Қазақтың пешенесіне жазылған жазмыштың оңай болмағаны баршамызға мәлім. Енді міне, шекарасы шегенделіп, төрткүл дүние тегіс мойындаған Қазақстан – жаңа дәуір кеңістігіне аттап отырған тұста Елбасы Қазақстан жаңғыруының Үшінші кезеңіне өткенін жалпақ жаһанға жария етті. «Қазағым», «елім», «жерім» деп өзегі өртеніп өткен батыр бабаларымыз, асыл аналарымыздың аруақтарын ардақтап ас беріп, құран бағыштадық. Азаттық жолында қыршын кеткен алаш азаматтарын құрметтеп, ескерткіш-монументтер тұрғыздық. Кезінде елу жыл ел басқарған Дінмұхаммед Қонаевтың «Тірі адамдар өлгендердің көзін жабады, ал өлгендер тірілердің көзін ашады» деген аталы сөзі бүгінде жиі еске түседі. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында елімізді әлемге тағы бір әйгіледік. Қазақтың пешенесіне біткен Ұлы Дала не көрмеді? Кезінде Дулат ата ұлысбегілік құрған жер жәннаты Жетісуға патшалық Ресей қиянат жасағанын тарихтан жақсы білеміз. «Сабақты ине сәтімен» деген. Елбасы айтқандай, сананы уақыт талабына сай бейімдеу, рухани жаңғырудың сүзгісінен өткен ұрпақ пен ұлт ыңғайына бағындыру аса маңызды мемлекеттік мәселе. Ұлы Дала Елінің оңтүстік-шығыс өңірінде соңынан 2,5 миллионнан астам ұрпағын қалдырып бақиға кеткен Сиқым, Жаныс, Ботпай, Шымыр әулеттерінің түп аталары Дулатты да еске алатын сәт жеткен сияқты. Бәйдібек ата мен Домалақ ананың немересі, Жарғышақ (Тілеуберді) пен Бибіпәтима ананың ұлы Дулаттың киелі Құланда жерленгендігі жайлы 2000 жылдан бері аңыз боп жеткен деректер ғылыми тұрғыдан сәйкестік тауып, «Дулат баба» қоғамдық қоры жұмыс атқарған-ды. Сөйтіп, 2015 жылы Алматыдағы Ә.Марғұлан атындағы, Мәскеудегі Миклух Маклай атындағы, Венгриядағы археология, антропология ғылыми зерттеу институттары берген экспертиза қорытындыларының нәтижесінде зерттелген сүйектің Дулат баба өмір сүрген уақытқа сәйкес келетіні дәлелденді. Мәйіттің сүйегі ХІІІ-ХІV ғасырда өмір сүріп өткен орта жастан жоғары ер адамға тән екені анықталды. Осы іс бізді «Дулат баба» қоғамдық қоры иелерін қозғалысқа келтіріп, «Каспий банк» пен «Халық банкінен» есепшоттар аштырып, әрекетке бастаған еді. Мамандарға кесене жобасын дайындатқызып, «Қайқы» шаруа қожалығының жерінен кесене түсетін орынның жер көлемін анықтадық, құрылыс жүргізетін архитектор Көпбол Демесінұлы сынды маманның құрылыс бригадасымен шарт жасастық. Кесене құрылысының биіктігі 17 метрді құрайды. Бүгінде кесененің іргетасы құйылып, қабырғалары көтерілуде. Қажетті құрылыс материалдары да жеткілікті. Жұмыс күші қамтамасыз етілген. Құрылысқа қолұшын созуға ниет білдірген баба ұрпақтары өз еріктерімен қорға қаражаттарын құюды жалғастыруда. Олардың ішінде Аққойлы руының қариясы Сағи Ибрагимов, Сәтжан Мамырбаев, Шәкен Көлбаев, Сембек Сейдазимов, Наурыз Шуақбаев, Ғалия Сәрсекей сияқты өзге де иманды азаматтар бар. Қоғамдық қор бастамасымен 45 адам қатысқан басқосуда бірауыздан кесене соғуды қостап, пәтуа жасап едік. Құдайға шүкір, азаттықтың ақ таңы атып, бүкіл әлем алдында Қазақ елі көк Туын көкке көтеріп, өшкенін жандырып, жаңасын жарқыратып жатқан заманымызда қалың қауым Дулат бабаның да рухына лайық құрмет көрсетуді, Мәңгілік Елде мәңгілік белгі орнатуды көксепті. Көсегелері көгеріп, ата-баба аруағы қолдай берсін.
Ақжақ қажы Райымқұлов, «Дулат баба» қоғамдық қорының құрылтайшысы.
Т. Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді