«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Есептегішті ауыстырғаннан кейін электр бағасы неге шарықтап кетті?

Есептегішті ауыстырғаннан кейін электр бағасы неге шарықтап кетті?
www.istockphoto.com
Соңғы айларда тараз қаласы тұрғындары арасында жаңа үлгідегі электр қуатын есептеуіш құрылғыларына қатысты шағымдар күрт көбейді. Электрмен жабдықтау компаниясы қаладағы көпқабатты үйлер мен жеке сектордағы ескі құрылғыларды кезеңкезеңімен заманауи сандық есептегіштерге ауыстыруда. Алайда бұл жаңарту көптеген отбасылар үшін күтпеген шығынға алып келді.

Тұрғындардың айтуынша, жаңа құрылғы орнатылғаннан кейін ай сайынғы төлем көлемі бұрынғыдан 1,5-2 есе өскен. Мәселен, Тараз қаласы, Достоевский көшесіндегі көп қабатты үй тұрғыны Бахтыгүл Омарқұлова «Айына 10 мың теңгеге дейін төлемақы төлейміз. Өткенде ыстық су өшіп, су жылытатын электр пешін қосқанда тіптен айына 20 мыңға дейін төледік. Енді электр энергиясын тағы 40 пайызға қымбаттатады дейді. Онсыз да зейнетақымыздың бәрі осы коммуналдық қызметті төлеуге кетіп жатыр», – деп ашынып отыр.

Ал Т.Пірімқұлов көшесіндегі жеке үй йесі Айгүл Сәрсекова бұл өзгерісті әділетсіздік деп санайды. «Компания өкілдері жаңа құрылғыны дәл өлшейді деп түсіндіреді. Бірақ біз байқаған өзгеріс тек қымбатшылық. Бұрын электр қуатына айына 7 мыңға жуық төлейтін болсақ, қазір бұл сома екі есеге өскен. Жаңадан техника алмадық. Сол бұрынғы теледидар, кір жуғыш машина мен тоңазытқышты тұтынамыз. Жылыту маусымы басталмай жатып баға осындай болса, қыста пешті қосқанда не болар екен деп отырмыз», – дейді тұрғын.

Тұрғындардың шағымынан кейін Сыпатай батыр көшесінде орналасқан «Таразэнерго» орталығына бардық. Барсақ, есептеуіш құрылғысын тексеруді талап еткен халықтың қарасы көп екен. Тұрғындардың электр энергиясының бағасына байланысты шағымының мәнжайын Тараз қалалық электр жүйесіне қарасты Электр энергиясын бақылау және тарату қызметі басшысының орынбасары Рахымбек Ыбырай былай түсіндіреді: «Бұл есептеуіш құрылғы 2011 жылдан бері қойылып келе жатыр. Бұл «электр энергиясын өлшеудің автоматтандырылған жүйесі» бағдарламасы бойынша жүзеге асуда. Құрылғылардың жұмысында ешқандай өзгеріс жоқ. Иә, тұтынушылар бізге де шағыммен көп келіп жатыр. Бұл жерде назар аударатын мәселе – ол тариф.

Тариф өсіп жатыр. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап тарифтің өзгергендігі туралы біз БАҚ арқылы және әлеуметтік желілер арқылы хабарлаған болатынбыз. Мамыр айында тариф тағы өсті. Бірақ бұл жолы қаңтар айына қарағанда баға қатты өскен жоқ. Екінші назар аударатын нәрсе – ол лимит деген болады, яғни адам саны. Тұрғылықты мекенжай бойынша қанша адам тіркелгендігі маңызды рөл атқарады. Мәселен, тарифтың 3 түрі бар. Егер тұрғын электр энергиясын 80 кВт-қа дейін тұтынса бірінші тарифпен төлейді. Ол 1 кВт-қа 27 теңгені құрайды. Егер 80 кВт-тан асырып, 150 кВт-қа дейін тұтынса, екінші тарифпен, яғни 1 кВт-қа 34 теңгеден төлейді, 151 кВт-тан аса тұтынса, 43 теңгеден төлейді. Осы екі мәселеге назар аудару керек. Бұл есептеуіш құрылғылар қойылмас бұрын мемлекетті креестрге тіркелген. Энергетика министрлігімен келісілген. Тараз қаласы бойынша тұрғын үйлердің 95 пайызы осы жаңа есептеуіш құрылғыға көшкен. Енді облыс көлеміндегі елді мекендерге қойылып жатыр».

Сондай-ақ маманның айтуынша, ең алғаш эксперимент ретінде Тараздан бастау алған бұл жобаға бүгінде Көкшетау, Атырау және Шымкент қалалары қызығушылық танытып отырған көрінеді.

Қазір әлеуметтік желілерде де жаңа есептеуіш құрылғылардың ақшаны көп «жейтіндігі» қызу талқыланып жүр. Тұрғындардың басым бөлігі жаңа е септеуіш құрылғының жұмысына күмәнмен қарап, дұрыстығын тексеруді талап етуде. Шағымданушылардың жанайқайы мен маманның пікірінен кейін ұққаным, монополистердің бағаны жиі өсіретіндігінен бөлек, бұл жерде халыққа электр қуатын есептеу жүйесінің логикасын түсіндіру және тұтынылған электр қуатын тарифтің тиімді түріне ауыстыру жолдарын түсіндіру дұрыс жүргізілмеген. Яғни, мәселенің мән-жайы былай. Монополисттер жарықты бізге 3 түрлі бағада сатып отыр. Яғни, 80кВт-ға дейін 27,03 теңге, 81- 150кВт 34,50 теңге және 151кВттан жоғары тұтынсаңыз кВт-на 43,14 теңгеге сатуда. Бұл сома бір адамға берілген баға. Сондықтан үнемдеудің бірден бір жолы тікелей сол үйде тұратын адамның санына байланысты. Неғұрлым тұрақты мекенжай бойынша адам саны көп болған сайын, тариф бағасы да төмен болады. Ал халықтың көпшілігі, әсіресе үлкен кісілер үйде құжат бойынша тіркелген адам саны аз болса, шығын көлемі де аз деген бұрынғы түсінікпен қалып кеткен. Бұл түсінік кейбір коммуналдық қызмет түрлерін төлеуде тиімді болғанымен, дәл электр қуатын төлеуде мүлде тиімсіз болып тұр. Сондықтан жарықты төлеуде тиімді болу үшін жарық беруші мекемеге үйдегі адам санын растайтын қағаз апарып өткізу керек. Сосын олар электр қуатын өлшеуіш құралыңызды бірінші, не екінші тарифке ауыстырып береді де, сіз арзан бағада төлей аласыз. Тұрғындардың көбі пәтер сатып алғанда да кейбір коммуналдық қызметті өз атына ауыстырмай, «қазақшылыққа» салып біраз уақыт жүріп қалады. Ал сіз сатып алған мекенжай бойынша жарық беретін мекемеде бір, не екі адам тіркелген болуы мүмкін. Электр қуатын өлшеуіш құрылғымен төлейтін болған соң, жұрттың көбі осы мәселеге мән бере бермейді. Бұл жерде жарық беруші монополистердің жаңа есептеуіш құрылғыны орнатқан кезде түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмегендігін анық байқауға болады. Әр үйдің иесіне «Халыққа қызмет көрсету орталығынан үйде нақты тіркелген адам санын растайтын құжат әкеп өткізсеңіз, тариф адам басына белгіленгендіктен, жарықты төмен бағадағы тарифпен төлей аласыз» деген нұсқаулықпен халықты хабардар етпеген. Өйткені мекеме мемлекеттің емес, монополистің қолында болғандықтан, оларға халықтың электр қуатын жоғарғы тарифпен көбірек етіп төлей бергені керек. Осыдан кейін жарық беруші мекеменің тарапынан жасалып отырған бұл жаңашылдық кім үшін тиімді деген ой туындайды. Әлде бұл халықтың қалтасын қағудың тағы бір жолы ма?

Арна ЖҰМАТАЙ

Ұқсас жаңалықтар