«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елбасы Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Ияд Маданимен кездесті

Елбасы Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Ияд Маданимен кездесті
ашық дереккөз
Елбасы Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Ияд Маданимен кездесті

Кездесуде Қазақстан мен Ұйым арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері, соның ішінде ИЫҰ аясында жарияланған біздің еліміздің бастамаларының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Сондай-ақ тараптар Ұйымның алдағы саммитінің негізгі аспектілерін қарастырды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Ияд Мадани халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге тоқталып, Ұйымға мүше мемлекеттердің исламофобияны жою және бүкіл әлем бойынша терроризм құбылыстарына қарсы тұру ісіне қатысу мүмкіндіктерін қарастырды. Қазақстан Президенті алдағы саммитке қатысушыларды мұсылман мемлекеттерінің бірлігін сақтауға, әлемдегі қазіргі сын-қатерлерге қарсы тұру жолдарын табуға шақырудың маңыздылығы мен мәселенің дер кезінде көтерілгенін атап өтті. – Қазақстан саммит аясында қабылдау жоспарланып отырған барлық шешімдерге қосылады. Біз Түркия Президентімен бірге арнайы үндеу жариялап, онда ислам әлемін бірлікке шақырдық. Оның ережелері саммиттің қорытынды құжатына енгізілгені үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев проблеманы жай ғана талқылаудан нақты шешім қабылдауға көшуге байланысты Ұйымның дамуының жаңа кезеңіне шығу қажеттігіне назар аударды. Мемлекет басшысы өзінің Иранға сапары барысында ол елді Сауд Арабиясымен қарым-қатынасын жақсартуға шақырғанын да айтты. – Бұлай бөліну ортақ бірлікке теріс әсерін тигізеді. Ислам мен прогресс әрдайым қатарлас жүреді, сондықтан мұсылман елдеріндегі ғылым мен техниканың дамуы үшін бірлесе жұмыс істеу керек. Тағы бір мәселе – терроризмді исламнан ажырату. Бізге мұндай түсінікті жойған жөн, «Ислам терроризмге қарсы» үндеуін қабылдап, сол арқылы үмбет деңгейін көтеру керек. Бұл бағытта сіздің елеулі үлесіңіз бар, – деді Қазақстан Президенті. И.Мадани Нұрсұлтан Назарбаевтың саммитке қатысуы оның маңызын арттыра түсетінін айтты. – Сіздің бастамаларыңыз ислам әлемін жақындастыра түсу жолында аса маңызды және бұдан әрі ілгерілеуге мүмкіндіктер тудырады. Бізге оларды әрі қарай жүзеге асыру үшін жұмыс істеу қажет, – деді бас хатшы.

Ұқсас жаңалықтар