«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Асыл қасиетімізден ажырамайық, ағайын!

Асыл қасиетімізден ажырамайық, ағайын!
ашық дереккөз
Асыл қасиетімізден ажырамайық, ағайын!

Тараз қаласының әкімі Н. Календеровтің және облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Е. Құралбаевтың назарына

8 3

Біз ежелден қонақжаймыз. Тәлім-тәрбиелік мәні терең салт-дәстүрге, өсиет-өнегеге баймыз. Ұлы дала мәдениеті болмысымызда, қанымызда бар. Обал-сауапты ұмытпай, ар-ұятты, имандылықты биік ұстай білген елміз. Жерімізді, өзен-көлімізді, орман-тоғайымызды таза қалпында сақтай білген елміз. Сөз қадірін түсінген, жүйелісіне тоқтай білген елміз. Өзге ұлттар біздің ата-анаға деген құрметімізді, үлкенге деген ізетімізді, ағайынға деген кең пейілімізді, жалпы адамзатқа деген ақ ниетімізді көріп қызығады. Қайырымдылығымызға разы болады. Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі – ішкі рухани дүниеміздің тазалығынан. Оған дәлел келтіріп жатудың өзі артық, әрине. Алайда, ақиқатына жүгінсек, қазіргі таңда бұл асыл қасиеттеріміздің кейбірінен көпшілік қауым ажырай бастағандай. Ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып, жалғасын тауып келген керемет мәдениетімізге селкеу түсіріп жүргеніміз өкінішті. Баршамыз бұған бейқамдықпен, самарқаулықпен қарасақ, тоқтау салуға жарамасақ, онда қазақи болашағымыздың бұлыңғырланып, ұлттық діліміздің бұзылары даусыз. Ащы шындықты ашық айтсақ, көп болып қолға алсақ, олқылықтың орны тола қояр ма екен деген үміт жоқ емес. Сонымен…

Халқымыздың «Ағын суда арам жоқ» деген нақыл сөзі өз мағынасын, мәнін жойғалы қашан? Шағын арықтар былай тұрсын, арнасы кең канал суына шомылуға да, жуынуға да қорқасың. Ілгеріде арық суын халық ас-суына еш алаңсыз пайдаланғаны белгілі. Ол жағдай бізге қазір ертегідей көрінеді. Нақты мысалға жүгініп, себебіне үңіліп көрелік. Талас өзенінен бастау алатын Базарбай каналы бірнеше елді мекеннің бау-бағын суландыруға жарап келеді. Кірпіш зауыты аумағындағы тау беткейін жағалай, тұрғын үйлер жанынан аққан су Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылына, ары қарай Байзақ ауданы жеріне жетеді. Міне, осы бір каналдың өзі қаншама үйдің бау-бақшасын ағын сумен қамтамасыз етіп отыр.

Бүгінде Базарбай каналы жұртшылық үшін күл-қоқыс төгуге, тұрмыстық қалдықтар тастауға ең ыңғайлы орын іспетті. Қапқа салынған иісі жүрек айнытар ит-құстың өлексесі ме, малдың қан-жыны ма, жүн-жұрқасы ма – бәрін каналға лақтырып тастау әдетке айналған. Ал, каналдан бөлінетін арықтардан судың еркін ағуы қиын-ақ. Әр үйдің тұрғыны балаларынан қалған «памперсті», кірдің шайынды суын, әктен, бояудан қалған қалдықтарды арыққа ағыза салудан еш қымсынбайды. Өзінен аулақтау кетсе болды, жарты жолда былығып, суды жүргізбей тастаса да оған бәрібір. Жұрттың өсіріп отырған көкөнісіне зияны тиеді-ау деп ойламауы – нағыз тәрбиесіздік. Қаттылау айтар болсақ, әдепсіздік, көргенсіздік деуге болады. «Әкесін сабағанды көрген едік, ал, арбаға байлап сабағанды бірінші рет көруім» деген екен бір пақыр. Мына сорақылық тіптен, шектен шыққан әрекет емес пе? Осы аумақтың байырғы тұрғыны Есмағамбет Әбдіраманұлы: – Каналға жақын орналасқан үйлердің иелері жаға ұстатар тірлікке барып отырғаны еш ақылға сыймайды. Олар әжетханадан, жеке моншасынан тартылған құбырды тікелей каналға қосқан. Сол кәріз құбырымен келген нәжіс, шайынды су айналаны мүңкітіп жатқаны. Ел-жұрт бау-бақшасын сонымен суғарып, сол лас суға бала-шаға шомылып та жүр. Бұл масқаралыққа әзірге тыйым болмауда, – деп күйінішін жасырмады. Қазір барлық азаматтың көзі ашық, білімді дейміз. Алайда, беттің арын белге түйіп, адамгершіліктен аттаса, оның кім болғаны? «Майлысай» деп тұрғындар өзі атап кеткен мекен-жайдың тура тұсынан өтетін канал ішінің жылына бір рет те тазаланбайтыны таңғалдырады. Ал, кейбір түйсіксіздер жаңағыдай арсыздықтан арылмай, каналды да, арықты да ластап, тау беткейіне де бар қоқысын шығаруда. Су бүлініп, ауа да, жер де былғанып, адамға залалын тигізетінін сезсе де әркім қара басының ғана қамын ойлауы түптің-түбінде жақсылыққа апармасы кәміл. Сонда біз айналаға, өзімізге қастық жасап отырғанымызды түсінбегеніміз бе? Асыл қасиетімізден айырылсақ, алысқа барарымыз неғайбыл! «Малым – арымның садағасы, арым –жанымның садағасы» дейтін халық емес пе едік. Қазір қандаймыз? Экологиялық ахуал бір бұл жерде ғана емес, барлық аймақта өткір күйінде. Тараздағы бірнеше каналдың ішін, өзен, көлдің жағалауын көрсеңіз, небір былықтың «көкесіне» кезігесіз. Оны ұялмай-ақ жасап жүрген әрине, өз тұрғындарымыз. Өзімізді-өзіміз сыйламасақ, бізді келешек ұрпақ та сыйлап жарытпас.

7

Облыс орталығындағы демалыс орындарында көбінесе, жастар шат-шадыман күйде шоғырланып жүреді, ақтарыла сырласып, әңгімелесіп күледі. Жасыл саябақта үлкендер де бір мезгіл сейіл құрғанды ұнатады. Бәрі де жарасып-ақ тұр. Бірақ, өзек өртер келеңсіздіктердің жиі ұшырасатыны өкінтеді. Өкіндіретіндер – жастар. Бірде редакцияға бас сұққан сексен жастың сеңгіріне шыққан ардагер-журналисіміз Сағат Арынұлы газетке жазсаңшы деп мына бір жайтты әңгімелеп берді: – Қайрат Рысқұлбеков атындағы демалыс саябағында, «Атшабар» скверінде таза ауа жұтып жүретініміз бар. Бала-шаға да тал-дарақты сая тұтып, осында көп келеді. 6Мұнда жолдың екі жағына да орындықтар орнатылған. Шүйіркелесіп мәдениетті түрде демалғысы келетіндер қарасы мол. Міне, осы мәдениеттен көптеген жас жұрдай болып барады. Бір қыз бұтына шолтитып бірдеме киіп алған. Жігіт орындықта шалқалай ұзынынан түсіп жатыр. Әлгі қыз жігіттің үстіне ат қып мініп алыпты. Жанынан өте бере шыдамай, «әй, бұларың не, көпшілік орында ұялмай-қызармай мінгесіп алғандарың?» дедім. Бойжеткен астында жатқан жігіт «көке, бұл махаббат қой» деп міңгірледі. Мен ашуланып «өй, бүйткен махаббатыңның атасына нәлет» дедім де жөніме кеттім. Бірақ, олар бұл жекігеніме селт етпеді де. Тапа-тал түсте, жол үстінде осындай ұятсыздар, имансыздар жабысып, «жаласып» тұрады үздіге. Махаббаттарының түрі мұндай болса, жетіскен екен. Киелі сезімнің қадір-қасиетін кетіріп, кез-келген жерде ойыншыққа айналдырса, одан опа таппас. Әсіресе, бұл жастар «махаббат» дегенді жеңіл жүріспен шатастырып алғандай. Инабатсыз қыздан ибалы келін қайдан шықсын?! Желөкпе жігіттің ойнақтаймын деп от басары кәдік. Ақсақалдың ашуланатынындай-ақ жөні бар. Ол кісі 60 жылдай отасқан, өмірдің ыстық-суығын бірлесе көтерген апайымызбен аталған саябақта жиі қыдырыстап, өткен шақтарынан, қазіргі заманның өзгерістерінен сыр шертіседі. Бойлары сергіп үйіне ораламыз дегенінше, қыз-жігіттердің жарыса темекі тартып, сыраға сылқия «тойғандарын», ашық-шашық киініп алып, елдің көзінше сүйісіп-түйіскендерін көріп, көңілдері құлазып қайтады. Бұл шынында да жастардың алдымен өздерін, содан соң үлкенді сыйлаудан қалып, ар-ұятын аяққа таптағанмен бірдей. Қазақ «Өлімнен ұят күшті» деген. Солай деп қалай айтармыз жаңағы жайдан кейін. kislitsyna.comМахаббат деген ұлы сезімді тәрк еткен кезеңге тап болғандаймыз ба, қалай? Өзім өткен жылы ғана куә болған мына оқиғалардан соң, сондай тоқтамға келдім. Таныс құрдасымның жалғыз ұлы өте елгезек бала болатын. Бірақ, жүрген қызымен отау құрмай, анасының айтуымен басқа қызға үйленді. Беташарын өткізді. Бір ай тұрып, түсінісе алмай ажырасты. Араға екі апта салып жігіт алғашқы «сүйген» қызын үйіне келін етіп түсірді. Беташарын жасады. Бір айдан соң ол да «үйіңнің тірлігін істейтін малай емеспін» деп кетті жөніне. Сонда деймін-ау, олардың махаббаттары осы болғаны ма? Тағы бір мысал. Өнерімен табысын тауып жүрген, қазақы тәрбие көрген жігіт табан астында үйленетін болды. Қалыңдықты төркіні ұзату тойын жасап, қолдан берді. Бір жыл шамасында тату-тәтті бірге тұрды тіл табысып. Кенет келіннің көңілі нілдей бұзылып, ажырасуға бел буады. Себебі, кейін белгілі болғандай, алғашқы «махаббаты» соңынан қалмай, оның ажырасуын өтінеді. Ол тілегін қабыл алып, бірер айдан соң өз «махаббатына» қосылды. Қайта «беташар». Келіннің ағасы да сол аралықта «сүйген» қызына үйленген еді. Ол да бір айға жетпей кетті ажырасып. Күйеуін өзге қыздардан қызғанған көрінеді. Әйтеуір, дәм-тұзы жараспады. Не деген жылдам үйлену, не деген жедел ажырасу десеңізші?! Қайран қалмасқа шараң жоқ! Шаңырақ көтерген екен, сол үйдің иесін де, киесін де сыйлау, ауылдан, ағайын-туыстан, дос-жараннан ұялу деген қайда? Қазақ айтқан «Өлімнен ұят күшті» деген даналық сөздің де өз мағынасын, мәнін жоғалтуынан қауіптенуіміз қажет. Осы біз қайда кетіп барамыз?.. «Қарғыс алма, алғыс ал» деген аталарымыз. Жасы үлкенді де, кішіні де қапаландырмай, әдептілігінен, ізеттілігінен айнымайтын, жүріс-тұрысынан, сөйлеу мәдениетінен көргенділігі мен тектілігі аңғарылып тұратын адамға айтар алғысың шексіз. Дөрекілік, тәкаппарлық ешкімге абырой әпермесі анық. «Батаменен ел көгерер» деп те бұрынғылар тегін айтпаса керек. Халық шын пейілімен риза болып, рахметін жеткізіп жатса, батаның үлкені сол емес пе? Біз батамен өскен, қадір-қасиетіне жеткен елміз. Ұлттық болмысымыздың бір қыры осында екенін сезіне білсек, әрбір іс-әрекетімізге зор жауапкершілікпен қарағанымыз абзал. Жоғарыда айтылған нақыл сөздер де мән-мағынасын жоғалтпаса екен дейміз. Біз осы мәселе төңірегінде оқырманымыз, ардагер-ұстаз Бейбітхан аға Смайыловпен әңгіме өрбіткен едік. Ол кісінің жастарға айтар өкпе-реніші көп-ақ. – Тараз шаһары әлемдегі ең көне қалалардың бірі және бірегейі. Карта бетіне кент ретінде белгіленгенінің өзіне екі мың жылдан асты. Қала мәдениетінің өркендеп-дамығанына да соншама уақыт өтті деген сөз. Тарихқа жүгінсек, ерте заманда Тараздың озық мәдениетін әлемнің көп елдері өнеге тұтып, өз өмірлеріне енгізіп отырған екен. Ғұлама ғалымдар мен ақындар шаһардың әсемдігін, көркемдігін, әсіресе, әдебиеті мен мәдениетін тамсана жырға қосып, кітап жазған. Әлемге таңдай қақтырып, өркениеттілігін мойындатқан Тараздың қазіргі мәдениеті қай деңгейде? – деп сөзін арыдан бастаған Бейбітхан аға қаладағы жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктерде қалыптасып отырған жағымсыз ахуалды күйіне отырып тілге тиек етті. «Дәл қазіргі таңда қаланың автокөлік бағыттарындағы көп жүргізушілердің халыққа қызмет көрсетудегі мәдениеті сын көтермейді. Олардың міндеттеріне деген жауапкершілігі өте төмен. Осы жай жұртшылықты қынжылтып, көңілдерін күпті етуде. Мәселен, қаладағы №17 бағыттағы автобустың жүрмей қалғанына біраз уақыт болған еді. Кенет, жарқ етіп, жап-жаңа автобустар шыға келген кезде қуанып қалдық. Өкінішке қарай, бұл қуанышымыз көпке созылмады. Себебі, осы бағыттағы жүргізушілер кілең жастар. Жолаушылардың жайына қарамай, олар өзге бағыттағы автобустармен жарысып, тежегішті шұғыл басып, қайта жұлқи қозғалуы – көпшілікті сыйламағандығы. Жолаушылар бұл сәтте бір-бірімен соқтығыса құлап, денелерін ауыртып алатынын жиі көріп жүрміз. Әсіресе, зейнет жасындағы қариялардың қатты қиналғанын көргенде жаның ашиды. Жүргізушілер онысымен қатар, музыкасын бар дауысына қойып, жолаушыларға ыңғайсыздық туғызады. Бәрінен де сорақысы – қала ішінде күндіз де, түнде де құлақ тұндыратындай етіп дабыл (сигнал) беретіні. Оны жөнсіз «ойбайлата» беру не сән? Бұл үшін олар жұрттың тыныштығын да, онымен қоса қарғысын да алады. Одан басқа не табады? Осындай дөрекі, анайы, мәдениетсіз жүргізушілерді көргенде, қала мәдениетін білмейтін ауылдан келген балалар ма деп ойлайсың. Бірақ, бәріміз де ауылдан шыққан жоқпыз ба? Үңіліп қарайықшы, ауылдан шыққан балалар үлкенді сыйлайтын, кішіпейіл, қарапайым болушы еді. Кейінгі кезде «дүбәрә» деген теңеу пайда болыпты. Олар – не ауылдың, не қаланың мәдениетін білмейтіндер. Автобус жүргізушісінің жанына отырып алған төрт-бес соқталдай жігіт – бәрі де кондуктор. Сөйлеген сөздерін естісең, жаның түршігеді. Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады. Өздері айтқан орысша-қазақша сөздерінің мағынасын мүлдем түсінбейді. Қаламызға келген туристер, қонақтар және басқа ұлт өкілдерінің алдында жерге кіріп кете жаздайсың, – дейді ол әдептілікті ұмытқан жастардың бей-берекет әрекетіне намыстанып. Иә, әр бағытта жүретін қоғамдық көліктердегі мұндай көріністерге жұртшылықтың көбі куә болып тұратыны мәлім. Жас жүргізуші мен кондуктор­дың теріс қылықтарына кейістік білдірсең, өзіңмен салғыласа жөнеледі. Кінәсін мойындау, кешірім сұрау деген оларда жоқ. Оның несін жасырамыз? Бейбітхан аға сөзін нақтылай сабақтады. «Биыл 7 сәуір күні сағат 8.12-9.00 аралығында «719 АА 08» нөмірлі №17 бағыттағы автобусқа отырдым. Кондукторы елгезек жас бала екен. Құлағынан ұялы телефоны түспеді. Құдды полициядан қашқан банды секілді. «29-шы қайда келе жатыр, 21-ші, 11-ші қай жерге келді?». Осы айтқанынан танбай, бір тыным көрмеді. Кондуктор мен жанындағы таныстарының шопырға дембіл-дембіл «жөн сілтеп», көлікті ережеге сай талаппен жүргізуіне кедергі келтіріп отырғанын түсінбеді. Қалалық аурухана аялдамасында №29 бағыттың автобусының өтіп кеткенін 4 минут 37 секунд күтіп тұрды. Егерде әр аялдамада осынша уақыт тұрсақ, жұмысқа кешігіп баратынымыз сөзсіз. Кешігіп те бардық. «Бұларың болмайды ғой, неге жүру кестесін бұзасыңдар?» деген наразылығыма «Көке, ұнамаса таксимен кет. «Праваны» да, автобусты да сатып алғанмын, не істесем де өзім білемін», – деп маған жүргізуші мен кондукторы дүрсе қоя берді. Үлкендік ақыл-кеңесімді, ескертуімді елемеді, ессіздіктерін ел көзінше аңғартты. Осындай сөзі мен ісіне жауапсыз жастарды қоғамдық жолаушылар тасымалдау көлігіне жүргізушілікке қалайша қабылдайды?» деп шамданады ардагер-ұстаз шарасыз күйге түсіп.

Тілші түйіні

Сөздің тоқетері, біздің қоғамға қазір жетіспей жатқаны байлық емес, адамдардың мәдениеті, сыйластығы. Ол жоқ жерде ұятты кейінге ысырып, адамдар түрлі арсыздық амалдарға барады. Мысалы, алдымен тазалықты қай деңгейде, қалай «сақтап» жүргендігімізді нақты дәлелмен әңгімеледік қой. Оның себебі – немқұрайдылық пен қиянатқа ойланбай ұрынуға бейімділіктен. Ал, бұл үшін ол ар алдында, заң алдында жауап беруі керектігін естен шығармағаны жөн. Екінші мәселеге орай ұсынысымыз, әсіресе, болашақ ана – «қызға қырық үйден тыйым» қағидасын қолдануымыз қажет. Отбасында – ата-аналар, аға-апалар, ауылда – ағайындар, оқу орындарында ұстаздар қауымы болып, келешектегі ел тіректері – жастар тәрбиесін бетімен жібермеу жағын ойластырып, «дерттің» алдын алмаса, ертең кеш болады. Ел-жұрттан ұялмағандардан үлкен үміт күту бекершілік. Үшінші мәселе, сөзі мен ісіне жауапсыздықпен қарайтын жастардың көбейіп бара жатуы алаңдатады. Өркөкіректікпен үлкеннің бетін қайтарып, әдепсіздігін көрсетуі әрі онысын түк те ерсі санамайтындарға не деуге болады? Олардың халыққа қызмет көрсететін орындарда жұмыс істеуіне қақысы бар ма? Ісі мен сөйлеу мәдениеті үйлескен жастарға ғана сенім арту керек. Жалпы алғанда, еліміздің ертеңі үшін саналы да тәрбиелі, мәдениетті ұрпақтың қалыптасуына адамдардың өздері де жауапты.

5Лесбек Сайлаубек, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар