7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында біз 85395 әскери бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысып, шабуылдау батальоны командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Нұрлан Нұртазинмен сұхбаттастық. Оның айтуынша, сарбаз өмірінің әр күні нақты жоспармен өріліп, қатаң тәртіпке бағынады.
– Бұл мереке–әскери қызметшілердің еңбегін бағалайтын ерекше күн. Әскер – тек қару ұстау емес, бұл – тәртіп, жауапкершілік, ерлік. Сарбаздың әр күні осы қағидаларға негізделеді, – дейді ол.
Әскери бөлімдегі өмір таңғы сағат 06:00-де басталады. «Подъем» командасымен бір сәтте сапқа тұрған сарбаздар жаңа күнге дайын екенін көрсетеді. Таңғы жаттығу – олардың шыдамдылығы мен жігерін шыңдайтын маңызды кезең. Жүгіріс, түрлі дене жаттығулары арқылы сарбаздар физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да күшейеді. Одан кейін жеке гигиена, әскери киім кию және сапқа тұру рәсімдері өтеді. Әскери тәртіптің ең алғашқы көрінісі дәл осы қарапайым әрекеттерден басталады. Себебі әскерде әрбір ұсақ-түйекке дейін тәртіппен реттеледі. Таңғы ас – сарбаз үшін күннің маңызды бөлігі. Белгіленген уақытта тамақтану олардың күні бойғы күш-қуатын қамтамасыз етеді. Ас ішкеннен кейін таңғы тексеріс өткізіліп, командирлер сарбаздардың дайындығын, сыртқы келбетін, тәртібін бағалайды. Күннің ең жауапты кезеңі – оқужаттығу сабақтары. Бұл уақытта сарбаздар әскери істің негізгі қырларын меңгереді. Қару-жарақпен жұмыс істеу, тактикалық қозғалыс, саптық дайындық, әскери жарғыларды білу – мұның бәрі күнделікті машыққа айналады. Сонымен қатар атыс дайындығы, әскери техникамен жұмыс, инженерлік және медициналық сабақтар да жүйелі түрде өткізіледі.
– Біз сарбаздарды жан-жақты дайындауға тырысамыз. Қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге төтеп беру үшін тек физикалық күш жеткіліксіз. Білім, жылдам шешім қабылдау қабілеті, психологиялық төзімділік те маңызды, – дейді майор Нұрлан Нұртазин.
Шынында да, қазіргі әскер – тек күшке емес, ақыл мен білімге сүйенетін жүйе. Сондықтан сарбаздар теориялық сабақтарға да ерекше мән береді. Әскери жарғылар мен қауіпсіздік ережелерін білу – олардың кәсіби деңгейін арттырады. Түскі ас кезінде сарбаздар аз уақыт тынығып, күш жинайды. Алайда бұл уақыт та тәртіппен өтеді. Әскери өмірде әр минуттың өз орны бар. Түстен кейін оқу-жаттығулар жалғасады немесе шаруашылық жұмыстар атқарылады. Бөлім аумағын таза ұстау, құрал-жабдықтарды ретке келтіру – сарбаздардың жауапкершілігін арттыратын маңызды міндеттер. Кешкілік уақытта сарбаздарға аздаған бос уақыт беріледі. Бұл – олардың рухани және психологиялық демалыс сәті. Бірі кітап оқиды, бірі спортпен айналысады, енді бірі туған-туыстарына хат жазады. Кейбір бөлімдерде мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, патриоттық тәрбиеге ерекше көңіл бөлінеді.
– Сарбаздың рухы мықты болуы керек. Біз олардың тек әскери дайындығына ғана емес, рухани дамуына да мән береміз, – дейді ол.
Әскердегі өмірдің тағы бір маңызды қыры – ұжымдық рух. Бір бөлімде бірге қызмет еткен сарбаздар бірбіріне тірек болып, қиындықты бірге еңсереді. Бұл – нағыз достық пен бауырмалдықтың мектебі. Кешкі ас, кешкі тексеріс – күннің қорытынды кезеңдері. Командирлер әр сарбаздың жағдайын бақылап, келесі күннің жоспарын айқындайды. Сағат 22:00-де «демалу бұйрығы» жарияланып, бөлімде тыныштық орнайды. Ертең тағы да жаңа міндеттер күтіп тұр. 85395 әскери бөлімінің командирі – подполковник Арман Сабыров. Оның басшылығымен бөлімде тәртіп пен жауынгерлік дайындық жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл – сарбаздардың кәсіби әрі тұлғалық тұрғыда қалыптасуына зор ықпал етеді. Бауыржан Момышұлы «Ел үшін аянба – ерлігіңе сын» деген еді. Бүгінгі сарбаздар осы сөзді өмірлік ұстанымына айналдырып, ел тыныштығын қорғауға дайындалып жатыр. Қорыта айтқанда, әскердегі бір күн – қарапайым күн емес. Оның әр сәті – тәртіп, жауапкершілік, төзім мен патриотизмге толы. Бұл ортада шыңдалған жас буын – елдің ертеңі, мемлекеттің қорғаны. Отан қорғаушылар күні – сол азаматтарға құрмет білдіретін, олардың еңбегін бағалайтын маңызды күн. Себебі бейбіт өмірдің әр таңы – сарбаздардың тынымсыз еңбегі мен адал қызметінің нәтижесі.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




