«Арманым – өнерді ойыншыққа айналдырып жүргендерге тосқауыл қойылса...»

«Арманым – өнерді ойыншыққа  айналдырып жүргендерге тосқауыл қойылса...»
ашық дереккөз
«Арманым – өнерді ойыншыққа айналдырып жүргендерге тосқауыл қойылса...»

15Бақыт Шағырбаев:

«Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі қонағы белгілі әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Бақыт Шағырбаев

– Шатаспасам, осыдан үш жылдай уақыт бұрын Қазақ радиосында ән айтып, сонда Қазақстанның әншілерін ән сайысқа шақырып, ерекше жоба ұсынған едіңіз. Сол ойыңыз жүзеге асты ма? 16- Иә, 2012 жылы Қазақ радиосының тікелей эфирінде тапжылмай жарты сағат ән шырқадым. Бағдарлама соңынан  еліміздегі әншілердің барлығын қазақтың 100 әнін айтуға жекпе-жекке шақырып, үндеу тастадым. Сайыс талабы – сөзінен жаңылмай, әуенінен ауытқымай,  100 әнді тоқтамай орындау. 100 ән орындауға шамамен бес сағаттай уақыт кетеді, сол уақытта тамақ та қарлығып қалмауы керек. Бірақ, үш жылдан бері үндеуіме ешкімнен  жауап болмады. Енді жарысқа облысымыздағы әншілерді шақырсам ба деп отырмын. Менен де мықты дүлдүлдер шығатын шығар, кім білсін. 14Ал мұндағы менің мақсатым – өнерді ойыншыққа айналдырып, арзанқол әндерімен сахна төрін былғап жүргендерге тосқауыл қою. Өйткені, бүгінгі әншілер тірі дауыспен өнер көрсетуді ұмытқан. Екі сөздің басын құрап, санаулы нотаны жүз құбылтып, өмірге ән әкелдім деп дүйім жұртқа жар салуға бейім. Сахна құдіретін түсінбейтіндер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Ел аузында жылдан-жылға жалғап айтылмақ түгілі, аты айға жетпей ұмытылатын, дайын фонограммамен орындалатын әндер көбейді. Олардың халықты қашанғы алдап күн кешетіні тағы беймәлім. – Өзіңіз тек жанды дауыста ғана ән шырқайсыз ба? Фонограмманың көмегіне мүлдем жүгініп көрмегенсіз бе? – Біраз жыл бұрын мен де көштен қалмайын деп, фонограммамен  3-4 ән жаздырғанмын. Сөйтіп бір күні бір тойда ән айтып тұрғанмын. Сосын көзім есік жаққа түсіп кетті. Қарасам, екі жолдас жігіт келе жатыр екен. Дереу микрофонды қалтама сала салдым да, барып құшақтасып амандасып, солармен бірге үстелге жайғасқанмын ғой. Ойымда түк жоқ.  Фонограмма өлең айтып жатыр. Музыкант жігіттер, асаба аңтарылып қарап қалыпты. Олар ғана емес, елдің бәрінің көзі менде. Сосын кейін барып біреу түртті де: «Ей, сен жаңа ән айтып тұр едің ғой» дейді. Асабалар арғы жақта: «Масқара болдық қой» деп ұрысып жатыр. Ұялған тек тұрмас деген, «Бәрібір айтылып жатыр ғой, не болды соншама?» деп қоямын. Содан кейін фонограмма жаздырмайтын да, айтпайтын да болдым. – Сіздің туған жеріңіз – Талас ауданы. Әйткенмен, соңғы жылдары өзге облыстарда қызмет еттіңіз. Қайда болдыңыз, қандай қызмет атқардыңыз? – Мен 1966 жылы  Талас ауданы, Тамды ауылында дүниеге келдім. Бойымдағы өнер ананың ақ сүтімен, әженің әлдиімен келді. Қазақта: «Екейде елу бақсы сексен ақын, Жаратып мінеді екен ерттеп атын. Қобызы, домбырасын қолына алып, Гулейді жын қаққандай кешке жақын» деген шумақтар бар. Біздің нағашы жұртымыз – шапыраштының Екейінен шыққан. Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Азаттық ауылы. Әжеміз жазғы каникулда  бізді үш айға нағашыларымызға алып баратын. Сонда нағашыларымыз алма бақтың ортасына киіз, көрпеше төсеп алып, өлеңді көп айтатын.  Мен сол алма бақтың ішіндегі өнерпаздардың әсем әніне құлақ құрышын қандырып өстім. Көршілес қырғыз бен қазақтың халық әндері жастайымнан жадымда жатталып қалды. Біраз жыл өзіміздің ауданда Мәдениет үйінде әнші болып қызмет еттім. Өмірдің аумалы-төкпелі кезеңдерінде мұғалім, тракторшы да болдым. Академик Мырзатай Жолдасбеков  ағамыздың шақыртуымен Астанада төрт жарым жыл қызмет еттім. Онда «Қоңыр қаз» ансамблін басқардым. Менен бұрын ансамбльді Секен Тұрысбеков басқарған екен. Одан кейін сол кездегі Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтің шақыруымен Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында қызмет атқардым. Жетісу өңірінде сегіз жарым жылдай тұрдым. Былтырғы жылдың қыркүйек айынан бастап осындамын.  Мұнда келуіме облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлының: «Бақыт, сен қазір өзге облыстарда қызмет етіп жүрсің. Сен зейнетке шыққаннан кейін елге келмей-ақ қой. Зейнетке дейін келіп қызмет жасауың керек» деген бір ауыз сөзі түрткі болды. Сонымен сол кісінің шақыртуымен келдік. Келе сала жаңа баспана берді. Өнерді түсінетін осындай басшы әр облысқа  керек деп ойлаймын. – Облысқа келе салысымен аудан, ауылдарды аралап, тегін концерт беріп жүргеніңізді де естіп жатырмыз. Бұған дейін қызмет еткен өңірлерде де осындай үрдістен жаңылмаған екенсіз. Ел-елді аралағанда халықтың қазіргі әншілерге деген көзқарасынан нені байқадыңыз? Ілтипаты қандай? – Талдықорғанда жүргенде сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов ағамыз филармонияның әртістерін шақырып алды да: «Астарыңда көлік, айлық жалақыларыңды уақтылы алып отырсыңдар. Енді неге ел-елді аралап тегін концерт бермеске?» – деді.  Сол ұсынысты бірінші болып мен іліп алып кеттім. Жетпіс ауылды аралап шықтық. Сонда қасымда жүрген кейбір әншілер «Шаршадық, тегін жүре береміз бе?» дегендей сыңай танытты. Мен сонда «Ертең осының қайтарымы болады, сонда рахмет айтасыңдар», – дедім. Содан біраз уақыттан кейін-ақ, жігіттерден «Біздің ауылға барып концерт қойсаңыздар» деген өтініштер түсе бастады. Біраз жігіттер рахметін айтты, одан жаман болған жоқпыз. Адамның  көріп жатқан сый-құрметінің барлығы да өзінің жасаған жақсылығына қарай болады. Қазақтың жігіттері қашанда мәрт болған, пейілдерін кеңге салған. Қазір де солай болуы керек. Елбасымыз бір сөзінде «Ей, қазақтар, біз азбыз деп айтпаңдар. Бұл сөзді ауыздарыңнан естімейтін болайын. Әр ұлттың пейіліне қарай Алла тағала жер берген. Осыны естен шығармаңдар» деген болатын. Осы орайда Жарылқасын Аман ағамыздың да: Барың болса қонақтан аямағын, Жалғыз жеген ас болмас жая-жалың Адам күні адаммен, көпті көріп, Көп көргеннен көгерер саябағың. Пейілде ғой бәрі де берекенің Көл етемін десең де, шөл етемін. Малым алсаң ал Құдай, пейілімді алма Деген қазақ ұмытпа ел екенін. Ер жігітті кемітер сараңдығы Шығармағын есіңнен балам мұны Адам пейілі күннен де жарығырақ, Жарқ еткізер күн түспес қараңғыны, – деген өлеңі ойға оралады. Сол сияқты қазақтың жігіттері шалқып жүруі керек. Балқаш ауданы, Желтораңғы деген ауылда Қонайдың қыстағы деген Дінмұхаммед Қонаев атамыздың бабаларының тұрған жері бар. Сонда Қонаев атамыздың атындағы мектеп бар. Жылда 12 қаңтар –Дінмұхаммед Қонаевтың туған күнінде сонда барып тегін концерт беремін. Биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың да өмірге келген күнін қосып алдым. 9 ақпанда Қарасазға барып концерт қойып қайттым. Алла қаласа, бұл да тек осы жылмен ғана шектелмейтін болады. Елбасымыз 70 жасқа толарда да 70 ауылды тегін концертпен аралап шықтым. Талас ауданындағы ауылдарды түгел араладым. Жамбыл ауданының 13 ауылын, Алматы облысының Жамбыл, Қарасай аудандарын, Жаркенттегі Панфилов, Балқаш, Ескелді аудандарын,  батырлардың ауылдарының бәрін аралап шықтым. Бұл жерлердің барлығы да атақты кісілердің шыққан жерлері. Мысалы, Зылиха Тамшыбаева, Күләш Айтжанова, Адалият Зайнуддинова, Мәриям Аябаева деген апаларымыз, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Нұрмолда Алдабергенов деген атамыз бар. Бір қызығы, ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаев екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған. Мойынқұмдағы Жазылбек Қуанышбаев атамыз да екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағының иегері. Нұрмолда Алдабергенов атамыз – Алматыда. Осы үш атамыз да қыз алыспайтын ең жақын ағайындар екен. Ел дегенде бүйрегі бұрмайтын қазақ болмайды. Жақында Талас ауданының әкіміне: «Аға, мен ауданға барып бір тегін концерт беріп кетейін. Ештеңенің қажеті жоқ. Қасыма 2-3 әншіні ертіп аламын да, тегін өткізіп кетемін», – дедім. Ондағы мақсатым – елге келгенімді білдіру. Мен келіп алып «Концертім 500 теңге не болмаса 1000 теңге еді. Өткізіп беріңдерші» деп айтпаймын ғой. Мен сол жерде отырған 500 адамның батасын алсам да жеткілікті. Ал оның қайтарымын Алла Тағаланың өзі реттейді. Маған кезінде Астана қаласынан үй берілді, Қаратау қаласында, Талдықорғанда да пәтерлерім бар. Осында келіп те үйлі болып жатырмын. Мұның бәрі ең алдымен, халықтың батасының арқасында деп ойлаймын. Бірде Ойық деген ауылға бардық. Сонда мектепте қырық жыл мұғалім болған бір қария концерт соңында батасын берді. Ақсақал: «Баянмен, домбырамен қосылып айтқан әнді естімегелі қай заман. Көзімізге жас келіп отыр. Керемет бастама екен», –  деді. Халықтың жанды дауыстағы, жүрекпен айтатын әншілерге деген ықылас-ілтипаттары ерекше болған, солай болып қала беретініне сонда тағы бір көзім жетті. Жеңіл-желпі әндер мен әншілерге де халық өзінің шынайы бағасын береді. – Батаменен көгеріп отырғаныңызды айтып қалдыңыз. Тағы қандай аузы дуалы атқамінерлерден бата алған едіңіз? – 1992 жылы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев атамыз алғашқы ғарышкер ағаларымыз Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевты ертіп, Талас топырағына келді. Мен ол кезде ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі болатынмын. Сценарий бойынша сахнаға шығып, «Қара бауыр қасқалдақ» әнін орындадым. Желтоқсан оқиғасынан кейін туған әннің құдіреті тым күшті еді. Оны орындағанда өзімнің де көзіме жас үйірілетін. Ән Димаш атамызға да қатты әсер еткен болу керек, келіп, қолымнан алып, бетімнен сүйіп, мінбеге қолымнан жетектеп алып шықты да, батасын берді. «Балам, өнер адамын халық іздеу керек. Сонда ғана бақытты өмір сүресіңдер. Алла қаласа, жаман болмайды екенсің. Мінекей, дүйім жұрттың алдында тұрып бата алу – әркімнің басына қонбайтын бақ.  Осыны есіңнен шығарма!» – деді. Өкініштісі, сол сәттен бір сурет алмаппын. «Баталы құл арымас» деп бекер айтылмайды ғой. Сосын 1998 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Қарасай батырдың 400 жылдық тойына бардық. Сол жерде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мен Сара Алпысқызының алдында ән салдым. Мұнан соң 2001 жылдың 25 мамырында Нұрсұлтан Әбішұлы кезекті іссапарымен тағы да облысымызға келген болатын. Сол кезде де алдында тұрып ән салдым. Сонда Нұрағамыз: – Бауырым, өтінішің бар ма маған? – деді. – Бар, аға – дедім. – Айта ғой, – деді Президент. – 1992 жылы Талас топырағына Дінмұхаммед Қонаев атамыз келіп, маған бата берген. Сол қазір қабыл болып, сіздің алдыңызда тұрмын. Сіз де маған бата беріңіз, – дедім. Елбасы орнынан тұрып: –  «Жақсы сөз – жарым ырыс», балам. Тек қана халықтың ортасында жүр, – деп бата берді. Алғысымды айтып, есіктен шығып бара жатқанымда: – Ей, бауырым, Астанаға ауысасың ба? – деді Нұраға. Бұрылдым да: – Пәтер берсеңіз ауысамын ғой, аға, – дедім. – Мен айтып көрейін енді, мен айтсам мүмкін беретін шығар, – деп Елбасы күлді. Содан 3 айдан кейін Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, академик Мырзатай Жолдасбеков ағамыз жұмысқа шақырып, «Әзірге осында тұра тұр» деп,  2 бөлмелі жатақхана берді. Кейін еш қиындықсыз  жатақхананы өзімнің атыма жаздырып берді. Елбасы Астанаға ауысу туралы ұсыныс айтқанда, қасында сол кездегі экономика министрі Жақсыбек Құлекеев ағамыз отырған болатын. Сонымен, Астанада жүріп көптеген қайраткер, ғалым ағаларымызбен жұмыс істеп, етене араластық. Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Байгелді, Ақселеу Сейдімбек, Рымғали Нұрғали, Несіпбек Айтұлы, Қойшығара Салғара, Хангелді Әбжанов, Қаржаубай Сартқозы сынды біртуар ағаларымыздың қасында жүрдім. Ол кісілермен отырудың өзі бір ғанибет. Әңгіме айтқанда, қонақта отырғанда «Кешегі сөзін бүгін де айта ма, айтпай ма екен» деп бір-бірін аңдып отыратын. Сосын бір жерге қонаққа шақырса, «Ертең мен не айтатынымды бағып отырады ғой» деп, сақтанып баратын. Сондықтан, кешегі әңгімесін бүгін айтпайтын. Ауылдың арасындағы,  майда-шүйде әңгімелерді сөз етпейтін. Сондай бір отырыстың кезіндегі Ақселеу Сейдімбек ағамыздың: «Егер мен жақсы әнші болар болсам, басқа мамандықтың бәрін тәрк етер едім, мамандықтың төресі – әншілікте. Екінің бірі әнші бола алмайды. Әннің ішіне кіріп айтыңдар, жүрекпен айтыңдар», – дегені жадымда қалыпты. Мырзатай  ағамыз да нағыз өнер жанашыры. Сол кездің өзінде Астанадағы екі жүзден аса өнер адамына үй берген екен. – Ән айтумен ғана шектелмей, әдебиетті де сүйетін секілдісіз... – Иә, жас кезімде «Абай жолын» оқығанмын. Былтыр тағы оқыдым. Сөйтсем, оқыған сайын басқа қырынан ашыла түседі екен ғой. Ақын Нарша ағамыздың кітабын қалтама салып жүремін. Бірде мынадай қызық болды. Өнер адамдары өзі еркелеу болып келетін халықпыз ғой. Серік Әбікенұлы сол еркеліктерімнің бәрін көтере білетін еді. Бірде сол кісі ашуланып, «болды, өтінішін жазсын да, жұмыстан кетсін!» деді. Сонда өзім жатқа білетін Нарша ағамның бір шумақ өлеңі ойыма орала кетті. Өтініштің орнына сол өлеңнің екі шумағын. Керек емес, айлығың кетем мен, Бас шұлғуға жан емеспін еті өлген. Бағаланар бағынумен басқаға, Басыбайлы қу тірлікті не етем мен?! Қош болыңдар, қоқаңдаған қожалар, Мен емеспін мансап сұрап мазалар, Өз күнімді бірдеңе қып көрермін, Өзі берген жанын Құдай өзі алар! – деп жазып бердім. Сол арызымды филармонияның директоры алып, облыс әкімінің орынбасары Серік Мейірханұлы ағамызға берген. Ол кісі оқып алып: «Мынаны Серік Әбікенұлына көрсетпесем болмайды» деп облыс әкіміне алып барғанда Серік ағамыз мырс етіп күліп жіберіп: «Бұл Бақыттың сөзі емес, Талас ауданында Нарша деген «сыбайласы» бар. Сол кісінің сөзі ғой. Ештеңе етпейді, бір ерке жүреді орталарыңда. Бұған бос уақыт көбірек беріңдер, жүре берсін», –  деген екен. Жалпы, өзіме ұнаған кез-келген өлеңді естіген жерімнен сұратып, жаттап жүремін. Мысалы, Дінмұхаммед Қонаев атамызға арналған  оңтүстікқазақстандық ақын Әбілда Аймақтың: Сенің орның биіктерде, тереңде, Сыймайсың сен сырлы әнге, өлеңге. Өмір бойы әлпештеген қазақты Сендей бекзат қайта айналып келер ме? Алатаудай қабырғалы ұлығым, Пайғамбардай өмір кештің тұнығым. Тіршіліктің жүрегінде қалыпты Қаратаудай мұқалмайтын сынығың, – деп басталатын өлеңін сүйіп оқимын. – Ішімдік ішесіз бе? – Жоқ. Жалпы мен араққа қарсымын. Ол шабыт береді дейді. Далбаса! «Тағдыры солай болды, дәм-тұзы таусылған да» деген бір сөзге үйреніп алғанбыз. Алланың алдында ешкім ақтала алмайды. Маған арақты 1996 жылы әкем жарықтық қойдырған. «Не өлеңмен бол, не осымен бол» деп. Өзі ауылдың имамы болды. Сосын өзім бір нәрсеге ұшырап кетем бе деп қорықтым, әкем Құран ұстап отырғаннан кейін. Анам жарықтық өле-өлгенше «намазға жығыл» деп айтып отырушы еді. Қазір 4 жылдан асты, жұбайым екеуміз де намаз оқимыз. – Әлгінде Серік Әбікенұлының «еркеліктеріңізді» кешіргенін айтып қалдыңыз. Егер ішімдік ішпесеңіз, ол қандай еркелік сонда? – Еркеліктің де неше түрі болады ғой. Мәселен, жұмыстан кешігу, дайындықтарға бармау деген сияқты.  Бірде Талдықорғанда жүргенде 8 Наурызда баянымды алып, мерекелік концертке барғанмын ғой. Келіншегімді де алып барып, алдыңғы қатардың біріне отырғызып қойғанмын. Әкім баяндамасын оқып болды. Бірнеше әнші шығып, әнін айтып кетіп жатыр. Менің кезегім қашан екен деп, бағдарламаны барып көрсем, есімім жоқ. Сосын Мәдениет үйінің директорын шақырып алдым. «Бұларың не, мені шақырып едіңдер ғой. Ана жерде әйелім отыр», – дедім. Сөйтсем: «Бауырым, сен дайындыққа келмей жүрген соң тізімнен алып тастадық», – дейді. Сосын «Облыс әкімінің орынбасары қайда отыр?» дедім де, тура ортамен Серік Үмбетовтің алдын айналып, облыс әкімінің орынбасарының алдына барып тізерлеп отыра қалдым да: – Концертте мен неге жоқпын? –  дедім. – Енді өзің дайындыққа келмеген соң алып тастадық. – Қосыңыз, әйелім де келіп отыр, ұят болады. – Бопты, қосамын, бірақ мына шетпен жүрші, елдің бәрін қаратпай. – Енді айтсаңызшы, қазір айтыңызшы звондап, – деп мен де қоймаймын. Сосын ол кісі телефонмен хабарласып, «Сәбит, Бақытты «Шыны биін» билейтін бишілерден кейін қос» деді де, болды, мына шет жақпен шығып кет, – деді. – Елді айналуға болмайды, – дедім де, келген ізіммен залдың қақ ортасымен сахна төріне бір-ақ шықтым. Серік Әбікенұлы көзілдірігінің астымен бір қарады да қойды. Мәселен, сондай еркеліктерді көтеретін басшылар да, көтермейтін басшылар да бар. Мен облысқа жаңадан келіп жатырмын ғой. Жақында бастаймын енді еркелікті (күлді). Сау жүріп, еркелеген еркелікті басшылар көтере біледі деп ойлаймын. – Қазір кейбір шығармашылық адамдары «тағдырлы ақын, тағдырлы әнші» деген сөзді өздеріне теліп айтқанды ұнататын секілді. Ол бәлкім, «тағдыры қиын болғандардан, балалық шағы ауыр өткендерден жақсы шығармашылықтың адамы шығады» деген секілді пікір қалыптасқандықтан да болар деп ойлаймын. Сіз өзіңізді солардың қатарына жатқызасыз ба? – Жоға, мен өзімді тағдырлы әншімін демеймін. Жоғарыда айтқанымдай, балалық шағым тек ойын-сауықпен өтті. 8-сынып оқығанша әжемнің қасында ұйықтаған ерке бала болдым. Отбасымызда бес ұл, бес қыз тәрбиелендік. – Бұл сұрақты бір жағынан сіздің студент кезіңізде партия қатарынан аласталып, оқудан қуылғаныңызды, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шыққаныңызды білгеннен кейін, сол жайлы сыр шерте ме деп те қойған едім... – Жезқазған қаласында мамандығы шахтер болса да, сазгерлігі мен ақындығы басым, ұлтжанды Шымболат Ділдебаев  деген азамат өмір сүрді. Тілі мен ұмытылуға айналған ұлттық дәстүрін коммунистердің озбыр саясатынан арашалап қалуға ұмтылған оған жазаның небір түрі таңылып, темір торға тоғытылды.  Мен сол Шымболаттың шындықты жырлаған термесін студент кезде оқу ордасының сахнасынан орындаған болатынмын.  Ол терме былай басталатын:

Сөйле, тілім, алаңдама, тартынба, Найзағайдай шындықты айтып жарқылда. Қалай ғана өмір сүрдім дей алам, Бірауыз сөз қалмаған соң артымда. Заман қалай, адам қалай өзгерді, Өзгергенін, шүкір, қазір көз көрді. Арың менен ақиқаттың алдында Шындықты айтып шыңғыратын кез келді. Айтса нанар аңғал халық едік қой, Аңғалдықтан талай таяқ жедік қой. Халқымыздың қамын жеген ұлдарды О, ғаламат, халық жауы дедік қой, – деп. Содан «ұлтшылсың» деген әдеттегі  айыптың бірі маған да тағылды. Партия қатарына кіру көзден бұлбұл ұшты. Оқудан қуылып, бір жарым ай түрмеде де жатып шықтым сол үшін. Кейіннен ауылға кетіп, клуб меңгерушісі, музыка пәнінің мұғалімі, тракторшы болып түрлі жұмыстар істедім. Бірақ, қай кезде де өнер әлемінен түпкілікті алыстамауға тырыстым. – Репертуарыңызда қанша ән бар, қалай таңдайсыз? – Бірде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев іссапармен келді.  Оны бірер күн бұрын естіп алғанмын. Сосын қызыма «Бердібек ағамыздың туған  жерін интернеттен көрші» дедім. Ол көрді де, «Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданынан» екен деді.  Мен осыған орай Бексұлтан Байкенжиев ағамыздың «Гүлденген Жаңақорған» деген әнін жаттап алдым. Бердібек ағамыз келгенде «Аға, туған елдің бір әнін тыңдасаңыз» дедім де, әлгі өлеңді айттым. Бердібек Машбекұлы қуанғаннан ба, орнынан тұрып кетті. Жанындағылар «Неге тұрдыңыз?» деп сұрап жатыр. «Менің ауылымның әнін айтып жатыр ғой, тұрмағанда...» – деді ол кісі. Сол секілді, келетін қонақтардың қай жерден екенін біліп алсам, сол жердің әнін айтып шығамын. Жалпы, репертуарымда екі жүздей ән бар. Оның ішінде Шал ақынның, Майлықожаның он шақты термесі, халық әндері бар. Түрлі салаға, мамандыққа байланысты өлеңдер бар. – Ал жүректен шығу деген әңгіме ше? Ән әр кезде де  жүректен шыға бере ме, әлде... – Иә, жүректен шығады. Әнді жақсы көріп айтсаң ол қалай жүректен шықпайды? Жүректен шығып, жүрекке жеткеннен кейін шығар, тыңдарман ризашылығын білдіріп, сыйлық та ұсынып жатады. 1999 жылы Заманбек Нұрқаділов ағамыздың алдында ән салған болатынмын. Менің қолымдағы ескілеу баян еді. Соны көріп, Заманбек ағамыз:  «Бақыт, бауырым, халық жігіттің астындағы атына қарап бағалайды. Ал сенің атың – баян. Менің атымнан Серік ағаң саған жаңасын әпереді», – деді. Содан жаңа баянды болғанмын. Одан кейін де баян сыйлағандар болды. Мен де алғандарымды елге, барған жеріме сыйлап жүремін. – Бойыңызда қандай кемшілік бар деп ойлайсыз? – Бойымдағы кемшілігім – кім болса да бетіне айтып тастаймын. – Сол кемшілік деп ойлайсыз ба? Бұл мақтануға тұрарлық қасиет емес пе? – Қазір кемшілікті бетке айтқанды дұрыс қабылдайтындар қатары азайып бара жатқандықтан бәлкім, кемшілік деп те қарайтын шығармыз. Бірақ, бетке айтамын деп нәсібімнен құр қалдым деп ойламаймын. Кей концерттерден ысырылып қалуым мүмкін, бірақ айтқан сөзіме өкінбеймін. – Көңіліңіз бір нәрседен қалып, өмірден баз кешіп кеткен кездеріңіз болды ма? Болса, себебі не? – Әкем жарықтық баяғыда малды жайлап, қой қораның аузын байлайтын да, «Аятул күрси» деген сүрені оқитын. Таңертең кейде анам ұрсып отыратын: «Сен өлген адам секілді ұйықтайсың. Елдің малына ұры түсіп жатыр. Түнде ұйқыңды қиып, бір қарап қойсаң болады ғой» деп. Сонда  әкем: «Ой, кемпірім-ай, сен де не болса соны айтып отырады екенсің.  Құраннан асқан қасиет жоқ. Кешке аятты оқимын да, еш нәрседен сескенбеймін де,  қорықпаймын да. Аллаға тапсырамын, өзі реттейді», – дейтін. Маған да үнемі «Аллаға сендің бе, жүрегіңде күдік болмасын. Егер күдіктенетін болсаң онда оған тапсырма» дейтін.  Сол секілді қай нәрсені де Аллаға тапсырамын, сабыр сақтауға тырысамын. Өзі реттеп береді. – Үйде қандай отағасысыз? Әке ретінде өзіңізге көңіліңіз тола ма? – Өзім бір ұл, үш қыздың әкесімін. Балаларға ешқашан ұрыспаймын. Өйткені, баланы ұрысып тәрбиелеу – еш тәрбиеге жатпайды деп есептеймін.  Ата-ана дұрыс жүрсе бала тәрбиесі де дұрыс болады. Қалыбынан аспайды. Қазақта «Көргені жақсы көш бастайды» деген сөз бар.  Сосын Қонаев атамыздың  «Тату елге тақсырет жоламайды» деген сөзі де бар. Сол айтпақшы, отбасы татулыққа негізделсе, бәрі де дұрыс болады. – Өмірде неден қателестім деп ойлайсыз? - Білместік, балалық болып жатыр ғой. Олай айтуға да Алладан қорқасың, бір жағынан. Мысалы, 1996 жылы Алматы қаласына технологиялық университетке мені жұмысқа шақырды. Сол жерден 3 бөлмелі жатақхана берді. Бірақ,  мен кадр бөлімінің маманымен дұрыс болмай қалдым. Ал ол ректордың әйелі еді.  2-3 минут ішінде арызымды жаздым да, ауылға тарттым. Сол кезде жұмысқа тұрарда маған ректор: «Мына жатақханада уақытша тұра тұр. Бір жылдан кейін атыңа тегін шығарып беремін. Сосын  Қалқаман жақтан он соттық жер әперемін. Мына үйіңді сатасың да, сол жерден үй салып аласың», –  деген болатын. Мұны қателік, өкініш деуге де болмайтын шығар. Оның бәріне өкіне берсең, өкініш таусылмайды ғой. «Өмір – өзен, жүземін оған демеңіз, Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» деген екен. Біз халықтың алдына шығып, халықты жақсы әнмен шаттыққа бөлей алсақ, соның өзі бір бақыт. Осы өмірімізге көңіліміз толады. – Жеке кәсібіңіз жоқ па? – Жоқ, бірақ ашсақ па деп те ойлаған едік. Баяғыда тон сатқанбыз. Ол өтпей, елге сыйлап тауысқанбыз. Бұйыртса, мал шаруашылығымен айналыссам, қой мен жылқы өсірсем деймін. – Мақтанғанды жақсы  көресіз бе? Өз-өзіңізді мақтай аласыз ба? – Орнымен мақтап жатса, неге жақсы көрмеске? Бірақ, көпшіліктің алдында мақтағанды ұнатпаймын. Өзімді мақтай алмаймын. – Бүгінгі күні сізді не мазалайды? – Енжарлық. Ауылда тепсе темір үзетін жігіттер  жатыпішер боп жүр. Үйді өзбектерге салдырады. Қазақ жігіттері қолындағы  кемпір-шалдың немесе әйелінің тапқанын  қанағат тұтып отырады. Бір үйден бір адам жұмыс істесе болды. Сосын қит етсе 8 сағаттық жұмыс керек, анау керек, мынау керек деп шыға келеміз. – Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар