Қазақстан-Катар: тауар айналымы жандана түседі

Қазақстан-Катар: тауар айналымы жандана түседі
ашық дереккөз
Қазақстан-Катар: тауар айналымы жандана түседі

6e8b5510e40c5079061d8c3d968ceb09Қазақстан Президенті ресми сапармен Катар мемлекетіне келді. Қазақстан Президенті сапар барысында Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен келіссөздер жүргізді. Елбасы Катардың жетекші корпорациялары мен қаржы институттары басшыларымен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы екі елдің ортақ тарихи және мәдени байланыстары бар екенін, сондай-ақ Катар өз өңірінде ғана емес, халықаралық аренада да маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Катар қарқынды дамып келеді, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімінің көрсеткіші ең жоғары елдің бірі болып саналады. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Катар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанына тоқтала келіп, сауда-экономикалық қарым-қатынасымызды мейлінше жоғары деңгейге жеткізу қажеттігін айтты. – Иранның Парсы шығанағындағы Бандер Аббас портына Қазақстаннан тікелей шығатын темір жол елдеріміз арасындағы тауар айналымының жандануына ықпалын тигізеді деп үміттенемін. Орталық Азияда Қазақстанның әлеуеті зор және экономикалық мүмкіндіктері жеткілікті. Біз ұзақмерзімді және өзара тиімді серіктестікті дамытуға дайынбыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы елімізде ауқымды институционалдық реформалар, индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық дамуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

Кездесуге Катар бизнесмендері қауымдастығының төрағасы, «Al-Faisal Holding Co.» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Фейсал бен Касем Әл Тани, Катар бизнесмендері қауымдастығының тең төрағасы, «Ezdan Holding Group» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Халед бен Тани Әл Тани, сондай-ақ «Um Haish International», «Medicare Group-Ahli Hospital», «Al Rayan Bank», «Qatar International Islamic Bank», «Qatar National Bank», «Qatar Solar Energy», «Qinvest Bank» сияқты ірі компаниялар мен банктердің басшылары қатысты. 

Қазақстан Президенті Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен кездесті Екі жақтың делегацияларының кеңейтілген құрамда өткен кездесулері барысында Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз Катар мемлекетін осы өңірдегі маңызды серіктес ретінде қарастыратынын айта келіп, ынтымақтастықты бұдан әрі дамыту үшін екі елдің әлеуеті жеткілікті екенін атап өтті. Оған Қазақстан мен Катар арасында жоғары саяси деңгейде қалыптасқан өзара сенімді қарым-қатынас негіз болуға тиіс. Екі елдің көптеген өңірлік және халықаралық мәселелерге қатысты ұстанымдары ұқсас. Катар мемлекеті сияқты Қазақстан да қазіргі кезде өз экономикасын әртараптандыру саясатын қарқынды жүргізіп жатыр. Елде ауқымды институционалдық реформалар, индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық дамуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламалар екі елдің компаниялары арасында бірлескен жобалар үшін перспективаларға жол ашады. Елбасы сондай-ақ Қазақстан бүгінде Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азияны байланыстыратын іскерлік, транзиттік және логистикалық ірі хаб құрып жатқанын да еске салды. Сол арқылы еліміз әлем халқының төрттен үші тұрып жатқан 60-қа жуық елді байланыстыратын Жаңа Жібек жолын қалыптастыруда. Еліміздің көлік-транзиттік мүмкіндіктері Қытайдың, Ресейдің және Орталық Азия өңірінің нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз ететін болады. Мемлекет басшысы 2017 жылы Астанада мамандандырылған ЭКСПО халықаралық көрмесі өтетінін айтты және Катар компанияларын сол шараға белсене қатысуға шақырды. Нұрсұлтан Назарбаев елімізде инвесторлар үшін барынша қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру мақсатында көптеген жеңілдіктер мен артықшылықтардың заң жүзінде бекітілгенін айтты. Астанада Британ құқығына негізделген халықаралық қаржы орталығы іске қосылатыны, сондай-ақ республикада исламдық қаржыландыру ісіне айрықша маңыз беріліп отырғаны атап өтілді. Қазақстанда исламдық қаржы индустриясы саласында заңнамалық база қалыптасты, ислам банкингі, сақтандыру және лизинг секторында бірқатар қаржы институттары жұмыс істейді. Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани Қазақстан Президентінің бұл сапары екіжақты қарым-қатынастарға қуатты серпін беретінін, Доха біздің елмен кең ауқымдағы ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін атап өтті. Катар Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді әрі маңызды серіктес ретінде қарастыратынын айтты. Қазақстан Президенті мен Катар Әмірі екі елдің арасында қаржы-инвестиция, банк секторында, агроөнеркәсіп салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін зор әлеуеттің бар екенін атап өтті.

Ұқсас жаңалықтар