Алқалы жиыннан күтеріміз көп

Алқалы жиыннан күтеріміз көп
ашық дереккөз
Алқалы жиыннан күтеріміз көп

Руслан Исмазов, облыстық «Вынхуа» дүнгендер ассоциация-сының мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Қазақстан халқы Ассамблея-сының кезекті ХХV cессиясы Астана қаласында «Жаңғыртудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» күн тәртібімен өтетіні мәлім. Бұл басқосу Үшінші жаңғыру кезеңіне қадам басқан еліміздің алдағы бағыт-бағдарын айқындайтын келелі жиын болмақ. Себебі тұрақтылық – барлық табысымыздың негізгі кілті. Былтырғы басқосу Елордамыз Астана қаласының оң жағалауында орналасқан Бейбітшілік пен келісім сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен болатын. «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» тақырыбы талқыланған жиында ішкі тұрақтылықты нығайту жолдары сараланған еді. Бізге Мемлекет басшысының сессияда сөйлеген ұлағатты сөзі ерекше серпін берді. Елдің ауызбіршілігін сақтау, бірлігімізді бекемдеу міндетін Ұлт Көшбасшысы сессия делегаттарына жүктеді. Нақтырақ айтсақ, Елбасы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 4-қадамында айтылған құндылықтарды жүзеге асыруды тапсырған еді. Осыған орай, жыл бойы әр өңірде ауқымды шаралар ұйымдастырылып, жұмыс жоспары жасалды. Өңіріміздегі этномәдени бірлестіктер бұл іске белсене атсалысты. Ондағы мақсатымыз сол жолы қабылданған «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін ел болып жүзеге асыру болды. Тәуелсіздігімізге тәу етіп, жастарға бейбітшіліктің қадірін ұғындыруға тырыстық. Елдегі ауызбіршілікті сақтауға ұмтылдық. «Мәңгілік Ел» Ұлттық идеясы Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан бастау алғанын айту маңызды. Бұл еліміздің тұрақты дамуы мен барша қазақстандықтардың жағдайын жақсартуға бағытталған бірегей патриоттық тұжырымдама. Бізге Елбасымыздың: «Біз Мәңгілік Елдің мызғымас Жеті тұғырын нығайтуға, сақтауға және ұрпақтан-ұрпаққа аманат етуге шақырамыз. Біз Тәуелсіздікті нығайтудың тарихи ұлы миссиясына адал боламыз. Біз Астананы халқымыздың гүлденуі мен қуатының жарқын белгісі ретінде әрқашан мақтан тұтатын боламыз. Мәңгілік Ел, бұл – жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Біздің Отанымыз бір, ол – Тәуелсіз Қазақстан, біздің еліміз бір, тағдырымыз ортақ. Бейбітшілік пен келісімнің ұлы ісіне адал халықтың ғұмыры мыңжылдықтарға жалғасады» деген сөзі үлкен ой салды. Ерекше шабыт беріп, толқытқаны да рас. Себебі елдің тілеуі, елдің бақыты – тыныштық пен бейбітшілік. Бейбіт еліміздің берекелі істерінің баянды болуы – біздің бірлігімізге байланысты. Ұлт Көшбасшысының негізгі ұстанымы да осы. Еліміздің 26 жылдың ішінде қол жеткізген толайым табыстары – Елбасының сарабдал саясатының жемісі екенін біз жақсы білеміз. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында нақтыланған міндеттер баршамызды бейбіт өмірдің ұйытқысы болуға ұмтылдырды. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін қабылдарда: «Патриоттық актіде ұлы құндылықтар қамтылып отыр. Ондай құндылықтар – біздің халқымыздың ерік-жігерінің, дана шешімінің көрінісі. Акт кабинеттерде ойластырылған құжат емес, ол – Тәуелсіздігіміздің жемісі», – деген болатын. Біз патриоттық актіні жүзеге асыру кезінде Елбасы сөзінің негізсіз емес екеніне көз жеткіздік. Бұл тәуелсіз еліміздің рухын биікке көтерді. Жалпы, бірлігі жоқ елдің ешқашан асығы алшысынан түскен емес. Қазақстандықтардың ең жақсы қасиеті, ешкімнің ала жібін аттамайды, көрші-қолаң, ағайын жұртпен тату-тәтті тұрмыс кешіп, бәрімен сыйластығын үзбейді. Еліміздің әлеуметтік жағдайы жақсарып, бейбіт өмір сүріп отырғанымыз осы қасиетіміздің арқасы екенін айта кетуіміз керек. Жаңа жаңғыру кезеңіне қадам басқан шақта елдік мәселелерді ойласу қажет. Сондықтан жұрттың Ассамблеяның кезекті жиынынан күтері көп. Алдағы 26 сәуірде өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXV сессиясында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жаңа Жолдауы мен жаңа саяси реформа жайлы сөз болып, елімізді, мемлекет дамуының жаңа бағыт-бағдарлары айқындалатынына сенімдімін.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар