«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел арасына іріткі салмақ болған Тайчибеков

Ел арасына іріткі салмақ болған Тайчибеков
ашық дереккөз
Ел арасына іріткі салмақ болған Тайчибеков

жындыханаға жатқызылды pogudx3r2rbpm8dvu.ef2f1218Ғаламтордан ел арасына іріткі салғысы келген Тайчибеков дегеннің бейнеролигін көрмеген адам жоқ шығар. Бастапқыда мен оны  Ресеймен шекаралас облыстың бір тұрғыны шығар деп ойлағам. Сөйтсем, ол Қордайдың «қазағы» болып шықты. «Facebook» және «В контакте» әлеуметтік желілерінде ресейшіл пікірлерімен танылған, 37 жастағы облыс  тұрғыны Ермек Тайчибековтің үстінен жуырда қылмыстық іс қозғалды. Тұрақты оқырмандарымыздың есінде болса, «Ақ жол» газетінде «Тайчибеков қашанғы тайраңдайды?» (13 тамыз, 2014 жыл), «Тайчибековке тұсау жоқ па?» (13 қыркүйек, 2014 жыл) деген мақалалар жарық көрген болатын. Ғаламтор беттерінде тілшілердің де пікірлері  қоғамға үндеу ретінде  жарияланып, қозғау салған-ды. Онда өзін «тараздықпын» деп таныстырған  Ермек Тайчибеков дейтіннің «Қазақстан Ресейдің губерниясы болу керек» деп көкіп жүргенін қынжыла қозғап, «Құзырлы органдар қайда қарап отыр?» деген сұрақ көлденеңінен қойылған еді. Ұлттық намыс, елдік мүддені аяққа таптап жатқанын көре-біле тұра құзырлы органдар үнсіздік танытқанымен, тұрғындар бұған бейжай қарай қойған жоқ.  Кейін Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков Тайчибековтің  әрекетін сынға алып, «Қазақ елі» халықтық қозғалысының төрағасы Ғабдолла Қажымұқан баспасөз беттеріндегі өз жазбасында «Тайчибеков сияқты сыртқы күштердің ықпалындағы және солардың астыртын қолдауына ие болып отырған азаматтар Қазақстанның саяси Тәуелсіздігін жойып, халқын бодан етуге құштар әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс» деп мәселе көтерген. Сонымен қатар, ол Мұхтар Тайжанның Ермектің әрекетіне шара қолдануды сұрап, прокуратураға арыз жазып, сотқа шағымданғанын, алайда, сот пен прокуратура өкілдерінен Тайчибековтің «тірлігінде» ешқандай қылмыстық әрекеттің дерегі  жоқ деген жауап алғанын жазған-ды. «Сонда Ресей империясы қайта орнап, Қазақстан оның губерниясы болғанын тілейтін, Қазақстан Тәуелсіздігіне, мемлекетке қарсы шығып, оны төңкеру ниеті барын анық аңғартудан артық қандай қылмыс болуы мүмкін?» деді Ғ.Қажымұқан. Ал Тайчибеков ештеңеден тайынбайды. Керісінше ол Қазақстанның Ресей губерниясы болғанын қолдап, бір жылқыны құрбандыққа шалып, елдігімізді мазақ еткісі келді. Сонымен қоймай, ел азаматтарын Ресейдегі әскерге шақыра бастады. Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Тұрақты әскерге жазылу. Ресей Федерациясы аумағында күтіп алады. Тамақтандырады. Жаңа Ресейге алып барады. Оқытады. Жақсы жалақы. Сыйақы да бар» деп хабарландыру қалдыруы – саналы адамды түрлі ойға жетелейді. Жазбада Тайчибеков өзінің байланыс телефонын қалдырып, жасақшылар көшбасшысымен жақсы таныс екенін де жеткізген. Тайчибеков мұнымен де тоқтаған жоқ. Биыл шілденің 27-сі күні «Ермек Тайчибеков» деген атпен ашылған «Facebook» парақшасына «Еуразия экономикалық одағының әуелі экономикалық, содан соң бірыңғай саяси кеңістікке ұласқанын, ортақ армия, ортақ азаматтық, орыс тілі мемлекеттік тіл, мемлекеттік валюта рубль болғанын қалаймын» деген жазба жариялады. Иә, бұны саналы азаматтың ісі деуге аузымыз бармайды. Осы пікірімізді  дәлелдегендей, жуырда оның Алматы қаласындағы психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығына жатқызылғаны жөніндегі ақпарат тарады.  Қазақстандық және ресейлік БАҚ пен әлеуметтік желілерде  оның  жақтастары бой көрсетіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Ермек Тайчибековті психиатриялық ауруханадан дереу босатуды талап еткен петиция жаза бастады. «Ермек Тайчибеков» деген атпен ашылған «Facebook» парақшасында оны қолдаушылардың бірнешеуінің пікірі жарық көрді. Өзін Ресейдің Екатеринбург қаласының тұрғынымын деп көрсеткен Иван Блинов есімді «Facebook» қолданушы Қазақстан Президенті атына жолдаған жазбасында қоғам қайраткері, блогер Ермек Тайчибековті психиатриялық ауруханадан шұғыл босатуды талап еткен. Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК)  облыстық департаментінің 9-басқармасы басшысының орынбасары Жоламан Нұрпейісов Ермек Тайчибековтің Алматыдағы психиатрия орталығына жатқызылғанын растайды. «Ермек Тайчибековтің үстінен 2015 жылы маусым айының 30-ы күні Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» аталатын 174-бабының 1-тармағы бойынша іс қозғалды да, тергеу кезінде Ермек Тайчибековке сот-психиатриялық сараптама жасалып, сарапшылар «ақыл-есінің ауытқу белгісі бар» деген қорытындыға келді. Тамыздың 12-сі күні ол Алматыдағы психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығына бір айға тексеруге жатқызылды», – дейді ол.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар