Қоғам болып күресуіміз керек
Сыбайлас жемқорлықтың жойылуына әр қазақстандық мүдделі болуы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында жемқорлықпен күресуге басымдық берген-ді. Осыған орай, Тараз қаласында жемқорлық пен парақорлыққа қарсы арнайы семинар өткізілді.
Семинарды ашқан «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев жемқорлықтың жегі құрт екенін айтып, қоғам болып оған қарсы әрекет жасауға шақырды.
«Азаматтарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, берік иммунитет табылмаса, қалаған нәтижеге қол жеткізу қиын. Әр қазақстандық, әрбір отбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – қоғам ісі екенін түсінуі тиіс», – дейді Қасымхан Төлендиев.
Семинарда баяндамашылар жемқорлыққа қарсы күрес туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Сондай-ақ, парақорлық жағдайына тап келгенде қалай әрекет ету керек екені де сөз болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының офицері Есенгелді Малқайдаровтың айтуынша, кейінгі кезде парақорлар мен жемқорларға қолданылатын заң күшейтіліп, соның нәтижесінде қыруар қаржы мемлекет меншігіне қайтарылған.
«Сыбайлас жемқорлыққа байланысты қабылданған жаңа заң аясында қолға түскен парақор қайта мемлекеттік қызметке келе алмайды. Оның жемқорлық жолмен тапқан бүкіл дүниесі мемлекетке қайтарылып, үлкен сомада айыппұл салынады. Меніңше, бұдан артық жаза жоқ», – дейді Есенгелді Малқайдаров.
Қоғамда жемқорлықпен күрес мәдениетін дамыту туралы баяндама жасаған М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың доценті Қайрат Нұрманбетов «бармақ басты, көз қысты» жағдайға кез келген қазақстандықтың тап келуі мүмкін екенін айтады. Ал облыс әкімдігі аппаратының мемлекеттік-құқық бөлімінің басшысы Нүркен Сейдалиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыс көлемінде атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды. Айта кету керек, семинарға қаладағы мемлекеттік мекемелерден, мектептерден өкілдер қатысып, жемқорлыққа қатысты пікірлерімен бөлісті.
Жалпы, облыста жемқорлыққа қарсы күрес кеңінен жүргізіліп жатыр. Оған қарсы жүргізілген жаппай күрестің нәтижесінде былтыр облыста 117 құқық бұзушылық факті тіркеліп, 1,2 миллиард теңге көлемінде мемлекетке зиян келтірілгені анықталды. Қазір осы шығынның бәрі толықтай ел қазынасына қайтарылды.
Абай отар, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Қоршаған ортаны қорғауға қоғам белсенділігі қажет
- 19 қыркүйек, 2024
Болашағын әскери саламен байланыстырған сарбаздар
- 19 қыркүйек, 2024
Ақпарат
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Президент эстрада әншісін «Барыс» орденімен марапаттады
- 22 шілде, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді