«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қызылсайда Қали апа музей-үйі ашылды

Қызылсайда Қали апа музей-үйі ашылды
Автор
Меркі ауданы Қызылсай ауылында ел ішінде «Қара кемпір» атанып кеткен Қали ананың жұрты «Қали апа үймузейі» болып қайта жаңғырып, салтанатты түрде ашылды. Рухани маңызы бар іс-шара Қали ананың өмірінен сыр шертетін арнайы сахналық көрініспен ашылып, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.

Салтанатты жиынға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, Меркі жерінің тумасы, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, актер әрі режиссер, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай және сот саласының ардагері Мұсабек Әлімбеков қатысты. Сондай-ақ қонақтар қатарында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, зергерреставратор Берік Әлібаев, көрші Қырғыз Республикасынан келген делегация және ауыл тұрғындары болды.

Жиында облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай мен аудан әкімі Ербол Жиенқұлов бұған дейін «Қара кемпір» ескерткішін орнатуға мұрындық болған Алтынбек Қоразбаев пен үйді реставрациялап, музейге айналдырған Берік Әлібаевтың еңбегін ерекше атап өтті. Сондай-ақ аудан басшысы Ербол Жиенқұлов екі азаматқа «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісін табыстап, иықтарына шапан жауып құрмет көрсетті.

Келесі кезекте, Қырғыз елінің делегациясын бастап келген Фрунзе ауылдық аймағының басшысы Бақтияр Ашакеев, Алтынбек Қоразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов және Мұсабек Әлімбеков сөз сөйлеп, іс-шараның маңызына тоқталды. Жерлестері алдында тебірене сөз сөйлеген Алтынбек Қоразбаев Қызылсай ауылының тарихына тоқталып, ауыл ақсақалы Әдібек Кәріпқұловқа, реставратор Берік Әлібайға және музейді тұрғызған құрылысшыларға домбыра сыйлап, құрмет көрсетті.

Өз кезегінде Тұңғышбай Жаманқұлов Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әні тек Қызылсай үшін емес, бүкіл қазақ аналарына арналған рухани ән екенін жеткізді. Ауыл жұрты да игі істің басында жүрген азаматтарға дән ризашылығын білдірді. Ақсақал Әдібек Кәріпқұлов ауыл тұрғындары атынан Берік Әлібаевқа ат мінгізсе, зергер өз кезегінде ауылдың шежіресін тарту етті. Жиын соңында қатысушылар музей ауласындағы Ұлы Отан соғысы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жаңарған музей экспозициясымен танысты.

 

Арна ЖҰМАТАЙ

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар