«Ердің ерлігі – еліне мұра» дегендей, ардагерлердің ерлігін ұрпаққа өнеге ету арқылы өскелең ұрпақтың отаншылдық рухын шыңдаймыз. Осыны ескерген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы және қалалық ардагерлер кеңесі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Ол күндердің өшпес даңқы!» атты акция өткізді. Орталық «Достық» алаңынан бастау алған шараға қаламыздағы соғыс ардагерлері қатысты. Акцияның ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат сөз сөйлеп, бұл шараның маңыздылығына тоқталды. – Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығы елімізде кеңінен аталып өтуде. Осынау айтулы мерекеге орай облысымызда көптеген іс-шаралар атқарылды. Жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкер азаматтарымыздың қолдауымен ардагерлерімізге қамқорлық көрсетілуде. Соның бір дәлелі – осы шара, – деп атап өтті Шәбден Тоқтасынұлы. Ұлы Отан соғысының ардагері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Төребеков барша ардагерлерге қамқорлық танытып жүрген өңір басшылары мен азаматтарға алғыс білдірді. Қалалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен көптеген игілікті іс-шаралардың атқарылғанын сөз еткен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылықбай Тәжібаев осы бастамаларға қолдау көрсеткен жандарға ризашылығын жеткізіп, бірқатар демеушілерді Алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова, облыстық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрайымы Светлана Касенова және Ғани Каримов, Сейдахмет Қалтаев, Сатыбалды Ниязов, Жанна Дегай сынды кәсіпкерлер бар. Акцияда ардагерлерге сый-сияпаттар тапсырылды. Қаладағы ардагерлеріміздің ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ. Акцияға келуге мүмкіндігі болмай қалғандарға арнайы әлеуметтік сала мамандарынан құрылған топтар үйлеріне барып, тегін медициналық көмек көрсету, тағы да басқа қызметтерге қол ұшын беру қарастырылған екен. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Одан соң қолына ту ұстаған жастар ардагерлерді джип автокөлігіне мінгізіп, қала көшелерін аралатты.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді