Зейнетақы жаңаша есептелетін болды

Зейнетақы жаңаша  есептелетін болды
ашық дереккөз
Зейнетақы жаңаша есептелетін болды

Мемлекет басшысы зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл заң зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше,  заңда базалық зейнетақының төлемін тағайындау тәртібін өзгерту қарастырылған. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты және зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана тағайындалатын болады. Бұл ретте, зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне мыналар қосылады - ынтымақты жүйедегі өтіл (1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтілі), сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналар аударылған кезең (зейнетақы жарналары аударылған нақты өтілі). Егер азаматтың еңбек өтілі 10 жылдан аз немесе еңбек өтілі мүлде болмаса онда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің (КД) 50 пайызын құрайды. Базалық зейнетақының мөлшері 10 жылдан артық өтіл үшін жылда 2 пайызға ұлғайтылады, өтілі 35 жыл және одан көп болған жағдайда КД 100 пайызын құрайды (өтілі 20 жыл болса базалық зейнетақының мөлшері - КД 70 пайызын, ал 30 жыл болса КД 90 пайызын құрайды). Бұл норманы іске асыру үшін 2017 жылы 1 шілдеден бастап қазіргі зейнеткерлердің зейнетақы істеріндегі құжаттардың негізінде базалық зейнетақы механизмі өзгертіледі. Сондай-ақ, бұл заңға сәйкес, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық әлеуетті құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру толық мемлекеттік қамсыздандыруға ауыстырылатын болады. Олардың зейнетақысының мөлшері қызметтен босатылған кездегі еңбек сіңірген жылдары және ақшалай қамтылымына қарай есептеледі. Жалпы ұсынылып отырған өзгерістер нәтижесінде азаматтардың зейнетақы төлемдері мынадай бөліктерден тұратын болады: 1) зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын базалық зейнетақы төлемі; 2) 1998 жылғы 1 қаңтарға кемінде алты ай еңбек өтілі бар адамдарға орталықтан төленетін зейнетақы төлемі; 3) БЖЗҚ-дан: қызметкердің жеке 10 пайыз міндетті зейнетақы жарналары; жұмыс берушінің қосымша 5 пайыздық зейнетақы жарналары; 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын) (2023 жылдан бастап) есебінен зейнетақы төлемдері; 4) ерікті зейнетақы жинақтары.

Ұқсас жаңалықтар