ЕАЭО: бірінші жыл белестері

ЕАЭО: бірінші жыл белестері
ашық дереккөз
ЕАЭО: бірінші жыл белестері

ba59ec4a32f6b6c579ed7638a8b01507ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеудегі Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше-мемлекеттер басшыларының кездесуіне қатысуда. Ұжымдық қауіпсіздік Кеңесінің отырысын ашқан РФ президенті Владимир Путин, кездесу барысында ҰҚШҰ-ның тұрақты жұмыс органдарын реформалауға байланысты мәселелер талқыланып, Ұйым жауапкершілігіндегі аумақтағы бүгінгі күнгі жағдай және алдағы бірлескен іс-шаралар туралы пікір алмасылатындығын атап өтті. Сондай-ақ, Н.Назарбаев Ресей Президенті В.Путинмен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ өз дамуының бірінші жылын аяқтап қалғанын, бұл кезең оңай болмағанын айтты. – Біз дағдарыстың болатынын білдік, оны еңсеру үшін қажетті шараларды қабылдадық, енді ары қарай жылжу керек. Әлбетте, елдеріміздің ішкі жалпы өнімі азайды, тауар айналымы да бәсеңдеді. Бірақ шекараның ашықтығы мен тығыз байланыстар оң ықпалын тигізіп отыр. Біз мұның бәрін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бүгінгі отырысында талқылаймыз, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы барысында халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер де талқыланатынына назар аударды. В.Путин екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік әлемдік экономикадағы қиындықтарға қарамастан жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті. – Біз кедендік және техникалық реттеу стандарттарын жақындастыру жұмыстарын жалғастырудамыз. Осының бәрі оң нәтижесін береді. Егер осы уағдаластықтарымыз болмағанда, экономикаға тиетін соққы одан да күштірек болған болар еді, мен бұған сенімдімін, – деді Ресей Президенті.

* * * Мемлекет басшысы Ресейдің халықтар достығы университетінің ректоры Владимир Филипповпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының өзара ықпалдастығы мәселелері, сондай-ақ екі елдің білім беру саласындағы ынтымақтастығының перспективалы бағыттары талқыланды. Мемлекет басшысы білім беру ісіндегі көшбасшылардың бірі болып саналатын білім ордасы біздің ел үшін де білікті мамандар даярлау ісіне елеулі үлес қосып отырғанын айтты. Мәселен, бүгінде университетте Қазақстаннан келген 500-ден аса студент оқып жатыр, бұл әлемнің 150 елі ішінде екінші орындағы көрсеткіш болып саналады. В.Филиппов Нұрсұлтан Назарбаевқа елдеріміз­дің арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей жоғары оқу орындары арасындағы толыққанды академиялық ықпалдастыққа қолайлы жағдай жасауға көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс айтты.

* * * Елбасы Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархы Кириллмен кездесті. Кездесу барысында Патриарх Кирилл Нұрсұлтан Назарбаевты І дәрежелі Сергий Радонежский орденімен марапаттады. Қазақстан Президенті еліміздің конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған саясатын жоғары бағалағаны үшін Орыс православ шіркеуіне алғыс айтты. – Тәуелсіздік жылдарында біз әрдайым қарым-қатынас теңдігін, барлық діни конфессияларға деген құрметті сақтап қалдық. Әрине, Қазақстанда ислам мен православие негізгі діндер болып саналады. Осы екі рухани тірек – біздің қоғамдағы келісімнің негізі. Бүгінде әлемде қақтығыстар, соның ішінде діни және этникалық негіздегі қақтығыстар болып жатқанын бәріміз білеміз. Сондықтан біз тұрақтылық пен түсіністік орнаған ортақ ахуалымызды мақтан тұтуға тиіспіз. Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері де өткізіліп келеді, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Орыс православ шіркеуінің Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға қосып отырған үлесін атап өтті. Патриарх Кирилл біздің республикамыздың бірегей тәжірибесі әсіресе жер шарының түрлі өңірінде қақтығыстар болып жатқан кезде өзге елдерге үлгі ретінде қызмет етуі тиіс екенін атап айтты. – Сіз бүкіл әлемге мойындалған көрнекті мемлекет қайраткерісіз. Қазақстан сіздің басшылығыңызбен қысқа мерзімде қуатты даму жолынан өтті. Сіздің ел көп этносты мемлекет ретінде бізге түрлі этностар мен діндерге қатысы бар барша адамдардың өзара тату ықпалдастығының үлгісін көрсетіп отыр, – деді Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархы Кирилл.

Ұқсас жаңалықтар