«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жер тағдыры – ел тағдыры

Жер тағдыры – ел тағдыры
ашық дереккөз
Жер тағдыры – ел тағдыры

жер реформасы бойынша комиссияға АПТА ішінде 700-ДЕН АСА ҰСЫНЫС ТҮСКЕН

Орталық коммуникациялар қызметінде Жер реформасы бойынша комиссияның бірінші аптадағы жұмысы қорытындыланды. Оған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Жер реформасы бойынша комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаев, комиссия төрағасының орынбасарлары, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед және Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссия өткен сенбіде өз жұмысын бастаған болатын. Комиссияның алғашқы отырысында айтылғандай, Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан құрылған штаб өз жұмысын бастады. Ол: «Қазір комиссия мүшелері айтқан және қарапайым халықтан келіп жатқан ұсыныстардың барлығы штабта талқыланып, 21 мамыр, сенбі күнгі кезекті отырысымызда қорытынды шығарылады. Мұнымен қоса, комиссияның саll-орталығы жұмыс істейді. Телефон нөмірі – 1434. Сол уақыттан бері осы нөмір арқылы аймақтардан 700-ден астам ұсыныс қабылданыпты», – деп мәлім етті Б.Сағынтаев. Жер мәселесіне қатысты ұсыныстардың барлығы комиссия қарауына шығарылып, әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып жатқан ұсыныс-пікірлердің барлығы ескеріліп жатыр екен. «Астана мен Алматы қалаларының және облыс әкімдерінің жанынан құрылған қоғамдық кеңестер өз жұмыстарын бізбен қатар бастады. Қазіргі кезде олар өздерінің кездесулерін өткізуде. Оларда да осы мәселеге байланысты сұрақтардың барлығы талқыланады. Қажетті ұсыныстар, ой-пікірлер болса, оның бәрі комиссия қарауына жіберіледі», – деді Б.Сағынтаев. Өткен сенбіде комиссия мүшелерінің тарапынан белгілі бір жұмыс топтарын құрып, әр жұмыс тобы өз бағытында жұмыс істесін деген ұсыныс айтылған болатын. Сол ұсыныс қабылданып, төрт топ құрылған. Бірінші жұмыс тобы – экономикалық, екіншісі – құқықтық, үшіншісі – рәсімдердің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету және төртінші топ комиссия шешімдерін түсіндіру мен ақпараттандырумен шұғылданады. Б.Сағынтаев алдағы отырыстарының барлығы белгілі бір бағытқа арналып өтетінін жеткізді. Ал маусым айынан бастап комиссия өңірлерге шығуды жоспарлап отыр. Әкімдіктердің жанынан құрылған қоғамдық кеңестермен және жергілікті жерлердегі қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, жер мәселесін әрбір өңірде талқылайды. А. Мырзахметов жер мәселесімен бұдан былай Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысатынын айтты. Елбасы Жарлығымен осыған дейін Ұлттық экономика министрлігінің құзыретінде болып келген жер мәселесі Ауыл шаруашылығы министрлігіне беріліпті. Осыған орай Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігінен арнайы Жер ресурстарын басқару комитетін құру туралы шешім қабылданған. Ұлттық экономика министрлігінде істеген 47 қызметкер осы комитетке ауысып жатыр екен. Ауыл шаруашылығы министрінің берген мәліметіне қарағанда, 700-ден аса ұсыныс-пікірдің 90 пайызы жерді жекеменшікте пайдалану төңірегінде болған.

(Жер реформасына байланысты топтаманы 2-3-беттерден оқисыздар).

Ұқсас жаңалықтар