«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауласынан жылыжай ашқан мұғалім

Ауласынан жылыжай ашқан мұғалім
Автор
«Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, табысын арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Осыны пайдаланып, жұмысынан бөлек жеке кәсібін жасап отырған жанның бірі – №10 Шу колледжінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, көпбалалы ана Айгерім Махамадиева.

Оның білім саласындағы еңбек өтілі 18 жыл. Бұл уақыт аралығында ол талай баланың спортқа деген қызығушылығын оятқан. Айгерімнің шәкірттері бүгінде түрлі жарыстарда жүлдегер атанып та жүр. Мектепте бірге жұмыс істейтін әріптестері де оның талапшыл, білікті, білімді маман екенін айтуда. Көпбалалы ана, тынымсыз жан Айгерім 2024 жылы үй іргесінен жылыжай салуды ұйғарып, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына өтініш береді. Сөйтіп «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде өтініші мақұлданып, жеңілдетілген 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізеді. Осылайша алдына мақсат қойған ұстаз негізгі жұмысымен қатар кәсіпкерлікті дамытуға ден қояды. Үй іргесінен жылыжай ашып, қияр өсірумен қосымша айналыса бастайды.

– Баптай білсең жер ананың берері көп. Қияр егіп өсіру айтуға ғана оңай шаруа. Қияр дәнін егіп, одан өнім алынғанға дейін бірнеше ай қажет. Бұл уақыт аралығында күн сайынғы күтім, суару, жылыжай температураны бақылау, тыңайтқыш беру секілді жұмыстар үздіксіз жүргізіледі. Еңбектің нәтижесі де көз қуантады, бастапқы кезде күніне 5-6 килограмм өнім берсе, маусым қызған кезде бұл көрсеткіш 50-60 килограмға дейін жетеді. Жалпы қияр – күнделікті ас мәзірімізде жиі қолданылатын, адам ағзасына пайдасы көп көкөніс. Оның құрамында су мол болғандықтан, түрлі дәрумендер мен минералдарға бай. Сонымен қатар ас қорыту жүйесін жақсартып, ағзаны тазартады, терінің күйін жақсартады. Әсіресе табиғи жағдайда, химиялық қоспасыз өсірілген өнімнің құндылығы жоғары, – дейді ол.

Айгерім жылыжайда бір ғана қияр өсірумен шектеліп қалмай, басқа да көкөніс түрлерін, соның ішінде балдыркөк секілді дәруменге бай өнімдерді де өсіруді қолға алған. Бүгінде бұл шаруаны жүргізіп отырғанына екінші жыл. Ендігі кезекте ол бастаған ісін бұдан да әрі дамытуды жоспарлап отыр.

– «Ауыл аманаты» жобасына қатысу ойымда бұрыннан жүрген. Өйткені ауылда отырып, өз кәсібіңді бастау әркімнің қолынан келе бермейді. Ал мұнда мемлекет тарапынан нақты қолдау бар. Шынымды айтсам, бастапқыда құжат жинау қиын шығар деп ойладым. Бірақ керісінше болды. Мамандар әр қадамды түсіндіріп, бағыт-бағдар беріп отырды. Соның арқасында қолға алған жұмысым сәтті әрі жылдам жүзеге асты. Мұғалімдік қызметте болғандықтан жыл сайын екі ай жазғы еңбек демалысымызда уақытты босқа өткізбей, пайдалы іске жұмсағым келді. Осылайша, жұбайыммен ақылдаса келе осы кәсіпті бастап кеттік. Жылыжай жұмысын жүргізу оңай емес, әрине. Бірақ дұрыс ұйымдастыра білсең, оң нәтижесін береді, – дейді Айгерім Қайратқызы.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құтыбековтың айтуынша, ауданда 60 жоба іске асырылуда. Тың әрі тиімді жоба арқылы шулық кәсіпкерлер техника жөндеу орталығын, жиһаз цехын, пескоблок өндірісін, көлік жуу орталығын, жылыжай, вулканизациялау, АРМ-спорт, дәнекерлеу цехы және тағы да басқа кәсіптік нысандар ашып, ауданның әлеуетін көтеруге үлес қосуда.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар