«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ұстаз жолы» кітабының ұлағаты мол

«Ұстаз жолы» кітабының ұлағаты мол
Автор
Ардагер ұстаз, республикалық, облыстық, аудандық газеттерде тілші қызметін атқарған Ниязхан Бейсеновтің жаңа кітабы оқырманға жол тартты. Онда Ниязхан Тоқтамысұлы өмірінің бүгінге дейінгі жолында көрген-білгендерін айтып, әр жағдаяттан түйген ойын жеткізіп, қалың жұртшылыққа пайдасы тиер ой қалдырған.

Мұғалім, кітапханашы, баспасөз хатшысы да болып қызмет етіп, бүгінде ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі ретінде қоғамның игілігіне еңбектеніп жүрген Ниязхан Бейсенов бұл кітабында әр жылдары баспасөз бетінде жарияланған мақалалары мен ұрпағының әкесіне, атасына деген ізгі тілектерін де топтастырған.

– Жасымыз сексеннің алтысына келді. Өткенге көз жүгіртіп, азды-көпті еңбегімді, өмір жолымды саралай келе, арттағы ұрпағыма, бала-немерелеріме, туыс-туғанға естелік болар жазбаларымды кітапқа түсіруді жөн көрдім. Себебі, ауызша айтылған сөз уақыт өте келе санада көмескіленіп, ұмытылып, кейінгіге өзгеріп жетуі мүмкін. Ал бір рет тасқа басылып, жарық көрген, қағазда қалған сөздерді неше жылдан кейін оқысаңыз да сол күйі өзгерместен тұра береді. Оның үстіне, мен қаншама жыл ұстаздық қызмет еткен адаммын, күні ертең біз өмірден озғанда кейінгі ұрпақ осы кітаптың арқасында бір-бірін ұмытпасын, туыстық арақатынасты біле жүрсін, біздің ізбасарларымыз, өмірімізді жалғар келешек немере-шөбере, шөпшектер кімнің кім екенін біліп, туыстық жіпті үзбесін деген мақсатты алға қойдық. Әрине, сөз тігісін жатқызып, мәнерлеп кестелейтін тіл ғалымы не жазушы емеспіз, қолдан келгенше, қарапайым тілмен жаздық, – дейді жаңа жинақтың авторы Ниязхан Бейсенов.

– Байзақ ауданының Ақжар ауылында бар ғұмырын бала тәрбиелеуге арнаған, ауыл халқының алғысына бөленген ардақты ұстаз өзі де үздік оқушы атанған. Мектепті бітіргеннен соң ауылда шопан, кітапханашы болып әр салада жұмыс істейді. Білімді өмірінің негізгі тірегі деп білген Ниязхан атамыз 1963 жылы Шымкент Мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы болып 1967 жылы бітіріп шығады. Ол кезде дипломмен елге оралған мамандарды оқу бөлімі қажетті ауылға жіберіп отыру заңдылығы болғаны белгілі. Сондықтан да Ниязхан Тоқтамысұлын Амангелді орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі етіп жібереді. Болмысынан адалдық, жауапкершілік, шыншылдықты басты қағида етіп ұстаған жан аталған мектепте жақсы қырынан көрініп, үздік мұғалім атанып, мектеп директорының орынбасары болды. Бұл мектепте 1982 жылға дейін еңбек етіп, Түймекент мектебіне отбасылық жағдаймен ауысып, бала оқыту ілімін жалғастырған. Ниязхан атамыздан дәріс алған шәкірттері бүгінде еліміздің әр аймағында қалап алған мамандықтарын дөңгелетіп, ел экономикасының дамуына зор үлестерін қосып жүр. Ниязхан атамыз 2003 жылы құрметті зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауылдың ақ самайлы ардақты қариясына айналды. Ниязхан атамыздың білім саласында жылдар бойы табанды еткен еңбегі еш қалған жоқ. «Жамбыл облысының еңбек сіңірген қайраткері» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы оқуағарту министрлігінің Алғыс хаты, Байзақ ауданының Құрметті ардагері және де көптеген республикалық және облыстық деңгейде берілген марапаттардың иесі. «Қарты бар ауылдың қазынасы бар» демекші, елдің ұйытқысы, көненің көзі болып жүрген ұлағатты ұстаз әлі де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, белсенділік танытып жүр.

«Бір адам құдық қазса, мың адам су ішеді, бір адам от жақса 100 адам жылынады» деген қанатты сөздің дәлеліндей болған Ниязхан Бейсеновтың жаңа жинағында да оқырманға берер ұлағат бар, – дейді Журналистер одағының мүшесі, Желтоқсан ардагері Ақын Ордабайұлы.

«Ұстаз жолы» берер өсиеттен оқырман құр қалмас деген ниеттеміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар