«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ҚОРЫМ МАҢЫ ҚОҚЫС АЛАҢЫ ЕМЕС

ҚОРЫМ МАҢЫ ҚОҚЫС АЛАҢЫ ЕМЕС
ашық дереккөз
ҚОРЫМ МАҢЫ ҚОҚЫС АЛАҢЫ ЕМЕС

Мойынқұм ауылының батыс беткейіндегі қорым маңы күннен-күнге күл-қоқысқа толып барады. Әр жерде төбе-төбе болып жатыр. Құдды бір қорым маңы емес, қоқыс алаңы ма дерсің. Қорымға апарар жолдың екі жақ жиегі де қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Тіпті, құрылыс, тұрмыстық заттар мен бос шөлмектер, балалардың жөргектері де бар. Соның салдарынан ол жердің ауасы да ластанып, жағымсыз иіс қолқаны қабады. Қорым маңын осылай қорғаусыз қалдыруға бола ма? Шашылған тарыны тойынған тауық қана термейдінің кейпі кімге керек? Қорым маңын күл-қоқыстан арылтудың жолы шын мәнісінде ауыр ма? «Өлі разы болмай тірі байымайды» деген жақсы сөзбен сананы бір сілкіп алып, түйткілді сауалдарға жауап іздеп ауыл әкіміне бардық. Мойынқұм ауылының әкімі Темірбек Көпбаевтың айтуынша, бұл басқа емес, ауыл тұрғындарының ісі екен, сенбілік жұмыстарда қоқыстар тазартылғанымен оны тұрғындар қайтадан төбе-төбе етіп үйіп кететін көрінеді. Ал үйілген қоқыстарды шығаратын техника ауыл әкімдігінде болмай тұр. Сондықтан Мойынқұм ауданы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Мөлдір» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнынан техника сұрап, пайдаланып жатқанын айтады ауыл әкімі. «Егер ауыл әкімдігінде техника болғанда біз мұндай келеңсіздіктерге жол бермес едік», дейді ол. Қорым маңы тазаланғанымен, тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтарды әкеліп төгуін тоқтатпай отыр. Ауыл әкімі қорым маңын қадағалап жүріп қоқыс төгіп жатқан ауыл тұрғындарының үстінен түсіпті. Ұсталған адамдар ауылдың учаскелік полициясына жіберіліп, оларға қатаң ескерту берілген. Жамбыл ауылындағы Жексенбай ата мешітінің молдасы Зият Исаев: «Шариғатта қорымды тазалаңдар делінген. Республика көлемінде сәуір айының соңғы жұмасы қорымды тазалау, яғни сенбілік жұмыстары жүргізіледі деп бекітілген. Бұл игі шараны жиі-жиі ұйымдастырып тұруға да болады. Мұсылманның қорымы таза болуы керек. Өткен жолы қорымға барсам, айналасында ит, мал өлекселері жатыр. Мұндай тәртіпсіздікке жол бермеуіміз керек. Сондықтан пәленбай мыңға күмбез тұрғызып жарысқанша, қоқысқа толы қорымды қоршасақ нағыз сауапты іс болар еді», дейді. Талап күшеймей, тәртіп пен тазалық болмасы анық. Сондықтан, ауыл тұрғындары тазалыққа ден қойып, әр істің өтеуі бар екенін естен шығармаса екен дейміз.

Уалихан ЖАЙЛАУ, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар