«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Түлеткен Мойынқұмды аңыз адам!

Түлеткен Мойынқұмды аңыз адам!
Автор
Қазақта «қасиет», «кие», «құндылық» деген ерекше ұғымдар бар. Әр өңірдің даңқын көтеріп тұратын дара тұлғалары бар. Мойынқұмның киесі мен қасиеті – Жазылбек Қуанышбаев. Бұл кісінің сонша құрметті, сонша даңқты болуының себебі неде? Екі дүркін Социалистік Еңбек Ері атануында ма? Жетпістен асқан жасында егіз ұлдың әкесі болуында ма? Мал шаруашылығына терін төгіп, танытқан адалдығында ма? Меніңше, бұлар өмір жолындағы Жаратушы нәсіп еткен жетістіктер! Маңдайына жазылған бағы. Жаз атамның аңыз болуы бойындағы кісілік, адамгершілік, турашылдық қасиетінде. Осылай ойлаймын.

Жаз-ата тегін адам емес. Пенделіктен биік, әулиеліктен де алыс емес. Басына бақ қонарын алдын ала білген екен. Кеудесінде ешқандай жұлдызы жоқ кезде түс көріпті. Жұлдыз көріпті. Таңертең ерте оянып құдай қосқан жарына: «Бәйбіше, түсімде аспандағы жұлдыз біткеннің бәрі кеудеме қонақтап тұр екен» депті. «Сабыр сақта, қара қойыңды бағып жүре бер. Қолың таза ғой» деген екен сонда көнтерлі бәйбішесі отағасының көрген түсін жақсылыққа жорып. Арада аса көп уақыт өтпеген, Жазатаның еңбегі жанып, көрсеткіші жоғарылап жүре берген. Сол жоғары көрсеткіші үшін 1948 жылы кеудесіне алғашқы алтын жұлдызын қадаған. Көрген түсі шынға айнала бастаған. Бұл әлі ол кісінің маңдайына жазылған жақсылықтың басы ғана еді. Кейіннен екінші алтын жұлдызын да тақты. Жетпіс бір жасында егіз ұлды болып, қуанышы тағы да еселенді. Бәрі аппақ пейіліне Алланың бергені. Біздің қолымызға Жаз-ата туралы бірнеше жазба түсті. Бірінен бірі өтеді. Қайсысын оқысаң да ішіне сүңгіп кетесің, тартып әкетеді. Себебі, бәрі аңыз адам жайлы ақиқаттар. Жазушы Қуандық Түменбайдың 2020 жылы 18 наурыз күні республикалық «Еgemen Qazaqstan» газетінде «Жазылбек деген қойшы болған» атты көлемді мақаласы жарияланған екен.

Автор Жаз-атаның сол жылдардағы Мойынқұм ауданының аңыз басшысы Айтбай Назарбеков екеуінің республика басшысы Қонаевқа, министрлерге кіріп жүріп, аталған ауданға талай ірі құрылыстарды, еңселі мәдениет үйін салдырғанын, «Жасұлан» жеміс-жидек кеңшарын құрғанын әдемі айтып өтіпті. Автор мақаласында: «...Тоғыз ай, тоғыз күнде егіз ұлды болып, кеудесінде тағы қос жұлдыз жарқырады. «Тәубе!» деді күбірлеп. Біреуінің есімін Ыбырай ағасы арнайы келіп, той тойлап жүрсін деп «Тойшыбай», біреуін өзім сияқты қойшы болсын деп «Қойшыбай» деп ныспы берді. Екеуінің басқан ізін қалт жібермей, көзден таса қылмай өсірді. Екеуі мектеп бітірген күні көпті көрген көне көз қос перзентін жетелеп Дінмұхамед Қонаевқа келді. «Қонай бала (ел ағасын еркелетіп осылай атайтын), екеуін де соттың оқуына түсір. Құдай біледі, менен туған бала әділ сот болады. Көресіні солардан көрдік қой» деп нық сөйлейді. Димекең тоқсанға тақаған дала адамының киік көңіліне рахаттана бір күліп алып: «Жазеке, біреуі сот болсын, біреуі өзіңіз сияқты қойшы болмай ма?» деп риясыз ақтарылды.

«Мұның да дұрыс екен. Менікі елеуреген көңіл, шалдың сөзі ғой. Қойды тастап, қайда кетеміз» деп сөзге тоқтап, бірін заң факультетіне, бірін зоотехникалықмалдәрігерлік институтына түсіріп қайтты» деп бір мөлдіретсе, келесі бір тармағында: «Жазекең мөлтектетіп сыр бөлісер ағасы Ыбырайды іздеп Сыр бойына тартып кетті. Тоқсанға жетіп, кәрілік жеңген диқан мен қойшы тағы да беттеседі. «Мен алыс сапарыма аттанып барамын, сен артымда қаласың. Екеуміздің айтар сөзімізді сен айтып жүр. Уақыт жеткенде не айтып, не қойғаныңды маған айтып келерсің», – деді қалжыңның шылбырын босатып.

Бұл – екеуінің соңғы сырласуы еді. Арада ай өткенде Ыбырай Жақаев о дүниеге аттанды. Жазылбек «Ой, бауырымдап, дауыс алып келді. Қатары кетіп көңілі ортайып қалды. Бес жылдан кейін Жазылбек те мәңгілік мекеніне аттанды» деп жазады Қуандық Түменбай. Ойлап қарасаңыз қандай биік адамдар. Тоқсан жасында 85 жастағы замандасына қалжыңдап сөйлейді. Дәл 5 жылдан соң Жаз-ата да замандасы барған мәңгілік мекенге кете барады. Бізді тағы толғандырған 2021 жылы, 26 наурызда аудандық «Мойынқұм таңы» газетінде жарық көрген Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сағынхан Әміреқұловтың «Жастарға жаны жақын» атты мақала.

Мақалада 1976 жылы Мойынқұм аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков ағамыз өзі бас болып дала академигі Жазекеңнің 80 жылдық мерейтойын өткізуді ұйғарғаны айтылады. Сол кездегі облыс басшылығы да бұл ұсынысты құптаған екен. Мақалада: «Салтанатты шараға КСРО Халық әртісі Роза Бағланова апайымыз қатысып, тойға жиналған елді өзінің әуезді әуенімен баурап, көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл салтанатты шараға Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Зақаш Камелиденов қатыса алмады. Бірақ, Зақаш Камелиденов араға үш ай салып, Мойынқұмға арнайы келіп, БЛКЖО Орталық Комитетінің марапаты мен мерекелік төсбелгісін Жазекеңе аудан орталығында өткен арнайы мәжілісте көпшіліктің алдында тапсырды.

Жиыннан соң Зақаш Камелиденов, ауданның бірінші басшысы Айтбай Назарбеков және мен (сол кездегі облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы) Жазекенің үйінде арнайы дайындалған дастарқаннан дәм таттық. Дәм үстінде Жазекең өзіне тән қасиетімен: «Зақаш, қарағым, менің білетінім, сендер мектеп бітірген жастардан комсомол – жастар қой өсірушілер бригадасын Қазақстан бойынша көптеп құру керек деп жөнсіз бастама көтеріп жүрсіңдер. Сендер біріншіден, жер жағдайын, өзен-көлін есепке алсаңдаршы.

Мысалы, біздің Мойынқұм жерінде пәленбай мың қойға қора-қопсы салып, мал шаруашылығын өркендетеміз деп ойлайсыңдар. Бірекі жылда қойдың қыстауы мен жайылымы тоз-тоз болып, жал-жал болып құм басып қалуы ықтимал. Анау Талдықорған облысындағы Николай (Николай Головацкий) 10-15 мың қойды бір жерде етке өткізу үшін бордақылап отыр. Оныкі жөн. Мен білетін Панфилов ауданы дәндік жүгері өсіруге бейімделген. Мемлекетке сатқан жүгері өнімі үшін оларға арзандатылған комбикорм тиесілі. Жүгерінің паясын ұнтақтап ірі қара болсын, қой болсын қолда ұстап бордақылауға ыңғайлы. Сол тек қора-жайда тұратын малды күтетін адамдарды комсомол-жастар бригадасы деп атай беруге болады. Оның үстіне менің бір ағайынымның баласы мектепті барлық пәннен 5-ке бітірді. Енді соны да қойдың артына салып қоямыз ба? – деп Зақашқа қарай тіксіне қарады. Үшеуміз үнсіз қалдық.

«Құнды сөз құнарлы ойдан туады» демекші, қарияның сөзіндегі салиқалы ойлары бәрімізді іштей толғанысқа түсірді. Осы бір жайды мен бүгінгі күнге дейін есімнен шығарған емеспін. Жазекеңнің дастарқан басында жайлап ғана жеткізген өмір топтамасы, бүкіл еліміздің жастарына жасаған жақсылығы деп түсіну керек болар. Себебі, сол әңгімеден соң Орталық комитет мектеп бітірген жастарды қой шаруашылығына тартыңдар деген ұран ақырын ұмытыла бастады» деп толағаныпты бұл күнде бақилық болған ардақты қария Сағынхан Әміреқұлов. Ал, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы қоғамдық қордың Президенті Орынбасар Ахмет аудандық газетке 2021 жылы жазған мақаласында: « Ауданымыздың әр ауылында заманауи мектептер салынды, аудан орталығында әкімшілік ғимараттар, үлкен сауда орындары, мәдениет үйі бой көтерді. Аудан орталығынан Алматыға сол кездегі заманауи «Икарус» автоусы жүргізілді. Реактивті «ЯК-40» ұшағы Алматы, Тараз қалаларына жолаушыларды тасыды. Ауданда жеміс-жидек өндіретін жаңа совхоз ашылды. Міне, осы шаруалардың бәрінің қасында Жаз-ата жүрді, қолының іздері қалды» деп толғанады.

Міне, батыр атаның көзін көргендер, соңына ергендер осылай адалдықпен ой өрбітеді, ақиқатты айтады. Кейде осы Жаз атаға да «Соншама төлді қайдан береді, басшылар қолдан батыр жасаған» деп әр түрлі сөздер де сырттай айтылатыны бар. Оның бәрі көре алмаған күншілдің сөзі. Жаз атаның жаны таза, қолы-ақ. Жаз атаның жоғарыда Зақаш Камелиденовке айтқан бір ғана ескертпесі қандай салмақты. Батырдың деңгейін көтеріп тұр. Осы бір жанашырлық сөзі үшін ғана Жаз атаға үш рет Социалистік Еңбек Ері атағын берсе де артық емес. Себебі, ондай жанашырлық сөзді тек халқын сүйген, жастардың болашағына шын алаңдаған жүрегі таза адам ғана айта алады.

Сөзіміздің басында айтқандай, Жазылбек ата аянбай еткен еңбегімен бірге кісілік келбетімен, биік парасатымен, шыншылдығымен, еліміз өркендесін деген адал ниетімен, жастарға деген шексіз жанашырлығымен биіктеп кеткен дара тұлға. Даланың дара тұлғасы! Биыл барша халық ардақтаған Жаз атаның туғанына 130 жыл. Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев бұл мерейтойды назарында ұстап, көңіл аударып отыр. Бұйырса, малшылар маршалының тойы жоғары деңгейде тойланады деген сенімдеміз.

 

Есет ДОСАЛЫ

журналист

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар