– Жекпе-жек ұрыстан Ұлттық ұланның бес мәрте чемпионы болуыңыздың сыры неде?
– Мектепті аяқтаған соң, дене шынықтыру мамандығы бойынша кәсіби-техникалық колледжге оқуға түстім. Кейін білім алуды технологиялар және инженеринг университетінде жалғастырдым. 2014 жылы Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Ал 2016 жылдан бері әскери қызметтемін. Жекпежек ұрыспен 15 жылдан бері айналысып жүрмін. Жетістікке жетуімнің құпиясы жоқ. Тек тынымсыз еңбектеніп, алға қойған мақсатқа ұмтыла білу керек.
– Әскери қызметке қалай келдіңіз?
– Жақындарымның арасында әскери қызмет атқарғандары жоқ. Бұл салаға өзімнің саналы таңдауыммен келдім. Бастысы, өзіме ұнайды. Бұдан артық не керек? Сондықтан өз шешіміме өкінбеймін. Әрі-беріден соң ел игілігі жолында еңбек етіп жатырмыз деп санаймын.
– Әскери қызмет пен спортты қалай ұштастырып жүрсіз?
– Әскери салада жұмыс істейтін азаматтар үшін спортпен шұғылдану – аса маңызды. Әскери тұлға – дене бітімі келіскен, шымыр, батыл да батыр адам. Ал мұндай жан қалайша спорттан алыс болады? Жалпы, кез келген азаматтың ең болмағанда бір спорт түріне бейімі болады. Саналы ер жігіт жоқ дегенде салауатты өмір салтын ұстануға тырысады. Мұның өзі – жетістік. Меніңше, екеуі бір-біріне кедергі келтірмейді. Сондықтан әр ұландық спортпен шұғылдана білгені жөн. Бұл – әскеріміздің сапасын арттырады.
– Бізге сіздің спорттағы алғашқы қадамыңыз қай кезден басталғаны қызық.
– Спортқа 10 жаста келдім. Жастайымнан шаруаға ыңғайлы, спортқа әуес бала болып өстім. Шәкірт ретінде ең алғаш рет Алексей Мещеряковтен тәлім алдым. Кейін Ұлттық ұланның спорт командасын даярлау орталығының бастығы, полковник Сәтжан Әбішевтің қол астында жаттыға бастадық. Сол кісілер бізді әркез жігерлендіріп, барынша қолдап отырды.
– Спортты өмірлік серік еткен талай азамат әскердің мақтанышы саналады. Тіпті олардың арасында еліміздің мерейін асырып жүргендер де көп. Солардың бірі – өзіңіз.
– Асыра мақтап жіберген сияқтысыз (күліп). Шүкір, ұзақ жаттығулардың нәтижесінде бұл күнде біршама жетістіктерімнің бары рас...
– Атап өтсеңіз, артық болмас еді.
– Әлем чемпионатында әмбебап жекпе-жектен бірінші орын иеленгенмін, жекпе-жек ұрыстан Әлем кубогінің күміс жүлдесін, дәл осы спорт түрінен еліміздің екі дүркін, Ұлттық ұланның 5 дүркін чемпионы болдым. Бұдан бөлек 2 рет ел кубогінің иегері атандым. Айтпақшы, екі жыл бұрын Астанада өткен жекпе-жек ұрыстан әлем чемпионатында 3-орын алдым. Негізі бұдан да жақсы нәтиже уыста тұрған еді. Өкінішке қарай, алған жарақатымның салдарынан кезекті жекпе-жекке шыға алмай қалдым.
– Бос уақытыңызды қалай және қайда өткізесіз?
– Мұндай сәттерде жаяу серуендегенді құп көремін. Өйткені қазіргі техника мен технология дамыған заманда өзімізді өзіміз күтпесек болмайды. Сол себепті жаяу жүру денсаулыққа өте пайдалы. Мұнымен айтпасам да оқырмандар жақсы біледі. Оның үстіне күйбең тірліктен бір сәтке оқшауланып, оңашаланған да ұнайды. Сана сергісе, жүрек тыныштық табады. Ал жаныңа жайлылық сыйлай алсаң – өзіңді-өзің тәрбиелегенің. «Жеңістің ең үлкені – өзіңдіөзің жеңгенің», – деген сөздің жаны бар. Кержалқаудың жанын қаритын, бос белбеу жігіттің намысын оятатын-ақ сөз. Сондықтан мен бос уақытымда өзімді физикалық тұрғыда ғана дамытпай, рухани жетілдіруге де күш саламын.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Есен ӨТЕУЛІ.
Ұқсас жаңалықтар
«Еңбек еткенде қарапайым ережені сақтау маңызды»
- 4 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




