Мемлекет басшысы халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев барша жұртты Астанада халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің ашылуымен құттықтады. Елбасы 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысқан ЭКСПО көрмесін Қазақстанның ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасынан бірінші болып өткізіп отырғанын атап өтті. – Біздің өтінішімізді және ұсынған тақырыбымызды қабыл алғандары үшін барлық елдерге ризашылығымды білдіремін. Осындай ауқымдағы көрме – бір мемлекеттің ғана атқарған ісі емес, бұл – осында өз жетістіктерін көрсетуге келген халықаралық қоғамдастықтың еңбегі. Астанадағы ЭКСПО халықаралық көрмесі – жаһандық кеңістікте елімізді танытудың және «Қазақстан» ұлттық брендін ілгерілетудің жаңа белесі. Біз «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсына отырып, ғылыми прогрестің бел ортасында болуды қалаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы осыдан бір жарым ғасыр бұрын Лондонда өткен алғашқы дүниежүзілік көрмеден кейін адамзат орасан зор технологиялық өзгерістерді бастан өткергеніне тоқталып, бүгінде тиімді және қауіпсіз энергия саласындағы тың жаңалықтар қарсаңында тұрғанымызды атап өтті. Қазақстан Президенті ЭКСПО-2017 көрмесі осы жаһандық үдеріске өзінің айрықша үлес қосатынына сенім білдірді. – Заманымыздың озық ойлы адамдарының қатысуы жоспарланған іс-шаралар адамзат дамуының жаңа бағыттарын айшықтайды. Миллиондаған қазақстандықтар мен дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келетін жүз мыңдаған қонақ әлемдік ғылыми және инженерлік ақыл-ойдың керемет жетістіктерімен танысатын болады. ЭКСПО бағдарламасында 6 мың түрлі іс-шара өткізу жоспарланған. Олар әлем елдері арасындағы өзара түсіністікті дамытуға, ғылым, бизнес және қоғам арасындағы табысты іс-қимылға, сондай-ақ, Қазақстан мәдениетімен танысуға септігін тигізеді. Біз келуге тілек білдіргендердің барлығын еліміздің басқа да өңірлерін аралап көруге, бірегей табиғатымызбен және тарихи мұрамызбен танысуға шақырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әлемнің экологиялық тұрғыдан теңдес және орнықты дамуының маңыздылығына тоқталып, ЭКСПО-2017 тақырыбының біздің еліміз үшін өзекті екеніне ерекше назар аударды.
– Қазақстан орасан зор көмірсутек қорының бар екеніне қарамастан, жаңартылатын энергия көздеріне белсенді түрде көшетін болады. Осындай мақсат біздің «Стратегия-2050» бағдарламамызда және «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамамызда көрініс тапты. Қазақстан 2050 жылға қарай жаңартылатын көздердің есебінен электр энергетикасының жалпы көлемінің жартысын өндіре алатын болады. Сонымен бірге экономикада энергияның жұмсалуы да азаяды, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев «Астана ЭКСПО-2017 көрме кешенінің нысандары мен халықаралық павильондардың қалай пайдаланылатыны жөнінде айтып берді. – Көрмені аралаушылар назарына басты нысан – жер шарын бейнелейтін «Нұр Әлем» сферасы ұсынылады. Оның әр деңгейі энергияның белгілі бір түріне арналған. Сфераның өзегінде біздің Ұлттық павильон орналасқан. Онда қазақстандық ғалымдардың ең озық жобалары көрсетілген Қазақстанмен танысу аймағы және «Жасампаз энергия» аймағы бар. ЭКСПО көрмесіне мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 130-дан астам экспозициялары әкелінді. Екі тақырыптық павильонда энергетиканың эволюциясы, оның ХХІ ғасырдағы проблемалары және осы саладағы технологиялық өрлеу сәті көрсетіледі, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті көрменің іскерлік бағдарламасына тоқталды. Оның аясында Астана экономикалық форумы, Шетел инвесторларының кеңесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті сияқты бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Мемлекет басшысы көрменің халықаралық өзара ынтымақтастыққа елеулі тың серпін беріп, еліміздің ғылымын дамытуға және экономикамызды жаңғыртуға септігін тигізетініне сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесі аяқталған соң оның инфрақұрылымы одан әрі пайдаланылатыны туралы айтты. – Бұл жерде «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейтін болады. «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құрылады. ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі ашылады. Осылайша, еліміздің, өңіріміздің және әлемнің игілігі үшін ЭКСПО-дағы «инновацияның тамыр соғысы» жалғасатын болады, – деді Қазақстан Президенті. Соңында Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 көрмесін дайындау үдерісіне қатысушылардың барлығына шынайы қолдау көрсеткендері және көрме идеясын жүзеге асыруға атсалысқандары үшін алғыс айтты. – Біздің мәртебелі қонақтарымызға – Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанатына қатысуға уақыт тауып келген мемлекеттер мен үкіметтер басшыларына ерекше ризашылық білдіремін, – деді
Нұрсұлтан Назарбаев.Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді