Қазақстанда дағдарыс жоқ!

Қазақстанда дағдарыс жоқ!
ашық дереккөз
Қазақстанда дағдарыс жоқ!
Ғаламдық дағдарыс - сыртқы фактор Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті. Жиын барысында «Қазақстан экономикасында дағдарыс жоқ» деп мәлімдеді Елбасы. «Тағы да айтқым келеді, біздің қазақстандық экономикада айтарлықтай дағдарыс жоқ. Ғаламдық дағдарыс – сыртқы фактор. Бірінші жағымсыз фактор – мұнайдың екі есе арзандауы: маусымда – жүзден жоғары (мұнай баррелінің бағасы – авт.), қазір – 50-ден төмен. Негізгі экспорттық тауарлар – металл, тыңайтқыштар және тағы да басқалардың бағасы төмендеп жатыр. Екінші маңызды фактор – экономикалық дағдарыс, Ресей рублінің құнсыздануы, Ресейдегі рецессия. Экономикалық әріптестік және даму ұйымы елдерінде 43 миллион жұмыссыз бар, 850 миллионнан астам адам аштықта. Еуроаймақта жұмыссыздық деңгейі – 11,5 пайыз. Жалпы әлемдік жағдай, ал біз сол әлемнің бөлшегіміз және бұл бізге әсер етпей қоймайды. Міне, біз әсерін сезіп отырмыз», – деді Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, осы себепті «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданды. «Көп іс жағымсыз тенденцияларды жұмсарту үшін жасалды. «Нұрлы жол» бағдарламасы – қиын жағдайдағы өсудің бастауы. Мен осы жылы қиындықтар болатынын айтқанмын. Бүгін кеңес тәртібінде отырыс өткіземіз, ұсыныстары бар әркімге сөз беремін, Үкімет бүгін не қабылдауы керектігін айтсын», - деді Назарбаев. Жұмыс орындарын сақтауды тапсырды Жиында министрлер елдегі қазіргі экономикалық ахуал туралы баяндама жасады. Мәселен, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев биыл іске қосылатын инвестициялық жобалар туралы баяндады. Министр бұл жобалар сапалы жұмыс орындарын ашуға және оларды сақтауға мүмкіндік беретінін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев жұмыспен қамту мәселесіне ерекше тоқталды, ол барлық компания басшысына тапсырма берді. «Ең бастысы, әсіресе, ірі кәсіпорындар жұмысшы адам үшін жұмыс орнын сақтауы керек. Мен мұны бұрынғы жұмысшы ретінде айтып отырмын. Мен барлық компания басшысына егер өндіріс мәжбүрлі түрде қысқартылатын болса, адамдар мәжбүрлі түрде қысқаратын болса, олар басқа жұмыста істеуі мүмкін екенін айтқым келеді. Бұл адам үшін, оның отбасы үшін айрықша маңызды», – деді Мемлекет басшысы. Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы бизнеске айналмауы тиіс Үкімет отырысында Елбасы мемлекеттік қызметкерлерге өз жұмысына сергек қарау керектігін тапсырды. – Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы бизнеске айналмауы тиіс. Мемлекеттік қаржыны фирмаларға, өздерінің таныстарына, достарына және туысқандарына шашуларына жол бермеу керек. Өкінішке қарай, облыстың үш әкіміне қатысты дәл осы себеппен тергеу амалдары жүргізілді. Сонымен қатар бірқатар министрліктер мен ведомстволардың басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылуда», – деді Елбасы. Президент басшылар команда жинап, ол кейін Атырау облысындағы секілді бандыға айналатындығын мысал етті. Бүгінде атқарушы биліктен халық нақты әрі тиімді істерді күтіп тұрғанына тоқталған Елбасы, әкімдер халыққа жақын болуы керек, өңірлердегі мәселелерді шешуге білек сыбана кірісулері қажет екенін тапсырды. Ұлттық компанияларды теңгені қолдауға шақырды «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің баяндамасынан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барлық ұлттық компанияларға өтініш білдірді. – Барлық холдингтер мен ұлттық компанияларға өз ақшаларыңды айырбастау арқылы ұлттық валютаға қолдау көрсету туралы өтінішім бар. Әрине, келісу керек, қажеттілік сәті болады. Сол сәт теңге үшін өте маңызды. Менің барлық ұлттық компанияларға айтарым – Қазақстан теңге бағамының күрт ауытқуына жол бермеуге тырысады және сіздердің мүдделеріңізді толықтай ескереді. Сондықтан сіздердің мүдделеріңіз де, жалпы мүдде де бар, – деді Назарбаев. Еске сала кетейік, 2014 жылы 24 желтоқсанда Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банктің экономикалық саясаттың 2015 жылға арналған негізгі бағыттары туралы тиісті мәлімдемесі жарияланған болатын. Мәлімдемеде валюталық саясат казақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталатыны туралы айтылған. Сонымен бірге, теңгенің айырбас бағамының шұғыл ауытқуларына жол берілмейтіні көрсетілген. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағаларын шартты бірліктермен белгілеуге тыйым салынатыны және доллармен ашылған депозиттердің жылдық сыйақы мөлшері төмендейтіні айтылды. Сонымен қатар, Қайрат Келімбетов Ұлттық банк биыл айырбас бағамының күрт өзгеруін болдырмауға ниетті екенін мәлімдеді. 2015 жылдың бюджеті 700 миллиард теңгеге қысқарады Республикалық бюджет шығыстары 700 миллиард теңгеге қысқартылады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай тапсырма берді. – Барлық жерде экономиканың қатал саясатын, бюджет шығыстарын оңтайландыруды жүргізу керек. Жаңа бастамаларды жақсы кезеңге дейін кейінге қалдырайық. Ойға алынған істерді аяғына дейін жеткізейік. Бұл мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге, ұлттық компанияларға қатысты. Үкіметке 2015 жылға арналған республикалық бюджет шығыстарын 700 миллиард теңгеге дейін немесе жалпы шығыс көлемінің 10 пайызы мөлшерінде қысқартуды тапсырамын. Бірақ мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелері өзгермеуі керек, – деді Назарбаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкіметке «Нұрлы жол» бағдарламасын дағдарысқа қарсы жаңа шаралармен толықтыруды да тапсырды. «Бұл – отандық машина жасау саласын, экспорттаушыларымызды қолдау, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды ұлғайту, ішкі нарықты қолдау жөніндегі шаралар. Үкімет шұғыл шараларды қабылдауға арналған резерв құруы керек. Осы жыл ішінде шұғыл жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан Үкіметке 250 миллиард теңге көлемінде резерв құруды тапсырамы», – деді Президент. Халықтың ақшасын аста-төк мерейтойларға жұмсамау керек Елбасы халықтың ақшасын аста-төк мерейтойларды өткізуге жұмсамауға шақырды. – Біз өткізетін сондай мегажобаларды, түрлі мерейтойларды сығымдауға болады. Оның орнына балаларды оқытып, емдету керек. Мерейтойларға бізде бір жалпыұлттық махаббат бар. Мерейтой болса, бәрі соған жүгіреді. Жиналыстарға қатысып, банкеттерде отырып жатады. Біз өткізетіндей мерейтойлар әлемнің қай жерінде бар? – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Мемлекет басшысы ұлы даталарды басқаша атап өту керектігін айтты: олар туралы баспасөзде, телеарналарда айтып, ғылыми-практикалық конференциялар өткізу керек. – Ғаламдық той ұйымдастырып, далаға мың киіз үй тігу той иесіне не береді, айтыңыздаршы? Бүгінде даңқты ата-бабаларымызды қазіргі заман жағдайында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы адамдардың санасында қалдыруға болады, онымен еш нәрсе теңесе алмайды, – деді ол. – Сондықтан, Бердібек, сен мұның бәріне қара, мен өткізуге қарсы емеспін. Егер ата-бабасына құрмет көрсеткісі келсе, оны демеушілер өткізсін, ешкім қарсы емес. Неге біз оған мемлекеттің, халықтың ақшасын жұмсауымыз керек? – деді Мемлекет басшысы вице-премьер Бердібек Сапарбаевқа. Президент азаматтарды патриот болуға және қазақстандық тауарды тұтынуға шақырды Үкімет отырысында Елбасы «Қазақстанда жасалған» акциясын бастауға кеңес берді. – «Қазақстанда жасалған» деген акцияны бастайық. Барлық сауда орындарында қазақстандық тауарлардың секциясы болсын. Облыс әкімдері, осы мәселені назарда ұстаңыздар! Қазақстандықтарға қиын жағдайда патриот болып, қазақстандық тауарларды сатып алуға шақырайық. Баламалы түрде бұл біздің азаматтарымыздың экономикамызға көрсеткен көмегі болады, – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Үкімет мүшелеріне. Елде туындаған экономикалық ахуалға ЕАЭО кінәлі емес Қазақстанда туындаған экономикалық ахуалға Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) мен Кеден одағының (КО) кінәсі жоқ. Жиында Нұрсұлтан Назарбаев бұл жайды да қозғады. – Ресей рублінің құлдырауы мен қазақстандық ішкі нарықтағы қысымның күшеюі отандық өндірушілерге шығын келтіріп жатыр. Бірақ, мұның Еуразия экономикалық одағына қатысы жоқ. Бұл – біздің стратегиялық бағытымыз. Біз бұл үшін Кеден одағынан да шықпаймыз. Одақты құрар кезде өмірдің өз өңдеуін енгізетінін айтқанбыз. Әлемдік капиталистік экономика, біз оның бір бөлшегіміз, осындай өңдеуді енгізеді. Қазіргі болып жатқанның барлығына Еуразия экономикалық одағы мен Кеден одағы кінәлі деп есептеу – дилетанттық, – деді Назарбаев. Мемлекет басшысы Ресеймен бірлесіп қажетті шаралардың жасалатыны туралы түсіндіріп берді. «Иә, Ресей қазір қиын жағдайға тап болды және біз Ресеймен біргеміз. Мұндай жабайы санкцияларды қолдану ешкімге көмектеспейді. Ресейдің бұл жағдайдан абыроймен шығатынына мен сенімдімін. Бұл уақытша жағдайды шешу керек. Мен Ресей президентімен сөйлестім, Мәсімов (ҚР Премьер-Министрі – автор) барып Медведевпен сөйлесіп қайтты. Біз бұл мәселелердің шешімін табамыз. Осы мәселелерді шығарып отырған 10-15 кәсіпорынмен осы мерзімде келісімге келеміз. Мұның барлығы 2-3 тоқсанда теңеледі. Квота белгілеуге жолдастықпен, достастықпен келіседі. Міне осылай пайымдау керек, – деді Қазақстан Президенті. Теңге бағамының өзгеруі туралы қауесеттерге сенбеу керек Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды теңге бағамының өзгерісі туралы қауесетке сенбеуге шақырды. – Бүгін Ұлттық банктің төрағасы бұл мәселелерді шешу үшін барлық шаралар жасалып жатқанын баяндады. Оған сенбеуге негіз жоқ, – деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында. – Мен өткен жолы мұндай қиын сәтте арандатулар, инсинуациялар, шабуылдардың пайда әкелмейтінін және оларды жауапкершілікке тарту керек екенін ескерткенмін. Мен Қазақстан халқына тағы да жария етемін: біз ештеңені жасырмаймыз, қиындықтар болса, халықпен бірге өткереміз және оның келе жатқанын айтамыз, ал ештеңеге жауап бере алмайтын, тілмен сайрай беретіндер айта алмайды, – деді ол. Мемлекет басшысы бұл мәселеде қауесетке емес, ресми тұлғаларға сенуге шақырды. «Егер тіпті мұндай ауытқушылықтар болса да, халқымыздың салымын сақтау үшін сақтандырулардың барын сіздер білесіздер. Керек болса, сақтандырамыз. Депозит салымшыларының 98 пайызы сақтандырылады», – деді Назарбаев.

Ұқсас жаңалықтар