«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел атағын ер сақтар

Ел атағын ер сақтар
Автор
Көне Тараз тарихи, этно-мәдени кешеніндегі Көркемсурет галереясында кәсіби суретші, Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Еркін Қайшыбектің жеке шығармашылық көрмесі өтті. «Ер атағын ел сақтар» деп аталған көрме әйгілі балуан, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығы мен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың 75 жылдығына арналды.

Қазақ елінің даңқты тұлғалары – ұлт мақтаныштарының әр сәттегі бейнелері суретшінің қылқаламымен шебер салынған. Еркін Базарғалиұлы өзі де грек-рим күресінен спорт шебері және педагог. Қажымұқан атындағы республикалық спорт мектепинтернатынан жаттығып, тәрбие алып шыққан ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көкемсуретграфика факультетінен білім алған. Бүгінде оқу орнындағы музейдің директоры қызметін атқаратын Еркін Қайшыбек Алматы облысы Нарынқол ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген. Көрменің ашылу салтанатында алғашқы болып сөз сөйлеген облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әбирхан Жанқұлов өнер иесін басқарманың Алғыс хатымен марапттады.

– Көрмеге ұсынылған туындылар – бұл жай ғана өнер емес, бұл – тарихпен тілдесу, өткенге тағзым, келешекке аманат. Бұл көрме арқылы тарихқа үңіліп, өнер арқылы рухани байлығымызды тереңірек сезінеміз. Әсіресе, жастар елінің мүддесі үшін барын сала еңбектенген тұлғаларды танып, өз болашақтарына бағыт алады. Сонысымен де бұл іс-шараның маңызы зор, – деген Әбирхан Әбирбекұлы қылқалам шеберіне шығармашылық табыс тіледі.

Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Болат Хусайнов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Еркін Телахынов және Суретшілер одағының мүшесі Мұхтар Егезеков те спорт пен қылқаламды серік еткен өнерпазға жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

– Әр жанрда сурет салдым, пейзаж, натюрморт, бәріне де қалам тербедім. Өзімді таба алмай жүргендей сезіндім. Сөйте жүріп тәжірибе жинадым. Осылай оқу орнынан алған білімімді тәжірибемен толықтырып, кәсіби деңгейге жеттім. Өзім де спортты сүйіп, шұғылданғандықтан болар, бейнелеуде де спорт тақырыбына көштім. Сонда ғана өз арнамды тапқандай төселдім. Палуандарды зерттедім, әрқайсысының тарихына терең үңілдім. Олар туралы ақпаратты оқыған сайын қызығушылығым арта түсті. Әсіресе, Қажымұқан атамыз туралы мәліметтер қызықтыра тартты. Қазір негізгі бағытым осы палуандар болып тұр. Сол қызығушылықтың нәтижесінде қылқаламымнан туған суреттерімді бүгін міне осы көрмеде сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын, – деді Еркін Қайшыбек.

Суретшінің шығармашылық қызметінің басты артықшылығы – аты әйгілі күрескер спортшылардың бейнесін кенеп арқылы жеткізе алуы. Атап айтқанда, қазақ халқының ұлы перзенті Қажымұқан Мұңайтпасовқа арналған жиырмадан астам картинасы айтулы палуанның бүкіл спорттық өмірін ашып көрсетеді. Әр картина өзінше бірегей туынды. Еркін Базарғалиұлының шығармашылығындағы тағы ерекшелік – спорт пен бейнелеу өнерін табысты ұштастыра білуі. Кескіндемелік картиналар арқылы – спорт, ал спортты салу арқылы бейнелеу өнері насихатталады. Ал бұл жолғы көрмеге автордың 40-тан астам шығармашылық жұмыстары қойылған.

Айта кетейік, Еркін Базарғалиұлы 2007 жылы Ресей Федерациясының Тольятти қаласында өткен халықаралық суретшіпедагогтер көрмесіне қатысып, Ұлттық бейнені ерекше ашып көрсеткені үшін грамотамен марапатталды. 2021 жылдың маусымында Алматы қаласында «Жасампаз» галереясында оның «Күш атасы – Қажымұқан» атты майталман палуанның 150 жылдығына арналған жеке көрмесі ашылып, оған қырықтан астам жұмысы қойылды. 2021 жылдың қыркүйегінде Моңғолиядағы халықаралық көрмеге қатысты. 2022 жылдың мамырында Мұражайлар күніне орай Түркістан облысындағы Қажымұқан мұражайында да жеке көрмесі ашылып, онда аты аңызға айналған палуанға арналған он төрт картинасы қойылды. 2023 жылы қазақ палуандарының тарихына арналған көрмесі ашылып, қырықтан астам картиналар қойылды.

2018 жылы Тараз қаласында халықаралық фестиваль ұйымдастырылып, Еркін Қайшыбектің «Егде тартқан Қажымұқан» портреті аталған фестивальдің каталогына енгізілді. Ерекше атап айтарымыз, оның қаламынан шыққан Қажымұқанның портреті бүгінгі таңда айтулы палуанның мерейтойына арналған еліміздің барлық іс-шараларында пайдаланылып келеді. Бұл – палуанның тұңғыш әрі жалғыз салтанатты портреті, онда ол барлық әлемдік жетістіктерін көрсететін регалияларымен және наградаларымен бейнеленген.

Атап айту керек, шығармашылығы Қажымұқанға арналып, осы тақырыптағы картиналар топтамасы палуанның өміріндегі тарихи оқиғаларды бейнелеген бір де бір суретші болған емес. Оның барлық картиналарын көргенде палуан туралы әдеби шығарма оқып шыққандай әсер аласың. Әр картина палуанның өмірінде шынайы болған оқиғалардың негізінде жазылған. «Жас палуан», «Ел арасында өнер көрсету», «Америка чемпионы», «Азия және Африка чемпионы», «Қажылыққа сапар» сияқты картиналары тамашалаушы қауымды тәнті етеді, бейне бір өткен дәуірге түсіп кеткендей әсерге бөленері анық. Эмоциялық және психологиялық тебіреніске құрылған көп фигуралы композициялары сол заманның тыныс-тіршілігін жеткізеді. «Қажымұқан мен парсы палуаны Машрут», «Қажымұқан және түрік палуаны Нұрла», «Қажымұқан мен Саракикидің жекпе-жегі» картиналарында қызу шайқас, көкке ұшқан палуандар шебер бейнеленген. Туындылардағы екпінді динамика-атлеттердің зор қуат-күшін және айтулы палуан Қажымұқанның даңқын барынша ашып көрсетеді. «Салтанатты портрет», «Сигизмунд корольдің белдігімен тұрған портрет», «Егде тартқан палуанның портреті», «Қажымұқан мен Поддубныйдың» портреті – көнерген фотосуреттер негізінде жасалған, мұнда кейіпкердің портреттік ұқсастығын жоғалтып алмау үшін әрбір детальды тірнектеп жинауға тура келген. Ал бұл үлкен шеберлік пен төзімділікті талап етеді. Қазіргі уақытта Қажымұқанның бірнеше портреті жеке коллекцияларда, негізгі бөлігі бүгінгі таңда Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылындағы атақты палуанның мұражайына қойылған. Картиналардың екеуі мұражайға сыйға тартылған.

Портрет жанрының шебері деп айтуға лайық Еркін Базарғалиұлының картиналарындағы кейіпкерлер танымал. Оның шығармашылығында қазіргі заманның әйгілі күрескерлерінің портреттері ерекше орын алады. Мысалы, Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Шамиль Серіков, Дәулет Тұрлыханов, «екінші Қажымұқан» аталып кеткен Әбілсейіт Айханов, сондайақ өткен ғасырдың палуандары, ақын, сазгер Балуан Шолақ пен Иманжүсіп Құтпанұлының портреттері. Суретші үшін даңқты спортшыларымыздың жеке тұлғалық ерекшеліктері мен әлемге жайылған атағын сақтау және ұрпақтарға жеткізу, олардың бейнесі арқылы өскелең ұрпақтың ұлттық рухын көтеру аса маңызды.

Биыл Қажымұқанның 155 жылдығына арналған кезекті жеке шығармашылық көрмесін Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің мұражайында өткізді. Көрмеге қырықтан астам картиналар қойылды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар