Астана – Париж: ықпалдастық әлеуеті арта түсті

Астана – Париж: ықпалдастық  әлеуеті  арта түсті
ашық дереккөз
Астана – Париж: ықпалдастық әлеуеті арта түсті

f3b2dcf83c5c220cca6bae28360b4b98Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Француз Республикасының Президенті Франсуа Олландпен кездесті. Шағын және кеңейтілген құрамда өткен кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы Франция Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі екенін, елдеріміздің арасында бүгінде экономика және саясат мәселелері бойынша толық түсіністік орнағанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев пен Франсуа Олланд Франция Президентінің Астанаға жасаған кейінгі сапары кезінде қол жеткен уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын да талқылады. Қазақстан Президенті бүгінде Астана мен Париж арасында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ аэроғарыш салаларындағы ықпалдастықтың зор әлеуеті бар екенін атап өтті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Франция Президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттар қабылданды: – Қазақстан Республикасы Президенті мен Француз Республикасы Президентінің бірлескен декларациясы; – Астана қаласында өтетін Халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесіне Француз Республикасының қатысуы туралы шарт; – Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті мен Француз Республикасының Ғарыштық зерттеулер ұлттық орталығы арасындағы Ғарыш бойынша ынтымақтастықты дамыту саласындағы ниеттестік туралы декларация; – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Француз Республикасы Жоғары білім және ғылым министрлігінің бірлескен декларациясы. Елбасы Францияның жетекші компаниялары басшыларымен кездесті. Кездесуге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы олардың көпшілігінің елімізде жұмыс істеп жатқанын, Қазақстанның мүмкіндіктері мен ұзақмерзімді басымдықтарын жақсы білетінін айтты. Мысалға, Францияның 24 компаниясы Қазақстанда қазірдің өзінде 2 миллиард доллардан асатын жобаларды жүзеге асырды, 14 жоба жүзеге асырылу кезеңінде тұр, тағы 10-ы – келешектің еншісінде. Бір ғана менің сапарым барысында жалпы құны 5 миллиард доллардан асатын келісімшарттарға қол қойылатын болады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Францияның сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығына егжей-тегжейлі тоқталды.

– Франция Қазақстанның жетекші экономикалық серіктестерінің қатарына кіреді. Біздің өзара сауда айналымымыз соңғы жылдары сыртқы жағдайдың күрделілігіне қарамастан, 6 миллиард доллар көлемінде тұрақтап отыр. Француз бизнесінің соңғы 10 жылда біздің экономикамызға салған инвестициясы шамамен 12 миллиард доллар болды. Қазақстан нарығында 130 француз компаниясы түрлі салаларда жұмыс істейді, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті бүгінде дайын өнім алатын бірлескен табысты жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. – Олардың қатарында «Альстом» электровоздары, «Еврокоптер» тікұшағы, «Пежо» және «Ситроен» автомобильдері, күн батареялары, цемент, «Данон» сүт өнімдерінің жаңа түрлері мен басқа да өндірістер бар. «Эйрбас Дефенс энд Спейс» компаниясымен бірлесіп Жерді қашықтан зондтайтын екі жерсерік ұшырдық және ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені ғимаратының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы жүзеге асырылып жатқан бірлескен инвестициялық жобалар қатарында «Airbus» компаниясымен жұмысқа арнайы тоқталды. – Еліміз титаннан жоғары технологиялы өнім жасайтын зауыт ашты, бұл өнім «Airbus» ұшақтарын құрастыру үшін пайдаланылады. Қазақстанның «Эйр Астана» компаниясы француз авиация өнеркәсібінің ұшақтарын пайдалану арқылы осы циклды аяқтайды, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысының айтуынша, Астана мен Париж арасында тікелей әуе қатынасын ашу және инвесторлар үшін визасыз режим енгізу екі елдің инвестициялық ықпалдастығына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, екі елдің іскер топтары арасында қол қоюға әзірленіп жатқан келісімшарттар Францияға уран жеткізу, автомобиль өнеркәсібі, сумен қамтамасыз ету, қалдықтарды жою және басқа да маңызды бағыттарды қамтитыны атап өтілді. Мемлекет басшысы Қазақстанның инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту, Бес институционалдық реформаны және Ұлт жоспарын, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық жұмыстары туралы да айтты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев француз бизнесін Қазақстанды индустрияландыруға, жоспарланып отырған ірі кәсіпорындарды жекешелендіруге және құрылып жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына белсене қатысуға шақырды. Француздың ірі компанияларының басшылары Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру саясатына жоғары баға беріп, біздің елдің өзін сенімді серіктес ретінде көрсеткенін атап өтті. Сонымен қатар, француз бизнесінің өкілдері Қазақстан бизнесімен бірлесіп жаңа жобаларды жүзеге асыру ісіне зор қызығушылық танытты. Іс-шараға «Airbus», «Alstom Transport», «Vicat», «Soufflet», «Rothschild Group», «Veolia Asia», «Areva» және басқа да компаниялардың басшылары қатысты. Мемлекет басшысы «Peugeot Citroёn» компаниясы басқармасының төрағасы Карлос Тавареспен кездесті. Кездесуде компанияның Қазақстан автоөндірушілермен ынтымақтастығының перспективалары, еліміздегі қызметі және оның аясын кеңейту мәселелері талқыланды. К.Таварес Елбасыға қазақстандық серіктестерімен екі жыл ішіндегі бірлескен жұмысы, дайын өнім шығару өндірісі және оны көрші елдердің нарығына экспорттау жоспарлары туралы айтып берді. Мемлекет басшысы француз экономисі Жак Атталимен кездесті. Кездесу барысында жаһандық нарықтардағы ахуал, әлемдік экономикадағы дағдарыс үрдістерін еңсеру жолдары, сондай-ақ қазіргі қалыптасқан жағдайдағы Қазақстанның іс-қимыл бағдарламасы – Бес институционалдық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары талқыланды. Тараптар еліміздегі инфрақұрылымдық жаңғыртулар перспективасына да арнайы тоқталды. Елбасы «Aubert&Duval» компаниясының президенті Жорж Дювальмен және Өскемен титан-магний комбинатының президенті Әсем Мамытовамен кездесті. Кездесуде металлургия саласындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Мемлекет басшысы екі кәсіпорынның бірлескен жұмысы елді индустрияландыру бағдарламасының маңызды бөлігі екенін атап өтті. Қазақстан Президенті, сондай-ақ компанияның машина және аспаптар жасауға арналған титан-магний өнімдері өндірісін кеңейту жөніндегі жұмыстарының есебін тыңдады. Қазақстан Президенті «Total» компаниясының бас атқарушы директоры Патрик Пуяннемен кездесті. Кездесу барысында көмірсутек шикізатын өндіру саласындағы өзара ықпалдастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Мемлекет басшысы компанияның Қазақстанда белсенді әрі ұзақ уақыт жұмыс істеп келе жатқанына, соның нәтижесінде сындарлы ынтымақтастық бойынша қомақты тәжірибе жинақталғанына назар аударды. П.Пуянне өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қашаған кенішін игеру және еліміздегі өзге де инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы айтты.

Ұқсас жаңалықтар