«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

НЕТИКЕТ – ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ӘДЕБІН ҰСТАНУ

НЕТИКЕТ – ӘЛЕУМЕТТІК  ЖЕЛІ ӘДЕБІН ҰСТАНУ
ашық дереккөз
НЕТИКЕТ – ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ӘДЕБІН ҰСТАНУ
5Аршат ОРАЗОВ, IT маманы: ол бәрімізге қажет – Аршат, соңғы уақытта елімізде нетикет, яғни интернеттегі этикет мәселесі жиі көтеріле бастады. Жалпы, біздің оқырмандарымызға нетикет терминін кеңінен түсіндіріп кетсеңіз. – Нетикет – желі әдебі, виртуал ортадағы өзіндік ереже. Мұның бәрі қолданушылардың өздері үшін қажет. Түптің түбінде, бұл ережелер жиынтығын ойлап тапқан интернет қолданушыларының өздері. Нетикетті ұстанғысы келмейтіндердің, тіпті бұған қарсы шығатындардың барын тағы жоққа шығара алмаймыз. Интернетте маскамен, никнейммен жүретіндер, аноним трольдар, ойдан шығарылған фейк кейіпкерлердің бары жасырын емес. Ал біреулер үшін ережелер оларды бұзу үшін қажет сияқты. Нетикетті қолдаушылар мен оны ұстанушылар көбейген сайын біздің онлайн ортадағы іс-әрекеттеріміз, тақырыптарымыз, диалогтарымыз бен жалпы қарым-қатынасымыз да түзеле түспек. Сондықтан виртуал өмірді шынайы өмір бөлшегі ретінде қабылдайтын болсақ, нетикеттің қажеттілігі анық. – Бұл саланың маманы ретінде айтып өтсеңіз, ғаламторда нетикет қаншалықты сақталып отыр? Нетикетті сақтаудың қандай да бір қағидаттары бар ма? – Өкінішке қарай, нетикет ережелері сақталып жүр деп айту қиын. Әлеуметтік желілерде қазір жағдай күрделеніп барады. Жеке басқа тиісу, жеке мәліметтерді бөлісу, диалог кезінде қарсы жақтың пікірін сыйламау көп кездеседі. Сондықтан желі әдебін ұстану аса қажет. Жалпы, нетикеттің негізгі 10 ережесі бар: Ереже №1: Адаммен сөйлесіп отырғаныңды ұмытпа. Бұл – интернетте жиі бұзылатын ережелердің бірі. Қолданушылардың көбі компьютердің ар жағында адам отырғанын ұмытып кетеді. Сондықтан кез-келген адамды ренжітіп алу оңай. Ереже №2: Виртуал өмірде де шынайы өмірдегі стандарттарды ұстанған абзал. Интернетте адам аноним боп жасырынып отырса, оның дөрекілігіне ешкім ештеңе демейтіндей болып көрінеді. Алайда, қарсы отырған адаммен әдеп бойынша сөйлесу керек, заңға қарсы әрекет жасауға мүлдем болмайды. Ереже №3: Киберәлемде екеніңді ұмытпа. Әр сайттың, форумның, қауымдастықтың өз ережелері бар. Оларды аттап кетуге болмайды. Бұрыннан қалыптасып қалған виртуал топтардың өзіндік ережелері, қағидалары болады. Оларға қосылмастан бұрын алдымен сырттай бақылай тұрған дұрыс. Ереже №4: Басқалардың уақыты мен мүмкіндіктерін сыйла. Желіде бір нәрсені бөліспестен бұрын ойланып көр, бұл шынымен бәріне қызық па? Егер біреулер саған «бұл қызық емес» десе – демек, ол қызық емес. Ешкімді жалықтырма және бөліскен нәрсеңе басқалардан жылдам реакция күтпе. Ереже №5: Репутацияңды сақта. Интернеттегі репутацияның маңызы шынайы өмірдегіден еш кем емес. Виртуал әлемде барлық адамдар сені тани бермес, бірақ сенімен интернетте бірге жүрген таныс адамдарың бар ғой. Сондықтан маска тақпай, барынша шынайы болған дұрыс. Ереже №6: Басқаларға көмектес. Интернетте ақпарат көп. Бірақ барлық сұрақтарға жауап табыла бермейді. Ауқымы тар тақырыптарда көмек сұраған адамдарды айналып өтпе. Мәселелерін шешуге көмектес. Виртуал өмірде де жақсылық жасап отыруды ұмытпа. Ереже №7: Кикілжіңге араласпа. Интернет пікірталас алаңы болғандықтан, барлығы сенімен бір пікірде болуы мүмкін емес. Әлбетте түрлі түсініспеушіліктер, қызу пікір­таластар болады. Басқаның пікірін құрметте, кикілжіңге, дау-дамайға араласпа. Тәжірибелі қолданушының жүйкесіне тие алам деп ойлама. Керісінше, өз жүйкеңді құртасың, сүйкіміңді кетіресің. Игнор қоюды үйрен. Ереже №8: Жеке бас құпиясын сақта. Басқалармен жеке хабарламаларыңды көпшілікке көрсетпе. Рұқсатсыз ешкімнің жеке фотоларын, мекен-жайын, телефон нөмірлерін жариялама. Ешқашан! Ереже №9: Мүмкіндіктеріңді асыра пайдаланба. Виртуал әлемде түрлі деңгейде түрлі тақырыптар қозғалады. Өзіңнің білімің артық, деңгейің жоғары жерлерде басқаларды кемсітпе, дөрекілік танытпа. Сайттарда админ немесе модератор ретінде күш қолданба. Қолданушыларды сыйла. Ереже №10: Қателерді кешіруді үйрен. Виртуал әлемде де жаңылмайтын тұяқ жоқ, әрине. Басқалардың кемшіліктерін түсін, қателерін кешір. Өзіңнің де қателіктерің барын еске ал. – Этика мен ішкі мәдениеттің сақталуы, әсіресе, әлеуметтік желілерде өзекті сияқты. Жала жабу, қорлау мен ар-ожданға тию Қылмыстық кодекспен реттелетіні тағы белгілі. Десе де заңды тетіктер нетикеттің сақталуына қаншалықты қауқарлы деп ойлайсыз? – Бүгінгі таңда әлеуметтік медиада бөлісілген материал немесе жазба заңды дәлел болып есептеледі. Жауапқа тартылып жатқандар бар. Сондықтан мұндай шешімді өз басым құптаймын. – Қазақстан тарихында интернетте этикалық нормаларға сай келмейтін әрекеттерге барып, жауапқа тартылған жайттар көп болды ма? Жалпы, ойынның арты отқа ұласпас үшін не істеу керек? – Жалған ақпарат таратқандар сотталып жатыр. Мысалы, Алматыдағы сел, базардағы ұлтаралық төбелес видеоларын таратқандардың арты немен аяқталғаны бәрімізге мәлім. Сондықтан әр адам интернеттегі әрекетіне, сөздеріне де жауап беруі керек. Жақында Ресейде бір адам әлеуметтік желіде өзіне тіл тигізген басқа қаладағы біреуді өлтіріп кетіпті. Мұндай оқиғалар болмауы үшін интернетте әркім өз ісінің есебін білуі керек. – Фейк, яғни жалған қолданушы болудың қандай салдары бар? – Фейктің де түрлері бар. Біреулер бүркеншік ат қолдану арқылы өз ойларын еркін жеткізгісі келеді, ал біреулер мұны қасақана арандату әрекеттері үшін пайдаланады. Фейктерді тануды да үйрену керек. Профилі толық көрсетілмеген, сенімсіз аккаунттардың ақпараттарына сене бермеу керек, ашық пікірталасқа кірмеу керек деп есептеймін. – Жақында нетикет бойынша Қырғызстанға барып, тренинг өткізгеніңізді естідік. Бұл мәселе көршілес елдерде қаншалықты өзекті? – Нетикет Батыс елдерінде, дамыған мемлекеттерде біздің аймаққа қарағанда жақсы сақталады. Біздің жақта әлі де болса желі мәдениеті кеш дамып келеді. Мұның бәрі менталитетке байланысты нәрсе деп ойлаймын. Сана жаңармай көп нәрсе жаңармайды. – Байқауымызша, соңғы уақытта қандай бір жағдайда жапа шегіп отырған азаматтар әділдікті интернеттен іздеп, қоғамдық резонанс туғызу үшін өз мәселелерін әлеуметтік желілерге жариялайтын болған. Мұның оң және теріс тұстары қандай? – Қазір әлеуметтік желілер көп тақырыптарды қозғайтын үлкен ақпарат алаңы мен құралына айналып отыр. Сондықтан жарияланған нәрселерді нақты тексермей, шынайылығына көз жеткізбей тұрып, кез-келген ақпаратқа сене беруге болмас. Мысалы, емделу үшін кішкентай балаларға көмек сұрап, ақша жинайтындар арасында да алаяқтар болады екен. Сондай-ақ бір мәселені одан сайын үлкейтіп, резонанс туғызуға мүмкіндік зор. Жағымсыз кейіпкерді жағымды қылып шығаруға да болады. Біздің ортадағы кемшілік және қоғамымыздың әлсіз тұсы – ақпаратты шайнамай жұта салуы, ақпаратты тексермеуі. Осы тұстан көп соққы алудамыз. – Стэндэлоун платформалар – блогтардың өміршеңдігіне әлеуметтік желілер біржола балта шапты деп ойламайсыз ба? Өзіңіздің блогыңыздың бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? – Иә, солай. Әлеуметтік желілер блогосфера тіршілігін азайтты. Жұрт бұрынғыдай жеке блогына жазғысы келмейді. Өйткені әлеуметтік медиада жазылған пост блогта жазылған постқа қарағанда тез арада лайк жинайды, көп пікір жазылады, оқылу ауқымы да кеңірек. Осылайша, әлеуметтік желі белсенділері де блогер атанып кетті. Өзім де қазір «Керек-Инфодағы» блогыма сирек жазатын болдым. – Сөз соңында өзіңіз ұйытқы болып отырған «Блогиада» сайысы туралы білсек. Биыл іріктеу сынынан сұрыпталып алынған блогшылардың сайысы екінші мәрте өтіп отыр. Бұл сынақ интернеттің қазақ тілді сегментінде жаңа таланттарды аша алды ма? Жалпы, «Блогиаданы» дәстүрлі түрде жыл сайын өткізу туралы жоспарыңыз бар шығар. – Блогиада ұйқыға кеткен қазақ блогосферасын ояту амалдарының бірі болатын. Былтыр алғашқы Блогиаданың іріктеуіне 75 адам қатысып, одан 32 блогер таңдалған болатын. Үлкен резонанс болды. Ал биылғысына 12 адам қатысты. Қомақты жүлденің өзі мотивация емес екен. Былтырғы қарқын биыл біраз адамды қорқытып тастады, менің ойымша, біраз танымал блогерлер жүрексінген сияқты. Бір жағынан, әр апта сайын берілген тақырыпқа пост жазып отыру да оңай емес. Бірақ биылғы сынға қатысқан жастар көп. Жаңа есімдер шығып жатыр, әділқазылардың пікірлері арқасында құнды кеңестер алуда. Олар үшін бұл жақсы тәжірибе деп ойлаймын. Келесі жылы Блогиада болмауы да мүмкін, биылғысынан кейін тоқтатсам ба деген ойдамын. Бәлкім, жеңілдетілген шағын нұсқасы болып қалар. Бірақ әзірше ешқандай нақты жоспарым жоқ. – Сұхбатыңызға рахмет. «Айқын» газеті.

Ұқсас жаңалықтар