ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне ұлттық керуен аттанды
Елордада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтер күн жақындаған сайын оған әзірлік жұмыстар қыза түсуде. Бұл ретте облысымызда да қомақты шаралар жүзеге асты. Сенбі күні облыс орталығындағы Ежелгі Тараз тарихи-мәдени орталығында «Көне Тараздан – Асқақ Астанаға!» атты этнографиялық керуенді салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Жыр алыбы Жамбыл Жабаев ескерткішін дөңгелене қоршаған мыңдаған тараздықтардың көңілдері шат, жүздері қуаныштан бал-бұл жайнады. Аталған рәсімге облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.
Бұл салтанатты жиын Жамбыл Жабаевтың мақамымен айтылған арнау өлеңмен басталды. Жүйрік атпен көкпаршы-каскадер жігіттер еліміздің көк Туын желбіретіп алып шықты. Мұнан соң облыстық филармония жанындағы этнографиялық ұлттық оркестрдің концерттік бағдарламасы жұрт назарын аударды. Кенен Әзірбаевтың «Ой, жайлау» әні әуелеп, шымырлап жүректерге жетті. Мырзатай Жолдасбековтің сөзіне жазылған «Таразым» әнін «Тараз – Тарту» квартеті көңілдерді толқыта орындады.
Мұнан соң ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне баратын этнографиялық керуен тараздық жұртшылықтың алдынан салтанатпен жүріп өтті. Желмаяға мініп, тұлпарды тізгіндеген, ұлттық киім киген керуеншілерге тараздықтар қызу қолдау білдірді. Керуеншілерден кейін облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев БАҚ өкілдерімен қысқаша баспасөз мәслихатын өткізді. – Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өңірімізге Қытай мемлекетінің Сиянь қаласынан арнайы түйешілер керуені келгені белгілі. Көне Тараз шаһарына жеті ай жол жүріп жеткен қытайлық керуеншілер бастамасы мемлекетіміздің маңызды тойына деген үлкен тарту болған еді. Енді міне, Елордада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне көне Тараздан арнайы ұлттық керуен жолға шықты. Шілде айының соңында Астанада Жамбыл облысының мәдени-рухани күндері өткізіледі деп көзделуде. Керуеннің құрамында 22 түйе, 35 жылқы, 5 атты арба, 1 күйме бар. Керуенге жүздеген адам қамтылған, – деді Дүйсенәлі Дыбысалыұлы. Тараздық жұртшылық өкілдері керуенді қаланың шығыс қақпасына дейін құрметпен шығарып салды. Керуен Елордаға дейін 10 бекетке тоқтап, өз облысымыздың Т.Рысқұлов, Меркі, Шу аудандарын, Қарағанды облысының бірнеше аумағын басып өтуді жоспарлап отыр. Еліміздің бас қаласына 26 шілде күні жетеді деп күтілуде.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Есет досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді