтті шыққан туындыларым аз емес. Десе де, кейде барлығына дерлік көңілім толмайды, әлі де шикілеу сияқты көрінеді. Өзімнің көңілімнен шығатын, өзіме ұнайтын туындыны алдағы уақытта салатын сияқты болып тұрамын.
Одан кейін бәсекелестіктен қашамын. Байқауларға қатысуды да жаным сүймейді. Себебі, өнер әлемінде ол мейлі көркемсуретші, мүсінші болсын, оның өзіне ғана тән тілі, ерекшелігі бар. Ал оларды бір-бірімен салыстыра отырып бағалау өнерге жат нәрсе. Мен өз туындыларымды сатпаймын. Бір суретшілер бар, туындысын жүрекпен орындайтын. Ондай туындылардың бағасы ақшамен өлшенбейді. 2002 жылы мемлекеттік Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында өткен көрмемде Қытайдан, Германиядан келген өнертанушылар 5-6 туындымды жоғары бағалап, сатып алды. Ал жалпы, өзім арнайы баға қойып, сатқан емеспін. Өнер адамдарының туындылары мұражайдың «Алтын қорына» қойылып жатса, сол біз үшін үлкен жетістік. Бүгінде республикамыздың орталық мұражайында, Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында, облыстық және аудандық мұражайда бірнеше туындыларым қойылған. Міне, бұл менің жұмысыма берілген жоғары баға деп білемін.
– Жамбыл жұртшылығы есіміңізді жақсы біледі. Облыс орталығында жиі көрме ұйымдастырып тұрасыз ба?
– Әрине, туындыларын ел назарына ұсыну кез келген өнер адамының басты арманы ғой. Ондай ойым бар. Бұған дейін әулиеаталықтарға арнап төрт рет көрме ұйымдастырғанмын. Ал Тараз қаласының 2000 жылдығына арналған кең көлемді көрмем 2002 жылы Әбілхан Қастеев атындағы мұражайда өтті. Онда 120-ға тарта туындым көрермен назарына ұсынылды. 2008 жылы «Тұғыр» атты көрмемді оңтүстік астанамыздағы Қазақстан орталық мұражайында өткіздім. Көрменің бұлай аталуының да өзіндік себептері бар. Мені өмірге алып келген туған жерім – Шу өңірі менің алғашқы тұғырым болса, өнерге деген құштарлығымды оятқан мектебім – екінші, соңғысы – шеберлігімді шыңдаған көркемсурет училищесі. Үшеуінің де мерейтойы сол кезбен тұспа-тұс келгендіктен, көрмемді осылай атағанды жөн көрдім. Сондай-ақ, Шу ауданының 80 жылдығына орай, төрт тағаннан тұратын «Махаббат бағы» деген үлкен мүсіндік композициямды туған жеріме сыйға тарттым. Туындының бұлай аталуының себебі, шығыс философтарының пайымдауынша, махаббаттың формуласы төрт бағыттан тұрады екен. Алғашқысы жан қалауы, сана қалауы, тән қалауы және отау құрғандағы махаббат бағы. Осы төртеуі бір туындыдан үйлесім тапқандықтан, осылай аталды. Одан кейін табиғи тастан жасалған 9 мүсіндік композициямды да сыйға тарттым. Оның барлығы аудан орталығындағы саябақта тұр. Мен ылғи да мақтанамын. Себебі, өзге өнер иелерінің көрмелері жыл-он екі айда бір рет өтіп тұрса, менің көрмем күн сайын өтіп тұрады. Неге десеңіз, менің туындыларым халықтың ортасында.
Көрме туралы сөз қозғаған екенбіз, бір қызық жағдайды айтайын. 2002 жылы Әбілхан Қастеев атындағы мұражайда көрме өткізгенімде ұйымдастырушылар «Аға, кешіріңіз бұл жерде сізден де мықты суретшілер көрме өткізді. Бірақ, қанша шақырғанымызбен ешқандай да БАҚ өкілдері келмейді» деді. Кейіннен аудандық Мәдениет үйінің басшылары маған жазып берген мінездемеде менің аудандық жігіт сұлтаны байқауына қатысып, онда домбыра тартқаным жазылыпты. Соны көрген ұйымдастырушылар «Аға, көрмеңізді домбырамен ашсаңыз қалай болады. Көптен бері осылай өткізсек деген ойда жүр едік» деді. Сосын «Өзім де осылай жоспарлап келгенмін» дедім. Содан жүгіріп кеткен ұйымдастырушы қыз араға уақыт салып сүйіншілеп келіп тұр. «Аға, көрмеге 9 телеарна келетін болды» дейді (күліп). Сөйтсем, бұған дейін еліміздегі музейлерде өткен көрмелердің ешқайсысы домбырамен ашылып көрмеген екен.
– Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесі өтіп жатыр. Айтулы шараға өз туындыларыңызды ұсыну ойыңызда бар ма?
– Әрине! ЭКСПО-2017 көрмесі – еліміздің әлемдік аренадағы өз беделін көрсете алатын ауқымды шара. Осыған байланысты сол көрмеге өңірімізден баратын «Тараз-Астана» көрмесіне шақырту алдым. Алла қаласа, көрмеге өз туындыларымды қосып, одан кейін елордамыз Астана қаласында үлкен көрме өткізу ойымда бар. Ол көрме Елбасының «Мәңгілік Ел» стратегиясымен сабақтас болады. Өйткені, менің туындыларымның бас бөлігі тарихи дүниелерге негізделген. «Астымызда қара жер, төбемізде көк аспан, ортасында көк түрік мекен еткен» деп бабаларымыз айтып кеткендей, Елбасының «Мәңгілік Ел» стратегиясы да бабалар аңсаған «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру болып табылады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері халықтың саяси сауаты артты. Ендігі меже – рухани сауатымызды ашу. Бұл жөнінде Елбасы елімізге танымал, тәуелсіздік жолында еңбек етіп жүрген азаматтарды өскелең ұрпаққа үлгі ретінде көрсетуді жолға қойған болатын. Сол арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу керек деді. 2015 жылы Елбасының ұлықтау рәсіміне арнайы шақырту алдым. Сол кездегі Елбасының өнер адамдарымен кездесуінде: «Патриоттық тәрбиені өнер адамдарына жүктеймін» дегені әлі есімде. Бұл – бізге жүктелген үлкен жауапкершілік. Мен туған жерге туын тіккен азамат ретінде осы үдеден шығу үшін еңбек етіп жатырмын деп ойлаймын.
– Ізіңізді жалғайтын шәкірт тәрбиелеп жатырсыз ба? Жалпы өңірімізде сізге қарап бой түзеп жүрген жастар бар ма?
– Өнер мектебінің директоры болып тұрған шағымда көптеген шәкірт тәрбиеледім. Қазір олардың көбісі республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып жүр. Менің ең зейінді шәкіртім Суретшілер одағының мүшесі, Тұңғыш Президент қоры сыйлығының иегері – Нұржан Сауытбеков. Ол облыста осы сыйлыққа ие болған алғашқы адам. Нұрлан Қоңырбаев деген де талантты шәкіртім бар. Ол мүсін саласының шебері. «Ұстаздан шәкірт озар» деген осы шығар, кей кездері білмеген жерлерімді содан сұраймын (күліп). Бұлардан басқа да бейнелеу өнеріне бет бұрған жандарға ағалық ақылымды айтып, жөн сілтеп жатамын.
– Өзіңіз білетіндей, суретшінің немесе қолөнершінің халық арасында танылып кетуі, өнердің басқа салаларына қарағанда қиындау екені белгілі. Ал сізді халыққа танымал еткен не?
– Мен өзімнің өнер саласындағы төлқұжатымды «жан-жақтылық» деп айтар едім. 4 бағытта жұмыс істеймін. Оның біріншісі – кескіндеме (графика), екінші – сыр шырай (живопись), үшіншісі – сумен жазу (акварель) және соңғысы – мүсін. Мені халыққа танытқан да осы жан-жақты өнерім шығар деп ойлаймын.
– Өнердегі төлқұжатым «жан-жақтылық» деп қалдыңыз. Басқа қандай қырларыңыз бар?
– Пайғамбарымыз (с.а.у) айтады: «Адам ағзасын бұзатын да, көркейтетін де бір кішкентай ғана ет бар. Ол еттің аты – жүрек, жүрек Алланың әмірінде», – дейді. Сол секілді жүрегім нені қалайды, соны жазамын, соны саламын. Тағы бір айта кетерлігі, мен аудандық Шу өңірі газетінің белсенді тілшісімін. 1991 жылы сол газетке «Болар бала» деген алғашқы карикатурам жарық көрді. Газеттің бас редакторы болған Ахметжан Қосақов мені арнайы шақырып, бірге жұмыс істеуге ұсыныс білдірген. Ол кісі ауданның белгілі азаматтарына достық әзіл-өлең жазса, мен соған сурет салып беремін. Нәтижесінде 500-ге тарта туынды дүниеге келіпті. Міне, содан бері ширек ғасыр өтсе де, сол басылыммен әлі күнге бірлесе жұмыс істеп келеміз. Менің бағымды ашқан да осы «Шу өңірі» газеті. Газетте жүріп шыңдалғандықтан болар, 2014 жылы «Сенің таңдауың» атты республикалық карикатура сайысына қатысып, бас жүлде алғаным.
Сурет, мүсін саласынан бөлек, өлең және ән жазамын. Елбасының бастамасымен құрылған «Жас Ұлан – Жас Қыран» балалар қоғамдық ұйымы бар. Соларға арнап жазған «Біз жас Ұландармыз» әнім бүгінде облыс көлемінде айтылып жүр.
– Кез келген өнер адамы үшін шабыттың алатын орны ерекше. Ал суретшілер қауымына шабыт қалай келеді?
– Біреулер шабыт ұйықтап жатқанда немесе ашуланғанда келеді деп айтып жүр ғой. Мен бұның бірде-біріне сенбеймін, себебі – мен материалист адаммын. Керек десеңіз, шабыт дегеніңіз келмейді де. Ол тек адам талмай еңбектенгенде, өзін-өзі қамшылағанда ғана туатын тылсым бір күш. Мәселен, карикатураны алайық. Оны бірден отырып, шабыт келді екен деп сала салу деген ешқашан болған емес. Көптеген зерттеулерді, уақытты талап етіп, одан кейін ғана туатын дүние. Мүсіншіге, əрине, шыдамдылық керек. Оны жасау үшін бірнеше этаптан өтесің. Бір этаптың өзі бірнеше апта, күннен тұрады. Одан кейін айтайын деген ойыңыздың өресі кең болу керек. Өйткені, өнер адамы өз дүниесі арқылы барша адамзатты тəрбиелейді.
– Енді болашақтағы жоспарларыңызға тоқталып өтсеңіз. Біз сізден қашанда көрерменнің көзайымына айналатын тың туындылар күтеміз.
– Әрине, шығармашылық адам «жеттім, болдым» демеуі керек. Бір белесті бағындырып саябырсып қалсаңыз, ол өнеріңізге, ең ақырында өзіңізге жасалған ең үлкен қиянат болады. Сол себепті, мен әлі күнге дейін үнемі ізденіс үстінде боламын. Алдағы жоспарларым да өте ауқымды. Үлкен-үлкен жобаларды қолға алып жатырмын. Одан кейін ғаламтор-көрмесін ұйымдастыруға бет бұрып жүрмін. Неге десеңіз, мұражайларда өткізген көрмеге санаулы ғана адам келетін болса, ғаламтор желісіндегі көрмені бір мезетте миллиондаған көрермен тамашалай алады.
– Қали аға, сөз соңында, отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз. Өнер адамы болғандықтан сіз үнемі ізденіс үстінде жүресіз. Қала берді бір туындыны дүниеге әкелу үшін көп уақытыңызды жұмыста өткізуіңізге тура келетіні белгілі. Тіпті, күні-түні еңбектенетін кездеріңіз де аз емес шығар. Осындай сәттерде отағасы ретінде отбасыңызға қаншалықты көңіл бөлесіз?
– Иә, әрине. Тіпті, кей туындыларды толық орындап шығу үшін 5-6 жыл уақыт кетеді. Айтып өткенімдей, оның бәріне төзімділік қажет. Қарапайым тіршілік қамытын киген қазақпын. Отбасым жайлы айтатын болсам, жарым – Зәуре өнер саласынан алыс емес. Екеуміз студенттік күндердің қызығын бірге өткергенбіз. Менің туындыларымның алғашқы көрермені де, сыншысы да сол. Бүгінде бес қыз, бір ұлдың әкесімін. Жалпы, қыз бала әкесінің қасиетін бойына дарытып өседі деген тәмсіл тегін айтылмаса керек-ті. Қыздарымның барлығы осы өнер саласына бейім болып өсті. Біз дарынды және қабілетті деп айтып жатамыз. Негізінде, кез келген адам қабілетті. Ол сурет те салады, ән де айта алады. Ал дарындылық табиғаттан берілетін нәрсе. Мектепте оқитын қызым дарынды болмаса да қабілеті жаман емес. Қазір сурет салудан аудандық, облыстық байқауларға қатысып, біраз жетістіктерге жетіп жүр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Суретші, мүсінші Қали ҚОРАЛАСБАЕВ:
Сұхбаттасқан Ерғали ҚАРТАЙҒАН.
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді