«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«АСТАНА» БҮЛДІРШІНДЕРІ БАҚЫТ ТЫ

«АСТАНА» БҮЛДІРШІНДЕРІ БАҚЫТ ТЫ
ашық дереккөз
«АСТАНА» БҮЛДІРШІНДЕРІ БАҚЫТ ТЫ

Қалалар мен аудан орталықтарында, елді мекендерде Астана қаласының атымен аталатын нысандар күн санап артып келеді. Тұрғындардың бас қалаға осылай тарту жасағысы келетін шығар, бәлкім. Қалай десек те, Елорда – тәуелсіздік жылдарында салған тұңғыш әрі бірегей шаһар. Ал сәулетіне келбеті сай ғимаратты жас қалаға теңегіміз келетіні – жаңалыққа, жақсылыққа құштарлығымыздан болса керек. Міне, осындай нысандардың бірі – Шу қаласындағы «Астана» балабақшасы. Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында айтылған балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуге бағытталған «Балапан» арнайы бағдарламасы шеңберінде Іргетасы 2012 жылы қаланған ғимарат 2013 жылдың қаңтарында бөбектердің игілігі үшін пайдалануға берілген. Айта кету керек, аталған балабақша аудандық мәслихаттың депутаты Ким Никонның бастамасымен қолға алынған. Бұл оның мектеп жасына дейінгі балаларға жасап жатқан алғашқы қамқорлығы емес. Ол бұған дейін де бірнеше балабақша салуға ұйытқы болып үлгерген. Туған жеріне деген сүйіспеншілігін осылай білдірген Ким Маркович осы мектепке дейінгі мекемені бас қаланың құрметіне «Астана» деп атауды жөн санапты. Сол жылы кезегін күткен екі мен алты жас аралығындағы бүлдіршіндердің 200-ге жуығы «Астананың табалдырығын аттаған. Олардың алды бүгінде мектепке барып жүр. Мұнда алты топқа бөлінген балаларға 20 тәрбиеші тәлім-тәрбие береді. Жалпы балабақшадағы қызметкерлер саны 44 екен. «Астанада» әрбір баланың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Екі қабатты, заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимаратта ойын бөлмелері, оқу сыныптары, хореография, музыка, дене тәрбиесі, бейнелеу өнері залдары және басқа да тұрмыстық-қызметтік бөлмелер бар. Ауладағы ойын алаңына күркелер орнатылған. Барлық алаңдарға құм төгілген, орнатылған сырғанақтар мен әткеншектер де әдемі безендірілген. «Астана» балабақшасының ашылғанына аз ғана уақыт болса да, жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Атап айтсақ, 2015 жылы республикалық «Үркер» марафонында балабақша тәрбиеленушісі Досжан Аманжол мен Алдияр Аңламас жеңімпаз атанса, ұстаздары зияткерлік орталықтың Алғыс хаттарымен марапатталған. Үстіміздегі жылы «Алғыс айту» күніне орай ұйымдастырылған «Алғысым шексіз, сіздерге» атты аудандық сайыста «Астана» ұжымы бірінші орыннан көрініп, облыстық сында жүлделі үшінші орынға ие болыпты. Сондай-ақ, жақында аталған балабақша тәрбиешілерінің еңбектері «Білім беру жүйесіндегі жаңаша бағыттардың тәжірибелік негіздері» атты республикалық ғылыми жинаққа енгізіліпті. Міне осылайша, «Астана» атына заты сай көрсеткішке қол жетікізіп отыр.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар