біз ынтымақтастық саясатынан ешқашан бас тартпаймыз
Мемлекет басшысы Түрік Республикасының Премьер-Министрі Ахмет Давутоғлумен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, соның ішінде саяси диалогты нығайту мен мәдени алмасу мәселелері, көлік, энергетика, туризм және инфрақұрылым қалыптастыру салаларындағы байланысты дамыту жайы талқыланды. Мемлекет басшысы А.Давутоғлудың сапары біздің еліміздің сыртқы саясатында Түркияға қатысты бағыттың маңыздылығын айғақтайтынын айтты. – Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеді. Егемендігіміздің алғашқы күндерінен біз бауырлас халықтарымыздың жақындаса түсуіне бар күш-жігерімізді салып келеміз. Осы жылдарда Сіздің елдің басшылығымен тығыз жұмыс жүргізе отырып, біз бір кездерде ұзақ уақыт бойы үзіліп қалған Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты қайта қалпына келтірдік. Мен Түркі кеңесінің құрылуына бастамашы болдым. Бүгінде Астанада Халықаралық түркі академиясы жұмыс істейді, онда ғалымдар біздің елдерімізге ортақ мәдениет пен тарихты зерттеуде. Қазақстан үшін Түркияның маңызы өте зор, біз ынтымақтастық саясатынан ешқашан бас тартпаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Түркия төңірегіндегі шиеленіскен геосаяси жағдайдың біздің елге де әсерін тигізетінін атап өтті. – Бүгінде қалыптасқан ахуалдан шығу жолдарын іздестіру қажет. Болып жатқан жайттардың көптеген себептері әлі де айқындалмай отыр. Сирия мен Ирактағы қақтығыстар мұсылмандар арасында бірліктің жоқ екенін көрсетті. Біз сунниттер мен шииттер арасында болуы мүмкін деп Батыс бұдан ілгеріректе болжаған кезеңге таяп келдік. Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың күрделенуі де біз үшін үлкен проблемаға айналды. Екі ел де біздің маңызды одақтасымыз бен серіктесіміз болып саналады, – деді Мемлекет басшысы. А.Давутоғлу Қазақстанға сапарын әрдайым өз Отанына келгендей бағалайтынын айтты. Сондай-ақ Түркия Премьер-Министрі Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 25 жылдығының басталуымен құттықтап, Нұрсұлтан Назарбаевқа екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін алғыс білдірді. – Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас барлық бағыт бойынша қарышты дамып келеді. Біз көлік, энергетика және өзге де салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Сауда байланыстары да нығаюда. Егер Түркия – Еуропаға ашылған «есік» болса, Қазақстан – Түркия үшін Еуразия кеңістігіне апаратын жол, – деді А.Давутоғлу.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді