Достық қарым-қатынас дами береді
Елбасы Қазақстанға ресми сапармен келген Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисимен кездесті. Кездесу барысында екі елдің сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, инфрақұрылым және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастығы мәселелері талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Ә.Ас-Сисидің Қазақстанға алғашқы сапары елдеріміз арасындағы серіктестік қарым-қатынастарға жаңа серпін беретінін айтты. – Біздің ел Мысырмен сенімді достық қарым-қатынасты дамытуға мүдделі. Биыл қазақстандықтар өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелейді. 1991 жылы араб елдері ішінен Мысырдың ең бірінші болып тәуелсіздігімізді танығаны есімізде. Содан бері халықтарымыз бен елдерімізді жақындастыру үшін көп жұмыс жасалды, осы жылдар ішінде мен Мысырға бірнеше рет бардым, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті екі елдің географиялық алшақтығына қарамастан, көлік-транзит байланысын дамыту үшін зор әлеуетке ие екеніне де назар аударды. Мемлекет басшысы Ә.Ас-Сисидің Мысыр басшылығына күрделі кезеңде келгенін айтты.
– Біз соңғы жылдардағы ішкі қақтығыстарға, қантөгістер мен революцияға қарамастан Мысыр халқының ұйыса білгені және жаңа Президентке сенім білдіргені үшін қуаныштымыз. Сіз таяуда Парламент қабырғасында сөйлеген сөзіңізде жаңа мақсаттар мен міндеттер қойдыңыз, олар бізге де түсінікті, жанымызға жақын. Мысыр – Таяу Шығыстағы ірі мемлекеттің бірі, сондықтан біз әлемдік нарықтағы қазіргі жағдайда экономикалық ынтымақтастық жөніндегі сенімді диалогымызды жалғастырғымыз келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ә.Ас-Сиси Мысыр халқы мен ел басшылығы Астана мен Каир арасындағы екіжақты қарым-қатынастар деңгейін жоғары бағалайтынын айтты. – Біз еліміз үшін қиын кезеңде Қазақстанның көрсеткен қолдауын бағалаймыз. Менің сапарымның мақсаты – елдеріміздің арасындағы тығыз байланысты барлық бағыт бойынша одан сайын нығайту түсу, – деді Ә.Ас-Сиси.
* * *
Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисидің Қазақстанға ресми сапары аясында кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті. Қазақстан Президенті қазақ даласының даңқты ұлы, 13-ғасырдағы Мысыр мен Сирияның атақты билеушісі Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс – тарихи тамырластығымыздың айғағы, ал Отырардан шыққан әлемге әйгілі ғалым әрі философ Әбу Насыр әл-Фараби – екі елдің ортақ мақтанышы екенін атап өтті. – Кеңес уақытында көптеген қазақстандық мамандар Мысырда жұмыс істеді, ал біздің елде Мысыр студенттері оқыды. Осы дәстүрді қайта жандандыру керек. Біз мемлекетаралық ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша өзара тиімді шараларды жүзеге асыруға әзірміз. Ең бастысы, Қазақстан Мысыр мен оның халқын жақын дос әрі бауыр санайды, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев республикамыз Ә.Ас-Сисидің ел басшылығындағы қадамдарын қолдайтынын да айтты. – Мысырдың тұрақты болашағын қамтамасыз ету, әлеуметтік ахуалды жақсарту жөнінде дұрыс әрі ауқымды шаралар қабылдап жатқаныңызға сенемін, – деді Қазақстан Президенті. Ә.Ас-Сиси елімізге келуге шақырғаны үшін Елбасыға алғыс айтып, мұның үлкен құрмет екенін атап өтті. – Біз Қазақстанның халықаралық аренадағы, соның ішінде Мысыр халқын қолдауға бағытталған ұстанымын жоғары бағалаймыз. Жеке өзімнің және халқымыздың атынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтаймын, сондай-ақ әрдайым қолдау көрсетуге дайынмын, – деді Мысыр Президенті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді