«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Төлемдердің көлемі көңілімізді демдеді

Төлемдердің  көлемі  көңілімізді  демдеді
ашық дереккөз
Төлемдердің көлемі көңілімізді демдеді

1 қаңтардан бастап жалақы мен зейнетақы, өтемақы көбейді

Бүгінде мемлекетіміз әлеуметтік жәрдемақы мен төлемдердің үлкен көлемін қамтамасыз етуде. Бір ғана біздің облысымыздың өзінде барлығы 303576 азамат зейнетақымен және мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына, бала тууына, көп балалы отбасы болуына байланысты тиісінше жәрдемақымен қамтылып отыр. Оның ішінде 111 600-і жасына сәйкес зейнетақы, 25576-ы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер алады. Әсіресе, оларды Жаңа жыл қанатына ілесе жеткен, ел күткен ақжолтай жаңалық – зейнетақы мен жәрдемақының, бірқатар салаларда айлық жалақының да көбейетіні ерекше қуантуда. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыстық департаментінің басшысы Әлімқұл Тұрысовпен арадағы әңгімеміз, міне, осы тұрғыда өрбіді.

– Әлбетте, зейнетақы мөлшері инфляцияға, басқа да индексациялау талаптарына сәйкес мемлекеттік республикалық бюджетті жоспарлау барысында қабылданып, жылма-жыл өзгертіліп отырады. Тек оның орташа республикалық көрсеткіші әр жылы әрқалай болуы мүмкін, – деді ол. – Мемлекет басшысы өзінің жуырдағы халыққа Жолдауында биылғы 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстеуді тапсырғаны белгілі. Бұл тұрғыда статистикалық мекемелер тарапынан алынған мәліметтер де ескерілді. Инфляция деңгейі биыл 7 пайыз болады деп күтілуде. Соған сәйкес зейнетақы екі пайыз индекстеліп, алдын ала 9 пайызға көбейтіліп төленіп отыр. – Зейнетақы төлемдерінің мөлшері қалай өзгереді? – «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес 2016 жылдан бастап тағайындалатын зейнетақының ең төменгі мөлшері толық еңбек өтіліне қарай (ер кісілер үшін – 25, әйелдер үшін 20 жыл) 25824 теңге, базалық зейнетақы төлемі 11 965 теңге болып белгіленген. Зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ең жоғары табыс 41 еселенген айлық есептік көрсеткішке тең. Ал айлық есептік көрсеткіш – 2121 теңгені, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерін жаңадан есептеуге арналған ең жоғары табыс 86961 теңгені құрайды. – Мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты жәрдемақы мөлшері қанша пайызға көбейтілетіні және көбейтілу тәртібі туралы да айтып өтсеңіз... – Жолдауда айтылғандай, биыл мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ стипендиялар да қамтамасыз етілетін болады. Яғни 1 қаңтардан мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 25 пайызға (күнкөріс деңгейінің еселік қатынасына) көбейтіледі. Мысалы, 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі жалпы аурудан 1-топ мүгедектеріне күнкөріс деңгейінің 1,42 мөлшері тағайындалып келсе, ол енді 25 пайызға көбейіп, күнкөріс деңгейінің 1,78 мөлшерін құрайды, яғни осы күнге дейінгі тағайындалған 30337 теңгенің орнына 40690 теңге алатын болады. Күнкөріс деңгейі де 21364 теңгеден 22859 теңгеге дейін арттырылады. Сондықтан биылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар көлемінің нақты арттырылуы былтырғы мөлшерлеріне қатысты 34 пайызды құрап, күнкөріс деңгейінің еселік қатынасы 25 пайызға тағы да көбейіп отыр. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 4917 теңгеден (1 еңбекке жарамсыз отбасы мүшесімен) 12127 теңгеге дейін (6 және одан да көп жарамсыз отбасы мүшесімен) арттырылады. Мысалы, бір балаға 14742 теңге алып келгендер 1 қаңтардан бастап 19659 теңге алатын болады. Сондай-ақ, айлық есептік көрсеткіштің сәйкес, мемлекеттік арнайы жәрдемақылар және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері де көбейтіледі. – Бірқатар салаларда айлық жалақы көлемі өсті... – Елбасы жуырдағы халыққа Жолдауында биылғы жылы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау қызметкерлерінің айлық жалақысы орташа – 28, білім беру – 29, әлеуметтік қорғау – 40, «Б» корпусының мемлекеттік қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өсетінін айтқан болатын. Аталған қызметкерлер үшін тиесілі бұл айлық жалақылар есептеліп те жатыр. Мұның барлығы да Елбасы алға қойған міндеттердің нақты іс жүзіне асырылуы екені анық. Дағдарыс бүкіл әлемді қаусыра бастағанына қарамастан, өздеріне осындай әлеуметтік қолдау көрсетіліп отырғаны үшін елдің Елбасына айтар алғыстары шексіз. Халқымыз үшін мешін жылы да мерейлі, жайлы жыл боларына бек сенімдіміз. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар