Ұлы Дала Елі ата-баба ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің бесігінде тербелгеніне ширек ғасырдан сәл асқан мезгілде жас Қазақ мемлекетінде ұлтының бағына туған, ұрпағының маңдайына біткен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында өсу мен өркендеу, даму мен гүлдену жолдарынан өткен қарқынды қадамын әлем мойындағаны тарихи шындық. Егемендіктің елең-алаң алғашқы сәттерінде-ақ халқымыздың небір қилы «тар жол, тайғақ кешуді» басынан өткерген шежірелі тарихымызға Ұлт Көшбасшысының бет бұруға бағытталған ұлы істерінің арқасында өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Осы тұста кешегі ат үстінен түспей, тақымын босатпай, терлігін құрғатпай Алтайдан – Атырауға, Сарыарқадан – Қаратауға, Жетісудан – Баянауылға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр даласының ұлтарақтай жерін бетпе-бет келген жаулардан қорғау жолында білек түріп айқасқан батыр бабаларымыз бен дархан даласына әділ төрелік орнатқан берен билеріміз Төле, Қазыбек, Әйтекелердің ұмыт бола бастаған ұлы есімдері ұрпағымен қауышты. Жетпіс жыл бойы толассыз үстемдік жүргізген ақ боран, қызыл дауыл саясаттың салдарынан тәуелсіздік деген ұғымды тау асырып, еркіндік деген еркін ойды бел асырған кеңес өкіметінің билеп-төстеу әрекеттерінің «шапағатты» азаттыққа ұмтылған қазақ халқын да айналып өткен жоқ. Ал азаттық деген асыл сөз, тәуелсіздік деген тәтті ұғым десек, бұл кешегі еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып, қар жамылып, мұз жастанған батыр бабалардан қалған бағаналы сөз. Біз ғасырлар бойы аңсап, еркіндікке қолы жеткен, арман-мұраты ізгілікпен өрілген, сайын даласынан салтанаты тарқамаған, тайқазаны ортаймаған қазақ деген байтақ ел, дария көңіл, текті де дана халықпыз. Сондықтан тәуелсіздікпен бірге тыныстаған біз осы жылдары елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті, рухы биік руханият пен қажырлы еңбек үлгісін қалыптастырдық. Төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабаларымыздың «Мәңгілік Ел» мұратын жаңғырттық, жібек жіптей жалғасқан ұрпақтар сабақтастығын қайта жалғадық. Шын мәнісінде, осындай игі істердің барлығы ұлт егемендігінің жемісі мен жетістігі деп қабылдауымыз аса қажет. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуірінде еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы барша отандастарымыздың көңілінде жүрген дүниелерді дөп басып, алға қарай жүрудің жолын көрсетті. Ұлт Көшбасшысының тарихи еңбегіндегі «Туған жер» бағдарламасы – елдік пен бірліктің отын жағып, өткен тарихымыздың жаңа дәуірдегі жаңа биіктерін айқындап, топырағы киелі туған жермен байланысты бекіте түскендей. Осы тұста жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ соңғы демі таусылғанша елін қорғаған, жерінің тыныштығын сақтауға аянбай атсалысқан батыр бабаларының есімдерін білуі, оны қадір тұтып, құрметтеуі бүгінгі қоғам алдында тұрған аса жауапты іс деп білемін. Міне, сол тұйықтың түндігін ашқан тәуелсіздік бүгінде халқымызға Тәңір сыйлаған құт-берекеге ұласып отыр. Жалауы желбіреген осынау жиырма бес жылдан астам уақытта қазақ халқы аңсағанына жетіп, көксегенін көрді, өткенінің өкінішін жуып, тарихтың қателігін жөнге келтірген ғаламат істер мен телегей-теңіз тірліктер атқарды. Тас бұғаудан босанған тәуелсіздік ұлтымыздың тынысын ашып, бүгінде жерұйықтың қайнар бұлағынан сусындаған ұясы жылы ұлт болдық, бірлігіміз бен татулығымыздың арқасында шаңырағымызға азаттықтың ақ құсы қонған ұлан-ғайыр ел болдық. Бүгінгідей үсті дәнге, асты кенге толы кең-байтақ жері, терең қазыналы тарихы бар қазақ елі шын мәнінде жұлдызы жанған бақытты халыққа айналды. Алайда, бұл бақыт бізге оңайлықпен де, өздігінен де келген жоқ. Әр ғасыр, әрбір дәуір қазаққа сыны мен сынағын қатар жіберуден танбаған. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тұсында жат жұрттың қыспағына түсіп, халқымыз ошағы мен Отанынан айырылып қалудың аз-ақ алдында қалған. Ел басына күн туған сол бір алмағайып замандарда бүкіл қазақ халқы бірігіп, тізе қосуы арқасында Орбұлақ пен Аңырақайдағы тарихи маңызды жойқын жеңістер Азаттықтың ақ туын көтерумен басталған. Бұл жолда ұлтының өркениетін сақтап қалуға ұмтылған батыр бабаларымыздың қайсар мінезі, қайтпас жігері мен асқақ рухы жатқандығы қазіргі қоғамға тарихи жылнамалардан аян. Ал ХХ ғасырдың соңына қарай арайлап атқан таң ел тәуелсіздігі бұрын-соңды ұлт тарихында болмаған орасан зор оқиғаға қол жеткізіп, бүгінгі ұрпақ Қарасай мен Бөгенбай, Қабанбай мен Қойгелді, Көшек пен Сыпатай, Саңырық пен Сәмен, Бөлтірік пен Биназар сынды халқымыздың қалқанды қас батырларының есімдерін мақтанышпен айтып, рухтарына тағзым етті. Елінің қамын жеп, халқының тағдырын әріден ойлаған, жоңғардың әскеріне қарсы сап түзеген батыр бабаларымыздың алдыңғы қатарында дарабоз тұлға Қосы батыр Сәмбетұлының да есімі ерекше биікте тұр. Кемеңгер Қосы батыр бабаның ұлт пен ұрпақ алдындағы ұлы ерлік жолы ұлт тарихында алтын әріппен жазылып қалғаны ақиқат. Өз қатарынан ерте есейіп, анасының алтын құрсағынан шыққан үш ұлдың арасынан арда туып, он бесінде ат жалын тартып, үзеңгіге аяғын нық салып, қолына ұшты найзасы мен қайраулы қылышын алып атқа қонған, жоңғардың қалмақ, ойраттарымен шайқасқа бел шешіп кіріскен, жай отындай жарқылдаған қаһарлы Қосы батыр жиырма бес жасында байтақ еліне кеңінен танылып, «ақ боз атты, ақ сауытты, ақ найзалы, алмас қылышты хас батыр – Қосы батыр» атанғаны және Аңырақай шайқасына Қойгелді батыр бастаған қалың қолдың арасында мыңбасы болғаны төл тарихымыздан белгілі. Ақылы мен батырлығы, өжеттігі мен қайсарлығы, даналығы мен даралығы ел аузында қатар жүрген өр мінезді Қосы батырдың туған халқы көзінің тірісінде төбесіне көтеріп төбе би атаған Төле бидің сенімді серіктерінің бірі болғаны жайлы деректер де өте мол. Ел аузында Төле бидің: «Хоңтайшылар қонтиып, Қоқаңдай берме Қосыға. Қоқаңдай берсең Қосыға, Ағады қаның жосыла! Өлімнен Қосы қорықпайды, Бар құқайың осы ма?», – деген сөздері осы айтқандарымызға толық дәлел болары ақиқат. Өмірі өрттей болып өткен, есімі алты сан алашқа кеңінен тараған Қосы батыр атақты Бәйдібек бабадан тараған Сәмбеттің бесінші ұлы еді. Бала күнінен көпшіліктің көзіне түскен намысшыл Қосы 1685-1688 жылдары Оңтүстік Қазақстан жеріне бірнеше мәрте жорық жасаған қаскөй қонтайшы Батыр бастаған жоңғарларға қарсы шығады. Атажұртының тұтастығы үшін арпалысып, туған өлкесінің тыныштығы, ана мен баланың амандығы үшін аянбай күреседі. Бұл кезде болашақ батырдың небәрі он беске енді шыққан шағы еді. Сол сұрапыл шайқастарда басын бәйгеге тіккен, тұла бойын ыза мен намыс билеген Қосы батыр жаудың жағасын жыртып қана қоймай, қарапайым қазақтан тартып алып кеткен малдарын да еліне кері әкеліп, жұртының жоңғарға кеткен кегін қайтарған. Айдарлы ұлын құл етемін, тұлымды қызын күң етемін деген жоңғарлармен ұрыс даласындағы шайқастар оны шыңдай түсіп, оның бойында ұлтына деген, туған жеріне деген сүйіспеншіліктің сергек сезімі мен ыстық ықыласы қалыптасып, жүрек түбінде жауына деген қарсы берік рух орын алған. Жау жорықтарына бұдан әрі елу жыл аттан түспей, жоңғарды найзасымен түйреп, қылышымен қырған, жаужүрек те қаһарман Қосының ерлік жолы осылайша елі мен жерін қорғаумен жалғаса берген. Атойлап жауға шауып, көк байрағын қолынан түсірмеген Қосы батыр алпысында Аңырақай шайқасында ата жау қалмақпен болған жанқиярлық соғыста қазақтың ұлы батырларымен тізе қосып, үзеңгі соғыстырып, алмас қылышын қынабынан суырып, ерен ерліктің үлгісін көрсетеді. Түсінген жұртқа ерлік жолдары ел зердесінде сақталған Қосы батыр тарихы – барша қазақ халқының қасиетті тарихымен сабақтас жатқаны ақиқаттың шынар шыңында тұрғаны шындық. Қосы батыр жауынгерлік ерліктерімен қоса мәмілегер елші болып, елдік танытқан, халқына адал қызмет еткен жан. Атақты қолбасшы Бөгенбай батыр мен әділ сөздің иесі Төле би бабамыздың арнайы тапсырмаларымен кең-байтақ қазақ өлкесінің талай түкпірін шарлап, түрлі мәселелер төңірегінде келіссөздер жүргізген. Бір деректе 1741 жылы Еділ мен Жайықты жағалай қонған Атырау жері мен Ресейге арнайы барып, басқа түскен ортақ жағдайды терең түсіндіріп, ойын өткізіп, сөзін тыңдатып, Төле би мен Бөгенбай батырдың сенімін ақтап мият, яғни көмекке қосымша жасақ пен қару-жарақ алып келгені жайлы айтылады. Біз бұл жәйттерден Қосы батырдың бойындағы алуан қасиеттермен қатар, елшілік-мәмілегерлік қасиеттің де барын анық көреміз. 1724 жылдың күзінде Қосы батыр Хангелді батырдың ұлы Райымбектің жасағымен бірге шайқасады. 1730 жылғы Балқаш бойындағы Аңырақай шайқасынан кейін Қосы батыр қайда жүрсе де есінен, түн басса түсінен, күн шықса көз алдынан кетпейтін тау суындай тасып, көл суындай шалқып жатқан Таластың жағасы Түймекент баурайындағы туған өлкесіне сағынышпен қайта оралады. Заңғар батыр Тәңірдің берген жасын жасап, артында көп ұрпақ қалдырған жан. Сексен алты жасқа келіп, қазыналы қарттықты мойындаған шағында әкелік жолымен балаларына өз өтініштеріне сай қалаған еншісін бөліп беріп, той жасаған деседі бізге жеткен аңыз әңгімелерден. Солардың бірі, кейінгі әйелінен туған Қойайдар: «Бәйгеге шапқан шабандоз балалар «Қойайдар» деп шапсын, әке маған сол ұранды беріңіз» дейді. Ал өзін жоңғар тұтқынынан арашалап алып келген жоңғар әйелінен туған балаға есімін «әз ағам Төле би аты – «Араша» болсын деп ұйғарым жасап еді» деген батырдың Араша атты зерек ұлы ойын балаларының «Қалмаққұл» деген атынан алыстап, қалауы бойынша билікке барып би атанады. Атымтай мен Жылқыайдар атты перзенттері байлық пен берекеге бастау болар төрт түлікті таңдаса, Берсүгірі жоңғарды қырған батыр әкесінен сауыт-сайманы мен қара шаңырақты қалап, елде егіншілікті қолға алып, Талас өзенінің сағасынан бүгінге дейін ұрпағының кәдесі мен игілігіне жарап отырған «Сәмбет арығын» қаздырып, егін салып, аймақты суландырады. Осылайша, қазақ даласында ерлігімен ерекшеленген Қосы батырдың кіндігінен тараған ұрпағы өсіп-өніп, бейбіт еңбекке араласып, ғұмыр кешкен. Қосы батырдың жаз жайлауы Шаңқұдықта таспен өрілген, суы мол терең құдық төңірегінде болған екен. Ұлтының болашағы үшін қалмақтан беті қайтпай соғысқан қаһарман Қосы батыр бабамыз тоқсанның төріне шығып, абыз жасқа келіп сол жерде жан тапсырып, топырақ бұйырып, денесі осы құдық маңындағы қорымға жерленіпті. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» деген терең философиялық зердесі кейде ұлтымыздың ұлы батырлары сияқты Қосы батыр бабаның да заңғар таулар сынды әруағы бүгінгі ұрпағын желеп-жебеп, шуағы мен нұрын шашып тұрғандай кеудеңді ғажайып ой кернейді. Ал ғасырлармен таласа, дәуірлермен жарыса сынаптай сырғыған уақыт аясында заман ауысты, ұрпақ жалғасты, ел жаңарды. Бүгінде баба рухын аялап, құрмет тұтқан ұрпақтары тоқсан жыл өмірдің дәм-тұзын татқан, жаужүрек батырлығымен аламын деп келіп, ала алмай кеткен қалың жоңғардың мысын басып, ұрпағына бейбіт өмір сыйлауға ерекше үлес қосқан айбынды Қосы батырға Байзақ ауданы Қарасу ауылы орталығынан еңселі ескерткіш тұрғызып, зәулім мешіт үйін салды. Иманды серік еткен артындағы ұрпақтары батыр бабамыздың әруағына арнап ас берді, құран оқытып, дұға бағыштады. Қосы батыр есімі облыс орталығы Тараз қаласы мен Сарыкемер ауданындағы үлкен көшелерге берілді. Айтулы ғалымдар бекзат батырдың ерлік және өмір жолдарына зерттеулер жүргізіп, көптеген мақалалар мен ондаған кітаптар шығарып, берен батырдың қоғам білмейтін рухани кеңістігін толықтырды. Жақында ғана өмірден өткен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы-публицист Арғынбай Бекбосын ағамыз жауға жалауын бермеген Қосы батырдың ғажайып ерліктері мен өмірі жайлы шоқтығы биік тарихи деректеге негізделген зерттеу шығармалары мен пьеса жазды. Арғынбай ағаның қазақтың дастан өнері негізінде жазылған тағылымды туындысына белгілі композитор Марат Ілиясов Қосы батыр туралы сазды ән-дастан шығарды. Қосы батырдың есімі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шығарылған көп сериялы «Қазақстан тарихы» энциклопедиялық анықтамалығына енген. Сонымен қатар есімі өңірге кеңінен таныс, қаламы қарымды журналист Тұрсынхан Толқынбайұлының «Қосы батыр Сәмбетұлы және оның замандастары мен ұрпақтары» және «Сәмбет ұрпақтары» кітаптарын оқырманы жылы қабылдады. Осындай игі жұмыстардың ең басты мақсаты – ел ертеңі, ұлт болашағы, бүгінгі жастар тау тұлғалы Қосы батыр сияқты батыр бабаларының барша қазақ халқының болашағы үшін жасаған ерлік жолдарын ешуақытта ұмытпауына бағытталған жарқын істер. Ал халқының бейбіт өмірі үшін басын бәйгеге тіккен Қосы батырдың артында қалған ұрпақтары батыр атына кір келтірмей, ұлты мен халқына адал қызмет етті. Жауының алдында найзасы майыспаған, қылышы сынбаған Қосы батыр ұрпақтары негізінен облыстың Байзақ, Мойынқұм және Шу аудандары мен Алматы, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарын мекендейді. Олардың арасынан батырлар мен билер, ақындар мен қоғам қайраткерлері көп шыққан. Қойайдар, Дәуітәлі мен Мәңке билер, алып күштің иесі, жауырыны жерге тимеген атақты Балуан Шолақ, өрен жүйрік ақындар Үсіпәлі Қалыұлы, Өзбек Ақжолұлы, Сәрсен Жылысбайұлы, кешегі Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен Кеңес Одағының Батыры атанған, сұрмерген Ағәділ Суханбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Төребай Ақбозов, Жапар Түйебеков пен Жұмабек Сапаралиев, заңгер Оразалы Ақботаев, Парламент Мәжілісінің экс-депутаты, жазушы, журналист, драматург Арғынбай Бекбосын, Жамбыл облысының әкімі, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі қызметтерінде болған Бөрібай Жексембин, облыстың Шу және Байзақ аудандарын, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған Аманкелді Кәрентаев, Байзақ ауданында ұзақ жылдар іргелі шаруашылықтарға табысты жетекшілік еткен Өмірбек Бүтімбаев сынды есімдері республикамыз бен қасиетті Әулиеата өңіріне кеңінен танымал көптеген атпал азаматтар осы даңқы дара шыққан Қосы батырдың тікелей ұрпақтары. Маңдайына тобылғы сап қамшысының сабын тіреп, ат үстінде көз шырымын алған, кірпік ілмей келімсек жоңғарлардың зорлығына қарсы жойқын соққы беріп, белін жазып, тізе бүгуіне мүмкіндігі болмаған ұлтымыздың маңдайына біткен дүлдүл батырлары сияқты Қосы батыр да ұлт тұтастығын сақтау мен жайсаң даласына жау ізін салдырмаған жаужүрек батырлардың бірегейі. Дана халқымызда «Еліңді сүйсең, ерлік жасайсың» деген мәні мен киесі жоғары аталы сөз бар. Елін сүйіп, ерлік жасаған, қалың жұрттың үкілі үмітіне қылау түсірмей, абыз қариялардың аманат-батасын, ананың ақ сүтін айыроймен ақтаған, жүз жылға созылған жоңғармен болған алапат шайқастарда ең соңғы қанішер жауды жойғанша елу жыл қазақтың жусанды даласын ат үстінен түспей қорғаған Қосы батырдың құдіреті осындай болған. Біздің ұлы халқымызда ұлтымыздың қамы үшін өшпес ерлік көрсеткен, ұлт болып қалыптасу мақсатында халқына адал қызмет еткен қайраткерлер мен халқымыздың өнерін ұлықтауға шексіз үлес қосқан тарландарын әрқашан есте сақтаудың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дархан дәстүрі бар. Біз осынау бабалар бойынан тараған құндылықтардың жоғалмай келе жатқандығын ұдайы мақтан етеміз. Атамекенімізде қоңыраулы көштей үзілмей келе жатқан дара дәстүрдің Қосы батырға да қатысы болып отырғандығы замана шындығы. Ту ұстаған баһадүр батырдың кіндік қаны тамған, бүгінде оның ұрпақтары тұратын Қарасу ауылын айбыны асқақ, кескіні зор, сом тұлғалы Қосы батыр атымен атау туралы ұлтымыздың аяулы перзенттері, айтулы мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жергілікті мәслихат депутаттары тиісті органдарға бірнеше мәрте қайырылып, мәселе көтерген екен. Бірақ, түрлі себептермен бұл маңызы зор, мәртебесі биік іс кейінге қалдырыла берген. Ал ұлыларды ұлықтау, бабалар рухын асқақтату ұлт мерейі емес пе?! Оның үстіне, Қарасу атауының облысымыздың бірнеше аумағында барын ескерсек, Байзақтың Қарасу ауылын қазақ даласына мадақ болған Қосы батыр Сәмбетұлының атымен атау жөн секілді. Өйткені, ұлы бабаларымыздың артында «Елдің атын ер шығарады» немесе «Ерлік мәңгі ел есінде жүреді» деген өсиеті мол мақалдар қалған. Сол мақалдардың мазмұнымен ойымды сабақтастыра отырып, бүгінгі Қарасу ауылына кешегі қиянда халқының басына ауыр күн туғанда қол бастап, жоңғар шапқыншыларына қарсы қаһармандық ерлік көрсеткен, аты аңызға айналған Қосы батырдың атын беруді лайық деп есептеймін. Бұл жалғыз менің ғана емес, өңірдің көптеген зиялы қауым мен еңбек ардагерлерінің, оның ішінде, ел ағалары, ауыл тұрғындары мен жастардың да ортақ пікірі. Осылайша, қолға алынып отырған танымы мол, тағзымы бөлек іс алдағы уақытта өзінің оң шешімін табуына тиісті мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері қолдау көрсетеді деген сенімдемін.
Дәулетбай Есімбеков, Құрметті теміржолшы, облыстық мәслихаттың депутаты, Алматы облысы мен Шу ауданының Құрметті азаматы.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді