республикалық балалар мен жастардың шеруі жоғары деңгейде өтті
Бұл мереке балалардың көңілінде ұзағырақ сақталатыны анық. Осы күнгі көрген қызықтары жаз бойы айтып тауыса алмайтын тақырыпқа да айналуы мүмкін. Енді ше, Тараз қаласындағы орталық алаңда олардың өнері дүйім жұрттың алдында дәріптелді емес пе?! Ұстаздары, ата-аналары мен туыс-бауырлары осыған куә болды. Бала үшін бұдан асқан мәртебе бар ма?! Мерейін өсіріп, сән-салтанатын асырған алғашқы шерудің қатысушысы атанғаны – олардың бос уақыттарында босқа сенделмей, өнер үйреніп, пайдалы іспен айналысқанының дәлелі ғой!
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Тараз қаласында тұңғыш рет өткізілген балалар және жастар музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруіне қатысқан жеткіншектердің әрқайсысы дәл осылай ойлады ма, жоқ па, ол жағы бізге белгісіз, әрине. Бірақ, сол сәтте олардың кеудесін мақтаныш сезімі кернеп тұрғаны анық еді. Олар сенімді ақтай алатын тұлға болып қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Өздеріне артылған жауапкершілікті түсінгені шығар, шеруді ашып беріп, мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың сөзін ынта-ықыласпен тыңдады.
– Бұл мереке біздің тәуелсіз мемлекетіміз үшін ең тамаша мерекелердің бірі. Өйткені, балалар – елiмiздiң басты байлығы. Еліміздің болашағы. Біз – балалармен бақыттымыз! Бiз жас жеткіншектеріміздің денсаулықтарының мықты болғанын, жақсы бiлiм алып, үш тiлдi бiлгенін қалаймыз. Біздің ұлы Отанымыз жылдан-жылға өркендей түсуде. Қазір дүниежүзі Қазақстанды біледі, құрметтейді. Сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Елбасымыз өз сөзінде: «Біздің балаларымыздың тамаша келешегі бар» деп үлкен сенім білдірді. Сондықтан балалардың мүддесін ойлау, болашақтарын баянды ету – біздің, үлкендердің парызы. Сендердің еркін елдің азаматы болып өсулерің үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Зияткерлік мектептер, Назарбаев университеті, «Болашақ» бағдарламасы – мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сендерге жасаған қамқорлығы. Қазір «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Туған жер» бағдарламалары енгізілуде. Ал сендер артылған сенім мен үмітті ақтау үшін үздік оқып, аға буынға қамқор, елiмiздiң нағыз патриоты болып өсулерің керек. Туған жерді қастерлеу, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтау – сендердің басты міндеттерің! – деді Кәрім Нәсбекұлы республика бойынша бір күнде өткізіліп отырған шерудің мән-маңызына тоқталып тұрып. ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінің ашылуы қарсаңында өткен өнерлі балалар мен жастар шеруінің идеологиялық мәні жоғары екенін айта кету керек. Тыныштық пен татулық орныққан елдің балалары да бақытты. Осындай мемлекетте жастардың білім алуына, балғындарының өнер үйренуіне жағдай жасалады. Республика көлемінде бір күнде, бір мезгілде өткен шара – соның дәлелі. Орталық Достық алаңынан жүріп өткен дарынды жастарға қарап, біздің де кеудемізді шаттық кернегенін жасырмаймыз. Шеруді бастау мәртебесі Меркі ауданындағы «Үміт» сарайының өнерлі балалары мен жасөспірімдеріне берілді. Оның да өзіндік сыры бар екен. Мектептен тыс білім беретін орталықтың шәкірттері көптеген халықаралық жарыстарда топ жарып, жеңімпаз атаныпты. Жалпы, шеруге барлығы 2 мыңнан астам адам мен құрамында 100 адамнан кем емес 94 шығармашылық ұжым қатысты. Әрбір ұжымның балалар және жастар музыкалық ансамбльдері, халық және үрмелі аспаптар оркестрлері, барабаншылар, бишілермен қатар, мажореткалар мен черлидерлер өнер көрсетті. Меркі, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласының өнерпаздары және Жамбыл политехникалық, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық, №13 темір жол, Жамбыл экономика және ақпараттық технологиялар, Тараз химия-технология, №12 Тараз колледждері мен ТарМУ, ТарМПИ, ТИГУ секілді жоғары оқу орындарының студенттері, дарынды ұл-қыздардың талабын ұштап жүрген облыстағы төрт білім мекемесінің шәкірттерінен құралған әр топтың киім формасының бірдейлендірілгені – ерекше көз тартса, шағын формадағы ерекше шығармаларды орындаудағы шеберлігі тәнті етті. Қалай десек те, балалар мен жастар музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі – биылғы жаздың ең бір айшықты оқиғасы ретінде есте қалады. Тұңғыш рет өткізіліп отырғандықтан шығар, ол республиканың мәдени өмірінде ерекше серпіліс туғызғанын айта кету керек. Қызықты репертуар, музыкалық аспаптардың әртүрлілігі, шығармалардың түпнұсқалығы, бірнеше түрдегі музыкалық қызметтің бірігуі музыкалық-театрландырылған шеру айрықша әсер сыйлады.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді