«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Адамзат ты емдейді ақ желеңді абзал жандар

Адамзат ты емдейді  ақ желеңді  абзал жандар
ашық дереккөз
Адамзат ты емдейді ақ желеңді абзал жандар

Қай кезде де адамзаттың денсаулығына жауапты тұлға – дәрігерлер. Талай тамырға қан жүгіртіп, мыңдаған жүрекке үміт сыйлаған ақ желеңді абзал жандардың еңбегін соншалық көркемдеп айтудың өзі аздық етеді. Оларға көрсетілер құрмет те шексіз. Осыдан болса керек медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі өңірімізде сән салтанатымен аталып өтті. Тараз қалалық Мәдениет үйінің алдына қаз-қатар қойылған 10 жаңа санитарлық автокөлікті көргенде салаға жасалып жатқан қамқорлықты сезіне түстік. Мереке аясында бұл автокөліктердің кілтін облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов облыс әкімінің атынан он денсаулық сақтау мекемесінің бас дәрігерлеріне табыс етті. Жалпы, өңірімізде мұндай санитарлық автокөлік 28 мекемеге беріліп, бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 211 миллион теңге қаражат бөлініпті. Ал облыстық денсаулық сақтау мекемелерін жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге биыл 2 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты. Облыстағы 408 медициналық мекеменің 14-і жаңадан салынса, 12-сі күрделі жөндеуден өтіпті.

Жаңа санитарлық көліктің кілтін иеленіп, көңілі тасыған дәрігерлер өздерінің бір топ әріптестерімен бірге қалалық Мәдениет үйінің мәжіліс залына қарай беттеді. Мұнда медицина саласы қызметкерлерінің төл мерекесіне орай салтанатты жиын өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов ақ халатты абзал жандарды төл мерекесімен құттықтап, сала қызметкерлерінің уақытпен санаспайтын өлшеусіз еңбегін жоғары бағалады. «Денсаулық – зор байлық» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Адам жанына арашашы болған ақ желеңді абзал жандардың қоғамның дамуына қосып отырған еңбегі қомақты. Елбасы барлық Жолдауларында медицина саласының дамуына ерекше назар аударып келеді. Тәуелсіздігімізге қол жеткен ширек ғасырдан астам уақыттан бері басқа салалармен қатар еліміздің медицина саласы да жедел дамыды. Ота жасаудың жаңаша озық тәсілдері отандық медицинамызға да еніп, оның игілігін қарапайым тұрғындар көріп отыр. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы денсаулық саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгін міне, бірнеше мекеменің жаңа автокөлікке қол жеткізіп отырғаны осы сөзімізге дәлел. Биыл 1 шілдеден бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе әлемнің озық елдерінің барлығында бар әрі өзінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген. Мұны қарапайым тұрғындардың денсаулығын жақсартуға жасалған медициналық көмек, тұрғындардың орташа өмір сүру жасын ұзартуға негізделген қадам деп түсінгеніміз жөн, – деді облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Райлұлы. Сондай-ақ, ол бірқатар медицина қызметкерлерін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Келесі кезекте сөз алған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тлеухан Әбілдаев әріптестерінің күндіз-түні тынымсыз атқарған жұмыстарын ерлікке балады. Ол елімізде қабылданған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар дәрігерлер мен мейірбикелердің ерен еңбегімен жүзеге асатынына тоқталып, бұл саланың қиындығына төзуді батырлық деп бағалады. Сондай-ақ, Тлеухан Шілдебайұлы Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен бірқатар әріптестерін марапаттады. Бұл медаль өңірімізге белгілі ғалым дәрігерлер Оразқұл Досқұловқа, Төленбек Сәуірбаевқа, Сағындық Ордабековке тапсырылды. Бұдан бөлек бірқатар озат қызметкерлер «ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісін кеуделеріне тақты. Жиын соңы облыс өнерпаздарының концертімен жалғасты. Олардың арасында жерлесіміз, елімізге танымал өнер жұлдызы Әлішер Каримов те ән шырқады.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан, Виктор Барбаш.

Есет досалы,

«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар