«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елордалық мектептерде Online school Astana жобасы енгізіледі

Елордалық мектептерде Online school Astana жобасы енгізіледі
ашық дереккөз
Елордалық мектептерде Online school Astana жобасы енгізіледі
Елордалық оқушылардың оқу бағдарламасына Online school Astana инновациялық жобасы енгізіледі. Бұл туралы Астана әкімі Әсет Исекешев білім қызметкерлерінің тамыз кеңесі аясында өткен пленарлық отырыста мәлім етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елорда сайтына сілтеме жасап. Online-School Astana жобасы оқушылар мен ата-аналарға мектеп бағдарламасындағы кез келген пән бойынша бейнесабақты онлайн-режимде тыңдауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, оқушылар үйлерінде отырып өткен сабақтардағы олқылықтардың орнын өз бетінше толтыра алады. Ата-аналар жобаның көмегімен 1-11 сыныптардың оқу бағдарламасының тақырыбымен танысады. "Президенттің "Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму" атты Қазақстан халқына Жолдауында техникалық кадрларды даялауға баса назар аударылған. Сондықтан балаларды тәрбиелеуде инновациялық бағыттарға ерекше көңіл бөлу керек. Алға кез келген мақсаттарды қоюға болады, алайда, оларды өз жұмысымызға енгізетін тетіктер болмаса, онда түк шықпайды", - деді Ә. Исекешев. Online school Astana жоғары білікті мұғалімдердің жеңіл, тез меңгеруге болатын нысандағы дәрістерін тыңдауға мүмкіндік береді, Бейнесабаққа жазбаша конспектілер, тесттер, тренажерлар, инфографика, бейнеинфографика тіркеледі. Жобаға қаланың үздік мұғалімдері қатысады. Исекешевтің атап өтуінше, инновациялық жобаны енгізу білімнің сапасын арттырады, оқытудың үздік әдістерін таратады, сондай-ақ, мұғалімнің беделін көтеруге және педагогтарға тәжірибе алмасуға, ата-аналарды тікелей оқу процесіне тартуға мүмкіндік береді, өз үйінде оқитын мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мүмкіндігін ұлғайтады. Сонымен қатар, Астанада жаңа оқу жылында 65 мыңнан астам бала тегін тамақтандырумен қамтылады Қаланың білім беру жүйесін әлеуметтік қолдау бұрынғы деңгейінде қалады. Оның айтуынша, алдағы оқу жылында елордада 65 мыңнан астам бала тегін тамақтандырумен қамтылады. Астана қаласындағы білім беру ұйымдарының барлығында асханалар мен буфеттерде сатылатын өнімнің сапасы тұрақты бақылауға алынады. Қала басшысы қазіргі кезде қабылданған 2019 жылға дейінгі «Елордалық білім» даму бағдарламасы смарт-қаланың мақсаттарына сай түзетіліп жатқанын мәлім етті. Ә. Исекешев ұстаздарды елордалық білім жүйесін дамытуды талқылауға белсенді қатысуға шақырды. Оның сөзіне қарағанда, әкімдік қаланы дамыту тұжырымдамасын әзірлеу үстінде, құжаттың басты мақсаты – елорданы өмір сүру үшін жайлы қалаға айналдыру. Демек, жер-жерлерде жаңа технологиялар енгізіледі және ақылды қала қалыптасады. Осыған орай, жоғары білікті кадрларға баса назар аударылады. "Қазіргі кезде адам капиталын дамыту - ең басты мәселе; мемлекет басшысы айтқандай, бұл бәсекеге қабілетті ұлт құрудың негізі. Бізге идеяларды түрлендіріп, стартаптарды жүзеге асыратын кәсіпқойлар керек. Ал мұның негізі сапалы білімде жатыр. Бұл балабақшаларға да, мектептерге де, кәсіптік білім беру ұйымдарына да қатысты", - деді Исекешев. Қала басшысы балабақшалар, мектептер мен колледждер ақылды қаланың бір бөлігіне айналуға тиіс екендігін жеткізді. Биыл елорда әкімдігі қалалық мектептерде ғылыми және шығармашылық әлеуетті дамытуға ниетті. Балалардың демалысын дұрыс ұйымдастыруға, шығармашылық үйірмелерді, спорттық секцияларды және қызығушылықтары бойынша факультатив сабақтарды кеңейтуге баса назар аударылады. Биылдан бастап ғылым мен білім саласындағы үздік креативті жобалар ұсынған бірнеше мектеп оны жүзеге асыруға қажетті жабдықтармен және әдістемелермен қамтамасыз етіледі. Исекешевтің айтуынша, барлық мектеп балаларға "қадамдық қол жетімділікті" және қызығушылығы бойынша сабақтарды "таңдау еркіндігін" қамтамасыз етуге міндетті. Бірінші кезекте, қаланың орталығынан алыс орналасқан мектептерде техникалық бағыттағы үйірмелер (немесе кабинеттер) ашу керек. Бүгінгі таңда қаланың орталығынан алыс орналасқан 14 мектеп бар. Елорда әкімдігінің тапсырмасымен, осы мектептердің аумағында жабық спорт алаңдары жасалады. Бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатында қалалық мектептерде оқу жылында балалар мен жасөспірімдер арасында әртүрлі спорт түрлері бойынша Астана қаласының Әкімі кубогына қалалық спартакиадалар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, қала басшысы әкім грантымен марапаттау үшін "Білім берудің үздік инновациялық ұйымы" қосымша номинациясын бекітуді ұсынды. Мұнымен қоса, әкім оқушылар арасында "Ғылымдағы дебют" ғылыми жобалар конкурсы өткізіліп, жеңімпаздарға әкім гранты табысталатын мәлім етті. Қатысушылар өз жобаларында сәулет пен құрылыс, бағдарламалау, робототехника салаларындағы жаңалықтарды көрсетуге тиіс, сондай-ақ, конкурсқа биологиялық, географиялық және техникалық салалардағы жобалар қатыса алады.

Ақпарат көзі: Kaz.tengrinews.kz 

Ұқсас жаңалықтар