Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Шағын құраммен өткен келіссөздер барысында екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Президентінің қазақ жеріне басқан қадамына сәттілік тілеп, Мемлекет басшысы ретінде Ш.Мирзиёевтің Қазақстанға алғашқы рет келіп отырғанын атап өтті. – Қазақстан өзінің стратегиялық серіктесі, көршісі әрі бауырласы – Өзбекстанның халқына бақ-береке тілеп, өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдіреді. Біз келешекте екіжақты байланыстар аясында жемісті қарым-қатынас орнайды деп сенеміз. Қазірдің өзінде мемлекетаралық әріптестікті нығайту бағытында нақты жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, елдеріміздің арасындағы сауда айналымының көлемі өскені айқын байқалады, шекараларымыз арқылы өткізу мүмкіндігі артып, өнімдердің жаңа түрлері жеткізілуде, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Астанада Қазақстан мен Өзбекстанның 500-ден астам кәсіпкерінің қатысуымен бизнес-форум өтетініне назар аударды.
– Форумда жалпы құны 1 миллиардтай АҚШ доллары көлеміндегі 75-ке жуық бірлескен келісімшартқа қол қойылу көзделген. Мұндай форум біздің тарихымызда алғаш рет өткізіледі. Қарым-қатынасымыздың негізін Өзбекстанның тұңғыш Президенті Ислам Каримов екеуміз қалаған едік. Біз бір-бірімізге көмектесіп, бауырластыққа негізделген сол игі дәстүрді жалғастырамыз деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ш.Мирзиёев қонақжайлылық көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді. – Сіз былтыр Самарқандқа жасаған сапарыңыз кезінде Қазақстан мен Өзбекстан әрдайым бірге болады деп айтқан едіңіз. Сол сөзіңіз екі елді жақындастыра түсуге жол ашты, өзбек халқы нағыз достың, бауырластың ықыласын сезінді, – деді Өзбекстан Президенті. Ш.Мирзиёев бүгінде Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасы халықаралық салада да дамудың жаңа деңгейіне көтерілгенін атап өтті. – Сіздің беделіңіздің арқасында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Барлық бастамаларыңызды Өзбекстанның қолдайтынына сендіремін. Қазіргі кезде өңірлік ынтымақтастыққа зор мән беріліп отыр. Бүгінгі кездесуіміз елдеріміз арасындағы одан арғы өзара тиімді іс-қимылға негіз болады деп үміттенемін, – деді Өзбекстан Президенті. Екі ел көшбасшылары бұл сапар Қазақстан мен Өзбекстанның кең ауқымды ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенім білдірді.
* * *
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында тараптар күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық бағыттарын талқылады. – Президент ретіндегі Сіздің алғашқы мемлекеттік сапарыңыз Наурыз мейрамымен және елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толған кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан Өзбекстан делегациясы сапарының жемісті болуы үшін барлық жағдайды жасауға әзір, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті ширек ғасырлық ынтымақтастығымыз аясында түрлі саладағы 100 келісімге қол қойылғанын, соның ең негізгілері – Мәңгілік достық туралы шарт пен Стратегиялық әріптестік туралы шарт екендігін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға Өзбекстанның тұңғыш Президенті И.Каримовтың қосқан үлесін ерекше атап өтті. – Тарихымыздың, тіліміз бен дәстүріміздің ортақтығы, халықтарымыздың көршілестігі қазақ пен өзбектің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара тығыз іс-қимылының қалыптасуына алғышарт жасады. Қазақстан мен Өзбекстанда тұратын диаспора өкілдері қарым-қатынасымызға ерекше сипат дарытып отыр. Олар екі ел арасындағы дәнекер болып саналады. Сіздің елмен достық пен ынтымақтастықты нығайтуға негізделген бағытымыз өзгермейді, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Астана мен Ташкент арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты екіжақты қатынастың өзегі деп бағалады. Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы нарықтық бағаның 9 пайызға төмендегеніне қарамастан, елдеріміз арасындағы сауда көлемінің 16 пайызға өскеніне тоқталды. – Бүгінде Қазақстанда өзбек капиталының үлесі бар 800-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Дәл қазір Астанада бизнес-форум өтуде. Оған екі тараптың әрқайсысынан 250 бизнесмен қатысып отыр. Форум қорытындысы бойынша 75 коммерциялық шарттан тұратын құжаттар жиынтығын қабылдау жоспарланған, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы бұған дейін Ш.Мирзиёевпен Самарқандта өткен кездесуден соң өнеркәсіп, бизнес, энергетика, көлік, сондай-ақ ғарыш және туризм салаларындағы екіжақты байланыс айтарлықтай жандана түскенін айтты. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықтың жандана түскенін, соның ішінде жүрдек пойызға арналған Астана – Ташкент теміржол қатынасы, жаңа әуе жолы және автобус рейстері іске қосылғанын ерекше атап өтті. Соңында Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Өзбекстанның кең ауқымда қатысуы жөнінде шешім қабылдағаны үшін Ш.Мирзиёевке алғыс білдіріп, бұл Өзбекстан Республикасына өзінің зор жетістіктерін бүкіл әлем алдында паш етуіне мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Ш.Мирзиёев мемлекетаралық қарым-қатынастың дамуына негіз болған және өзара сенім мен іскерлік сипатындағы келіссөздер үшін Қазақстан басшылығына алғыс білдірді. – Бұл сапарды Самарқандта өткен ашық әңгімеміздің жалғасы деп санаймыз. Бүгінгі бизнес-форум өзбек тарапының сауда-экономикалық байланыстарымызды дамытуға деген шын ниетін көрсетеді, – деді Өзбекстан Президенті. Өзбекстан Республикасының басшысы екі мемлекеттің халқының достығын нығайту ісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін атап өтті. Сондай-ақ, Ш.Мирзиёев парламентаралық және өңіраралық байланысты жандандырудың маңыздылығына тоқталды. Кездесу соңында екі елдің басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін бірлескен брифинг өткізді. Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің кездесу қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды: – Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету және тату көршілікті нығайту туралы бірлескен декларация; – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы өңіраралық ынтымақтастық туралы келісім; – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық жөніндегі стратегия; – Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасындағы Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау туралы келiсiмге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама; – 2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама; – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2017-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі бағдарлама; – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрлігі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісім. * * *
Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республика-сының Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Астана қаласының көрнекті орындарын аралады. Қазақстан Президенті мен елімізге мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Президенті «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында болып, «Қыз Жібек» операсының дайындығын көрді. Назарбаев университетінде болған екі елдің президенттері білім ордасының даму жоспарымен, өнеркәсіпті автоматтандыру зертханасымен, оқу орнының зерттеушілік жобаларымен және физика-математика зертханасымен танысты. Ш.Мирзиёев университеттің құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиёев ресми ашылған «MEGA Silk Way» сауда және ойын-сауық орталығының сауда-көрме павильондарын аралап көрді. Сондай-ақ екі ел президенттері «Cirque du Solei» әртістерінің Монте-Карлодағы халықаралық фестивалінің жеңімпаздары қойған шағын театрлық көрініс пен акробатикалық шоуды тамашалады. Мемлекеттер басшылары қаланың көрнекті орындарын аралап көрген соң «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешені құрылысының барысымен және оның макетімен танысты.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді