«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тәубе» романының таныстырылымы өтті

«Тәубе» романының таныстырылымы өтті
Автор
Бектөбе ауылындағы Амангелді атындағы орта мектепте белгілі журналист, қаламгер Қуат Бораштың «Тәубе» романының ресми таныстырылымы өтіп, руханиятқа шөлдеген көпшіліктің басын қосты.

Бұл кездесудің мәнін арттыра түскен бір жайт – жазушының өзі осы білім ордасында он жыл тәлім алып, үлкен өмірге жолдама алған. «Туған жердің түтіні де ыстық» демекші, қаламгер үшін бұл кездесу ерекше әсерге толы болғаны анық. Тағылымды кездесуді облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы Қуаныш Дәуренбеков жүргізді. Кеш барысында Жамбыл өңірінің зиялы қауым өкілдері мен әдебиеттанушылар романның мазмұны мен маңызына кеңінен тоқталды. Олардың қатарында Хамит Есаман, Көсемәлі Сәттібайұлы, Асқарбек Ақылшаұлы, Бақытжан Советұлы, Маралтай Райымбекұлы және Эльмира Иниятқызы бар. Олар шығармадағы идеялық өзек пен көркемдік ерекшеліктерді саралай отырып, бүгінгі қоғамдағы рухани ізденістердің көркем бейнесін ашудағы рөлін ерекше атап өтті.

«Сөз түзелсе, тыңдаушы да түзелер» дегендей, әр пікір оқырманды ойға жетелейтін салмаққа ие болды. Сондай-ақ кешке «Aulieata-media» ЖШС-ның директоры Данияр Асқарұлы, Жамбыл аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев, мектеп ұстаздары мен жоғары сынып оқушылары қатысты. Жиынның әсерлі тұстарының бірі – жазушыны тәрбиелеген ұстаздардың естеліктері еді. Олар қаламгердің мектеп қабырғасындағы ізденімпаздығы мен алғырлығын тілге тиек етіп, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық даналығының айқын көрінісін жеткізді. Ал сыныптас достарының бала күнгі естеліктері кештің шырайын кіргізіп, еркін атмосфера қалыптастырды. Кеш соңында сөз алған Қуат Бораш шығарманың жазылу барысына қысқаша тоқталып, оның негізгі идеясы – адам жанының тазаруы, тәубеге келу арқылы рухани жаңғыру екенін атап өтті.

«Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген тәмсіл осы романның өзегін айқындайтындай. Еркін форматтағы пікір алмасумен түйінделген кеш соңында мектеп кітапханасына автор тарапынан 10 дана кітап сыйға тартылды. Бұл – жас оқырманға жол тартқан рухани қазына, болашаққа бағытталған игі қадам. Қорыта айтқанда, бұл кеш тек бір кітаптың таныстырылымы ғана емес, жүрекке ой салған, рухани жаңғыруға үндеген тағылымды жүздесу болды. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» десек, «Тәубе» романы сол шырақты жарқырата түсер туынды екені сөзсіз.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар