Қазақстан ЮНЕСКО-ның қызметін толық қолдайды

Қазақстан ЮНЕСКО-ның қызметін  толық қолдайды
ашық дереккөз
Қазақстан ЮНЕСКО-ның қызметін толық қолдайды

98a417b166598997dba6cc9bacd26461Елбасы ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-сессиясына қатысты.
Конференцияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде ЮНЕСКО-ның алатын орны айрықша екенін атап өтті.
– Қазақстан негізгі басымдығы Біріккен Ұлттар ұйымының орнықты даму мақсатының маңызды бағыты болып саналатын ЮНЕСКО-ның қызметін толық қолдайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті өзі осы мінберден 20 жыл бұрын баяндаған мақсат-міндеттердің бәріне, сондай-ақ БҰҰ Мыңжылдық даму мақсаттарына біздің ел қол жеткізгенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев этносаралық, мәдениетаралық, дінаралық негізде өркениеттердің күйреуі мен қақтығысы ушығып кеткеніне арнайы тоқталды.
Қазақстан Президенті қазіргі әлемнің мақсаты ядролық қарусыз әлемді орнықтыру екенін, сол үшін БҰҰ Ядролық қарудан ада әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларация қабылдауды ұсынатынын айтты.
– 2016 жылы менің Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойғаныма 25 жыл толады. Бұл әлем қоғамдастығының ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу жолында күш жұмылдыруы үшін маңызды себеп бола алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы терроризм мен діни экстремизмге қарсы біртұтас халықаралық майдан ашу мәселесіне де тоқталды.
Ислам радикализмімен күрес кезінде оны бейбітсүйгіш исламмен шатастырып алмау маңызды екені, ал экстремизмге тек мәдениетаралық және дінаралық диалог негізінде ғана қарсы тұруға болатыны да атап өтілді. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, біздің ел ұсынған «Ислам терроризмге қарсы» атты форум нақ осы мақсатқа бағытталған.
Қазақстан Президенті бейбітшілік пен халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету барысында ЮНЕСКО-ның әлеуетін кеңінен пайдалану қажеттігіне тоқтала отырып, ұйым жанынан Бейбітшілік пен орнықты дамуды қолдау жөніндегі халықаралық академия құруды ұсынды.
Мемлекет басшысы Француз монахы Гильом Рубрук 13-ғасырдың ортасында христиан, будда, манихей және мұсылман қауымы тату тіршілік кешкен қазақтың көне Қойлық қаласында болғанын еске салды.
Елбасы өз сөзінде Ұлы Жібек жолы дәстүрлерін жаңғыртудың айрықша маңыздылығын атап өтті.
– Оның тарихына қарап, тығыз ынтымақтастық пен өзара мәдени байланыс бүкіл адамзат үшін бейбітшілік пен даму негізі екеніне көз жеткіземіз. ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне Жібек жолының Жетісу бөлігіндегі тоғысу орталығы болған Алматы қаласының 1000 жылдығы енгізілгенін ризашылықпен атап өткім келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның ЮНЕСКО-ға біздің ел бастамашылық еткен 2013-2022 жылдарға арналған мәдениеттер жақындастығының халықаралық онжылдығын жүзеге асыру ісі бойынша қолдау көрсетіп отырғаны туралы да айтып берді.
Мемлекет басшысы ЮНЕСКО-ның бас директоры Ирина Боковамен кездесті.
Кездесу барысында мәдени және тарихи мұраларды сақтау ісінде, білім және ғылым саласында халықаралық байланыстар аясын кеңейтудегі Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның өзара ықпалдастығы мәселелері талқыланды.
Елбасы Қазақстанның ЮНЕСКО-ны қолдайтынын және белсене ынтымақтасып келе жатқанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев И.Бокованың 2012 жылы Астанаға сапары аясында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысуының маңыздылығын атап өтті.
И.Бокова өз сөзінде Қазақстан ЮНЕСКО-ның ең белсенді әрі ілкімді серіктесі болып саналатынын, соған байланысты ұйымның 70 жылдығында оның Бас конференциясының Нұрсұлтан Назарбаевсыз өтуін елестету мүмкін еместігіне назар аударды.

Ұқсас жаңалықтар