«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда

Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда
ашық дереккөз
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Қай кезеңде болмасын олар біз үшін белсенді буын саналатыны хақ. Бүгінде жастардың жалындап, рухының асқақтай түсуіне мемлекеттік жастар саясаты ықпал етуде. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында студент жастармен кездесіп, «Нұрлы жолмен жарқын болашаққа қадам жасау – жастар мүддесі» тақырыбында дәріс оқуы, шығармашыл жастарға қолдау көрсетуі – елімізде жас ұрпақтың ішіндегі белсенділерін елге кеңінен насихаттау, олардың кәсіппен, спортпен, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау – мемлекетіміздің стратегиялық бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі болып саналатынын айғақтай түседі.

Облыс басшысы 2015 жыл еліміздің дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы және Қазақ хандығының 550 жылдығының тойлануымен ерекшеленетініне тоқталды. Жолдау жаңалықтарымен бөлісіп, өңіріміздің ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, мәдениет, спорт, денсаулық саласындағы қол жеткізген табыстары мен «Бизнестің жол картасы – 2020», «Дипломмен ауылға» секілді жобалардың жүзеге асырылуы барысын сөз етті. 

Жүздесу барысында облыс әкімі: «Қазір барлық сала айтарлықтай дамып келеді. Бір аурухананың өзінде 5 ота жасайтын бөлме бар. Бірақ, денсаулық саласына 97 маман жетіспейді. Жастар осы мәселе туралы ойлануы тиіс. Бізде гипс, цемент, бетон секілді құрылысқа қажетті материалдың барлығы шығарылуда. Ал құрылыс нысанын салу үшін, яғни прораб, құрылыс инженері, шебер, сылақшы, дәнекерлеуші, кірпіш қалаушы мамандары тапшы. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жастардың әрдайым тек жоғары оқу орнында оқымай, кәсіптік- техникалық мамандықты меңгеруді насихаттап келеді. Оқыңдар, еңбек етіңдер, талаптаныңдар. Қазақта «Бақытты көктен емес, еткен еңбектен тіле» деген қанатты сөз бар»,– деп жастарды еңбектенуге шақырды. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының химиялық зертхана бөлмесінің жабдығына оң баға беретінін айта келе, өңір үшін химиялық кластерді дамытуға оның зор көмегі тиетініне сенім білдіріп, Қазақ хандығының 550 жылдығында аталған оқу ордасының ғылыми-конференциялық шаралар өткізуде зор үлес қосқанын атап өтті. Облысымыздың экономикалық даму жағдайына шолу жасай отырып, жастарға қатысты бірқатар мәселелер мен өңірімізде атқарылған игі істерді айтып өткен Кәрім Нәсбекұлына жастар түрлі сауалдар қойып, жылы жүздесу кеші еркін әңгімеге ұласты. Шара соңында облыс әкімі мемлекеттік жастар саясаты шеңберінде шығармашыл жастарға облыстың мәдени және рухани дамуына қосқан үлесі үшін сыйақы тапсырды. Сыйақы алғандар қатарында жас ғалым, мәдениет және спорт саласында ерекше көзге түскендер, сазгер, солист-вокалист, сәулетші, музыкант, суретші, бейнелеу, қолданбалы өнер иелері, ақын, қаламгерлер болды. Бұл марапат жастардың кәсіби өсуін ынталандыратыны анық.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Суретті түсірген: Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар