«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мемлекет шекарасындағы маңызды нүкте

Мемлекет шекарасындағы маңызды нүкте
Автор
Қазақ халқы ежелден-ақ туған жерінің әрбір қарыс жерін қасық қаны қалғанша қорғаған халық. Себебі мемлекеттің шекарасы – ел тәуелсіздігінің мызғымас тұғыры. Бағзы заманнан бері ата-баба аманатына адалдықтың жарқын үлгісі – бүгінгі күннің шекара сақшылары. Әулиеата өңірінде де ел сенімін ақтап, шекара шебінде қалтқысыз қызмет етіп жүрген сарбаздар сол рухтың бүгінгі жалғасы іспетті. Солардың бірі – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне бағынысты «Жасөркен» шекара бөлімшесінің жігіттері. Шекараның кез келген нүктесіндегі ахуалды дер кезінде жөндеп, шекара шебінің арасындағы үйлесімді байланысты қамтамасыз ету – осы бөлімше қызметкерлерінің күнделікті жұмысы.

Атап өтейік, бұл шекара бөлімшесінің іргетасы 2012 жылы қаланған. Қазіргі таңда бөлімшеге Данияр Баширов басшылық етеді. Оның айтуынша, мұнда қару-жарақ пен байланыс құралдарының жарамдылығы, кезекшілікке шығар алдындағы (наряд) нұсқама, қауіпсіздік талаптары, қызметтік құжаттардың дәлдігі және жеке құрамның моральдықпсихологиялық дайындығының барлығы бір жүйемен, бір ырғақпен жүргізіледі.

– Бөлімшенің негізгі міндеті – мемлекеттік шекараның бұзылуына жол бермеу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қырағы шекарашылар Қазақстан мен Қырғызстан елдерінің арасындағы мемлеткеттік шекараның 22,5 шақырымын күзетеді. Оның ішінде шамамен 19 шақырымды алып жатқан жазық аймақта жаяу және аралас тәсіл қолданылады. Қырғыз Республикасы тарапынан бұл аумаққа қарама-қарсы Талас облысының «Үш қорған» шекара бөлімшесі орналасқан. Екі елдің шекара бөлімшелері өзара тығыз байланыста жұмыс істейді, алдын ала анықталған ақпараттармен бөлісіп отырады және тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырып тұрады. Бөлімше қажетті техникалармен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, мұнда 6 «УАЗ-31519» және 2 «УАЗ-3909» автокөлігі бар. Бұл техникалар шекара нарядтарын жеткізуге, сондай-ақ дабыл сигналдары түскен жағдайда жедел әрекет ету үшін пайдаланылады, – дейді Данияр Төлеуқажыұлы.

Айта кетейік, былтырғы жылы «Жасөркен» шекара бөлімшесінің батыр жігіттері таулы аймақта барымташылық фактісінің алдын алып, бас-аяғы 107 жылқының елімізге енуіне жол бермеген. Бұл жылқыларды барымташылар Қырғыз Республикасынан Қазақстан Республикасына заңсыз өткізбек болған. Сол секілді биыл қаңтар айынан бері бөлімше 5 мемлекеттік шекара бұзушыны құрықтаған. Олардың екеуі күрд ұлтының өкілі болса, үшеуі Пәкістан Республикасының азаматтары. Олардың Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат беретін құжаттары, оның ішінде жеке басын растайтын куәліктері болмаған. Сол себепті ресми өткізу пункттері арқылы өте алмай, шекараны заңсыз жолмен кесіп өтпек болған.

– Жалпы бір мемлекеттен екінші мемлекетке өту үшін арнайы өткізу пункттері қарастырылған. Алайда құжаттары дұрыс болмаған жағдайда кейбір азаматтар шекараны заңсыз жолмен кесіп өтуге әрекет жасайды. Осындай жағдайлар 2025 жылы да тіркелген. Былтыр жеті шекара бұзушы анықталса, олардың қатарында Қырғызстан және Өзбекстан Республикасының азаматтары бар. Көз алдыңда жатқан жазық далада кейде бәрі анық көрініп тұрғандай әсер қалдырғанымен, таулы өңір аса сақ болуды қажет етеді. Сол себепті бөлімшеде тактикалық дайындыққа, дұрыс бағдарлауға, қозғалыс қауіпсіздігіне және байланыс тұрақтылығына айрықша мән беріледі. Жұмыс барысында кез келген жағдайға дайын болу керек. Қажет кезде топпен әрекет ету, кейде жедел әрі нақты шешім қабылдау, бәрін заң талаптарына сай орындау күнделікті машық арқылы қалыптасады. Ерекше дайындықты қажет ететін маңызды бағыттардың бірі – қызметтік иттермен жұмыс істеу. Шекара бөлімшесінде жалпы 4 қызметтік ит бар. Оның ішінде шекараны заңсыз кесіп өтпек болғандарды ұстауға көмектесіп жүрген қызметтік Флена атты іздеу иті ерекше атап өтуге тұрарлық. Оның нұсқаушысы – кіші сержант Жәнібек Юсупов. Бұл ит арнайы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүйесіне қарасты кинологиялық орталықта дайындалған. Атап айтқанда, Қараой ауылы аумағында орналасқан орталыққа нұсқаушы өзі барып итті таңдап, арнайы жаттықтырып, бөлімшеге алып келді. Флена – бөлімшеге 2024 жылы әкелінген. Осы уақыт ішінде ол өзінің қабілетін көрсетіп, шекара бұзушыларды іздеп табуда тиімді нәтижеге қол жеткізіп жүр. Атап өту керек, біздің бөлімшедегі қызметтік иттер негізінен адам ізімен жұмыс істеуге үйретілген. Яғни олар шекара бұзушыларды іздеу және табу бағытында қызмет етеді. Ал есірткі, қару немесе валюта іздеумен айналысатын иттер бөлек, олар арнайы өткізу бекеттерінде қызмет атқарады. Сонымен қатар жаяу немесе автокөлікпен жету қиын аймақтарда қызметтік жылқылар пайдаланылады, – дейді Д. Баширов.

Жас та болса үлкен әскери ұжымға басшылық ететін Данияр Төлеуқажыұлы 2026 жылдың 13 сәуірінен бері «Жасөркен» шекара бөлімшесінің бастығы болып еңбек етіп келеді. Отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Айтпақшы, аталған бөлімшедегі кеңсе, қызмет атқару орындары және жеке құрамға арналған жатын бөлмелер талапқа сай жабдықталған. Бұдан бөлек бөлімше аумағында офицерлер құрамына арналған тұрғын үй бар. Онда осы жерде қызмет ететін офицерлер өз отбасыларымен бірге тұрады. Әскери қызметшілерге арналған жатақхана да қарастырылған. Келісімшарт бойынша қызмет атқаратын әскери қызметшілердің бір бөлігі 50 пайыздық жүйемен орналастырылады, яғни олардың жатын орнының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленеді. Қалған бөлігі үшін тұрғын үй төлемдері берілетіндей жағдай жасалған. Бүгінгі таңда бөлімшеде азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаздармен тәрбиелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, жергілікті мәдени орталықтармен, мешіт имамдарымен кездесулер өткізіліп тұрады. Сонымен қатар Тараз қаласындағы кинотеатрлар мен музейлерге экскурсиялар ұйымдастырылады.

– «Жас шекарашы» үйірмелерінің жұмысы аясында оқушыларға шекара қызметінің ерекшеліктері түсіндіріледі. Әрбір ай сайын Жасөркен және Қызылқайнар ауылдарындағы мектептермен бірлескен ісшаралар өткізіледі. «Ашық есік» күндері ұйымдастырылып, оқушылар шекара бөлімшесіне келіп, қызметтің қыр-сырын өз көздерімен көреді. Сондайақ құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында шекара басқармасынан және облыс бойынша шекара қызметі департаментінен арнайы тәрбиеші офицерлер келіп, жоспарлы түрде тәрбиелік іс-шаралар өткізеді, – дейді бөлімше бастығы.

Мұнда шекара бөлімшесі ашылған жылдан бері еңбек етіп жүрген әскери қызметкер бар. Ол – бөлімше старшинасы, ІІІ сынып сержанты Ербол Баймұхамбетов. Бұл жігіт 2012 жылы жас сарбаз ретінде қызметін бастап, бүгінге дейін осы бөлімшеде үздіксіз еңбек етіп келеді. Ербол жас әскери қызметшілермен жұмыс жүргізіп, оларды тәртіпке, жауапкершілікке үйретеді.

– Бөлімшеде табан аудармай қызмет етіп келе жатқаныма біраз жыл болды. Осы уақыт ішінде талай сарбазбен бірге жұмыс істедік. Олардың арасында бүгінде осы салада қызметін жалғастырып жүргендері де, басқа бағытты таңдағандары да бар. Бірақ қай жерде жүрсе де хабарласып, жағдайымызды сұрап, іздеп тұрады. Бұл – біздің еңбектің текке кетпегенінің белгісі, – дейді Ербол Сыдықұлы.

Бөлімшеде еліміздің әр өңірінен шақырылған жас сарбаздар кезекшілік атқарып, жауынгерлік тапсырмаларды орындауда. Олардың қатарында Қызылорда және Түркістан облыстарынан келген әскери қызметшілер де бар. Қызметке келгендеріне шамамен 7 айға жуықтаған жауынгерлер темірдей тәртіпке толықтай бейімделген. Тіпті мұндағы өмірді ұнатып, келісімшарт негізінде қызметін жа лғастыруды жо спарлап жүргендері де кездеседі. Соның бірі – Түркістан облысынан келген қатардағы жауынгер Ербол Әміров.

– Әскерге Мақтаарал ауданынан келдім. Өз қалауыммен Отан алдындағы борышымды өтегім келді. Бастапқыда бәрі жаңа, бәрі күрделі көрінгенімен, уақыт өте келе әскери ортаға толық бейімделдім. Қатаң тәртіп, нақты талап пен жауапкершілік мені шыңдай түсті. Әскери қызмет маған көп нәрсені үйретті. Әсіресе уақытты тиімді пайдалану, әр істі жауапкершілікпен орындау, берілген тапсырманы тиянақты атқару сияқты қасиеттерім нығая түсті. Бұрын мән бере бермейтін ұсақ-түйектің де маңызы бар екенін осы жерде терең түсіндім. Мінезім де біршама өзгерді. Бұрынғыдай асығыстық пен жеңіл ойлау азайып, орнына салмақтылық пен байыптылық келді. Әрбір істің, әрбір міндеттеменің артында үлкен жауапкершілік жатқанын сезіндім. Жолдастармен бірлесе қызмет ету де адамды ұйымшылдыққа, бірлікке үйретеді екен, – дейді Е.Әміров.

Киелі Түркістан өлкесінен келген жігіттің бірі – Ерсұлтан Мәуленұлы. Ол қатарластары арасында ұйымшылдығымен, сабырлылығымен және тапсырманы тиянақты орындауымен ерекшеленеді.

«Әскери қызметке Жетісай ауданынан шақырылдым. Әскери өмірге тез бейімделдім, барлығы ойдағыдай өтіп жатыр. Отбасымда үш баламыз, мен үшіншісімін. Екі ағам бар, екеуі де әскерде болған. Алдағы жоспарым – әскерден кейін үйге оралып, әрі қарай білімімді жалғастыру. Жетісай қаласындағы №14 колледжде оқыдым, болашақта жоғары оқу орнына түсіп, IT саласында білім алғым келеді. Сонымен қатар отбасымызда өз шаруашылығымыз бар. Оны да дамытуды ойлап жүрмін», – дейді жас сарбаз.

Қорыта айтқанда, еліміздің шекарасы – тәуелсіздігіміздің тірегі. Ал о сы шекараны күзетіп жүрген сарбаздар мен офицерлердің тынымсыз еңбегі – бүкіл халықтың қауіпсіздігінің кепілі. Олардың қажырлы еңбегі арқасында әрбір әскери бөлімше үздіксіз байланыспен қамтамасыз етіледі. Өткен жылы «Жасөркен» шекара бөлімшесінің әскери ұжымы республика бойынша «Үздік бөлімше» атануы – шекарашылардың «Қырағылық – басты қаруымыз» деген ұраны осы бөлімнің қызметіне де толық сай келеді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар