«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сарып ауруынан сақтаныңыз!

Сарып ауруынан сақтаныңыз!
ашық дереккөз
Сарып ауруынан сақтаныңыз!

Сарып (бруцеллез) – малдан (қой, ешкі, ірі қара мал, шошқа) адамға жұғатын дерт. Жүйке, тірек-қимыл, қан-тамыры жүйелерін зақымдайды. Бұл ауру созылмалы түрде өтеді әрі соңы мүгедектікке апарып соқтыруы ықтимал. Аурудың алғашқы белгілері жұқтырғаннан кейін 7-30 күн ішінде, кейде 1,5-2 айда біліне бастайды. Оған шалдыққан адамның дене қызуы күрт көтеріліп, 38-39 градусқа дейін жетеді, қалтырап тоңады, қатты терлейді, асқа тәбеті төмендеп, әлсізденіп, жүдейді, буындары сырқырап, басы ауырады. Сырқаттың мойын, тамақ, қолтық, шап бездері шошып, ауырып, жүрек соғысы баяулайды, қан қысымы төмендейді. Аурудың жоғарыда айтылған клиникалық белгілері байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн. Сырқаттың өз бетінше ем қабылдап, дәрі-дәрмек ішуіне болмайды. Дер кезінде дұрыс диагноз қойылуына кедергі жасап, сарыптың созылмалы түріне апарып соқтыратын бірден-бір жол да осы. Қазіргі таңда сарып ауруын қоздырушы бактерияның 6 түрі белгілі, оның ішінде қой-ешкі (Bruzella melitensis), ірі қара мал (Bruzella abortus), шошқа (Bruzella suis). Тағам ретінде жиі қолдануымызға байланысты, адамға осы үш түрінің паталогиялық маңызы зор. Егер малдар бір қорада тұратын болса, сарыппен ауырған қой-ешкіден сиырға Br. melitensis жұғады (бруцелланың миграциясы). Сарып бруцелласы қоршаған ортаға өте төзімді. Сұйық заттарда 60 градусқа дейін қыздырғанда 30 минуттан кейін, қайнатқанда қолма-қол жойылады, ал 90-95 градусқа дейін құрғақ қыздырса микробтар 1сағат ішінде жойылады. Бруцеллалар таза суда 76 күн, шикі сүтте 40 күн, уызда 1-2 ай сақталады. Майда, қаймақта, айранда ұзақ өмір сүреді. Шикі етте, жүнде, теріде 3-4 ай, топырақта, малдың қиында 6 айға дейін сақталады. Сарыппен көбінесе мал шаруашылығында жұмыс істейтін адамдар ауырады. Олар: мал дәрігерлері, шопандар, бақташылар, сауыншылар, қасапшылар, сақпаншылар. Сондықтан сарып – кәсіби ауру деп саналады. Сонымен қатар, тұрғындар термикалық залалсыздандырылмаған ауру малдың ет, сүт және сүт өнімдерін тағам ретінде пайдаланған жағдайда ауырады. Сарыптың алдын алу шаралары өте қарапайым. Бірінші кезекте барлық жеке меншік және қоғамдық малды ветеринарлық тексеруден өткізіп, сарыпқа ектіру керек. Мал шаруашылығы саласында еңбек ететін адамдардың мал төлдету науқанына дейін дәрігерлік бақылаудан өтуі қамтамасыз етілуге тиіс. Ал мал төлдету кезеңінде арнайы киім-алжапқыш, резеңке етік, қолғап қолдану да ұмытпаған жөн.

Әсел Айдарбекова, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы.

Т. Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар