Қыз берген жақтың құдаларға бағалы сыйлық тартуы қаншалықты дұрыс?
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 17:42
- 77
Соңғы жылдары көп талқыланып жүрген мәселенің бірі – беташар рәсімінің өзгеруі. Бұрын келін ақ босағаны аттап түскен соң, көпшілікке бірден көрсетілмей, ағайын-туыс жиналғанда ғана беті ашылатын. Бұл – ибалылықтың, әдептің белгісі еді. Ал қазір беташар тойдың алдында, тіпті бірнеше апта кейін жасалып, келін елдің бәріне алдын ала таныс болып қалады. Нәтижесінде, беташардың тәрбиелік әрі символикалық мәні әлсіреп, тек сахналық көрініске айналып барады. Тағы бір назар аударатын жайт – сырға салу дәстүрінің өзгеруі.
Бұрын сырға салу – екі жақтың ниет білдіріп, уәде байласқан құпияда, мәнді рәсімі болатын. Ал құдалық, үлкен тойлар кейінірек жасалатын. Яғни, әрбір дәстүр өз ретімен, өз кезеңімен өтетін. Қазіргі таңда сырға салу мен құдалықты біріктіріп, қызды ұзатпай тұрып-ақ құдаларды кеңінен күту үрдісі белең алып келеді. Бір қарағанда бұл да – құрметтің белгісі секілді. Алайда осындай өзгерістер салттың табиғи жүйесін бұзып, оның кезеңдік тәртібін жойып барады. Осы мәселе төңірегінде көпті көрген, жасы жетпіс беске келген, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Әмина Баялықызы: «Біздің кезімізде қыз берген жақ ешқашан құдаларына асыра сыйлық жасамайтын. Қыз ұзату – онсыз да үлкен жауапкершілік, үлкен құрмет. Сен бір әулетке адам беріп отырсың. Одан артық қандай сый болуы керек?» – дейді.
Расымен де, бұрынғы дәстүрде сый-сияпаттың өз орны, өз шегі болған. Әсіресе, қыз жағының шамадан тыс дүние шашуы құпталмаған. Ал қазіргі көрініс мүлде басқа. «Қазір қарасаң, құдағилар бір-біріне алтын, бриллиант тағып жатады», – деп жалғады әжей өз ойын. – Тіпті кейде қыз беріп отырған жақ та қарсы тарапқа қымбат әшекей ұсынып жатады. Бұл – біздің дәстүрде болмаған нәрсе. Қыз алып жатқан жақ қандай құрмет көрсетемін десе де жарасады. Ал қыз беріп отырған жақ «қызымды алғаныңа рақмет» дегендей, тағы да бағалы сыйлық беруі – артық, – деген. Әмина әжей мұны дәстүрдің дамуы емес, керісінше, әсіреленуі деп бағалайды. «Қазір бәрі бәсекеге айналып кеткендей. Кім қалай өткізді, кім не тақты – соны көрсеткісі келеді. Бірақ дәстүрдің мәні байлық көрсету емес қой. Оның түбінде сыйластық, қарапайымдылық жатуы керек», – дейді ол.
Қарияның бұл пікірі – бір ғана буынның емес, тұтас қоғамның көкейіндегі сауал секілді. Шынында да, салттың сәнге айналып бара жатқаны, ал мазмұнының кейінге ысырылуы – ойлантарлық жағдай. Қазақ халқында «қызы бардың назы бар» деген сөз бекер айтылмаған. Бұл – қазақ халқының қыз балаға деген ерекше құрметінің, оған деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Қыз – бір әулеттің ғана емес, тұтас елдің абыройы, тәрбиесі мен тектілігінің айнасы деп қараған. Сондықтан да бұрын қызға құда түсу – жай ғана келіп, сөз салу емес, үлкен дайындықпен, аса жауапкершілікпен атқарылатын маңызды іс болған.
Құдалар қыздың босағасын аттарда әр қадамын аңдап басып, әр сөзін салмақтап сөйлеген. Себебі, олар тек қыз сұрап келіп отырған жоқ, бір әулеттің аманатына қол созып тұрғанын терең түсінген. Қыз жағына деген құрмет ерекше болған. «Қыздың жолы жіңішке» деп, олардың әрбір қадамына ілтипатпен қараған. Құдаларды қарсы алу да, күту де, әңгіме айту да – бәрі өзіндік әдеппен, мәдениетпен өрілген. Ең бастысы, бұл жерде байлық көрсету емес, сыйластық пен парасат алдыңғы орынға шыққан. Бүгінгі таңда осы терең мағына кейде көмескі тартып бара жатқандай. Құрметтің орнын бәсеке, ізеттіліктің орнын даңғаза басып бара ма деген ой да мазалайды. Ал шын мәнінде, қазақы дәстүрдің өзегі – дәл осы қарапайымдылық пен терең сыйластықта жатыр. Дәстүрдің әр қадамының өз логикасы бар. Ал оны орынсыз біріктіру немесе ыңғайға қарай өзгерту – сол жүйені әлсіретеді. Бұл, әсіресе, кейінгі ұрпақтың дәстүрді дұрыс түсінуіне кері әсер етуі мүмкін. Әрине, заман өзгереді, соған сай өмір салты да жаңарады. Кейбір өзгерістердің шығуына экономикалық себептер де әсер етіп отыр.
Бір тойдың орнына бірнеше рәсімді біріктіріп өткізу – шығынды азайтудың жолы. Бірақ үнемдейміз деп, ұлттың рухани құндылығын көмескілендіріп алу қаупін де естен шығармаған жөн. Салт-дәстүр – бұл қатып қалған қағида емес. Бірақ оны өзгерткенде, ең алдымен оның ішкі мәні мен тәрбиелік мағынасы сақталуы тиіс. Әйтпесе, біз сыртқы сәнге алданып, өзегімізден айырылып қалуымыз мүмкін. Қазіргі таңда той-томалақтағы әсірелеу мен шектен тыс шығын тек біздің қоғамға ғана тән құбылыс емес. Жақында әлеуметтік желіде Түркия елінде жастардың шағын митингке шыққаны туралы бейнежазба тарады. Онда жас жігіттер үйлену мәселесін көтеріп, дабыл қағып жатты. Олардың айтуынша, соңғы жылдары қалыңмалдың шамадан тыс өсуі салдарынан көптеген жігіттер дер кезінде шаңырақ көтере алмай жүр.
Қыз жағының қоятын талаптары, қымбат сыйлықтар мен үлкен шығындар – бәрі қосылып, қарапайым жастың қалтасына салмақ түсіреді. Соның салдарынан үйлену жасы ұзарған, ал кейбірі мүлде отбасын құрудан бас тартуға мәжбүр. Жастар бұл мәселені тек жеке проблема емес, қоғамдағы маңызды әлеуметтік түйткіл ретінде көтеріп, оны мемлекеттік деңгейде қарастыруды талап еткен. Бұл көрініс бізге де ой салуы тиіс. Себебі қазақ қоғамында да соңғы жылдары қалыңмал, жасау, той шығындары төңірегінде бәсеке күшейіп келеді. Соңғы бірнеше жылдағы көп талқыға түскен мәселенің бірі – махр.
Бұрынғы қазақ дәстүрінде махр деген, ең бастысы, қыздың құқықтарын қорғау, болашақ неке үшін моральдық кепілдік беру мәнінде қаралған. Алайда араб дәстүрінен келген бұл рәсім біздің қоғамда жаңа формаға түсті. Кейінгі имамдар пәтуа шығарып, махрды «қыздың қалтасына байланысты емес, келісімге сүйенетін рәсім» деп нақтылады. Алайда қазіргі қоғамда махр мәселесі кейде сыртқы көрсеткішке, даңғазаға айналып барады. Қыздар жағы махрға үй, машина, қымбат сыйлықтар сұрап, кейде жігіттің қалтасына тым ауыр салмақ салатыны жасырын емес. Бұл жағдайды кейбір адамдар «болашақ жарына жасалған қиянат» деп бағалайды. Себебі махр – алтын немесе затты сыйлау ғана емес, неке мен жауапкершіліктің символы, қыз бен жігіттің болашағын қорғаудың бір құралы. Шын мәнінде, махр тек қыздың құқығын қорғау мақсатында берілетін, бағасы адамның жағдайына сай, шынайы мағынасы сақталған рәсім болуы керек. Ал оны тек қымбат затқа айналдыру – дәстүрдің түпкі мәнін жоғалтып, жастарға қосымша қаржылық қысым туғызады.
Дәстүрді сақтау – оны сыртқы сән-салтанатқа емес, мағынасына, тәрбиелік мәніне мән беруден басталады. Махр дәл осы тұста – тек құндылықты көрсету емес, парыз бен жауапкершілікті үйлестіретін шынайы белгі болуы тиіс. Сонымен қатар ұсыныс пен үйлену рәсімдерінде батыстан келген үрдістер де көрініс табуда. Мәселен, қызды қымбат мейрамханаға апарып, ол жерге достарын жинап, жігіттің тізерлеп тұрып гауһар сақина тағуы сәнге айналғандай. Осылайша қарапайым түрде екі жастың оңашада бір-біріне сезімін білдіріп, қол ұстасып, өмірдің жаңа кезеңіне бірге өтуге сөз байласуының өзі үлкен шоуға айналып жатады. Мұндай әрекет көбіне қыздар тарапынан «басқалар солай жасайды» деген өзге жұптардың тәжірибесіне еліктеуден туады, бірақ оның артында жігіттің қалтасына түсетін ауыр қаржылық салмақ бар. «Жұрттан қалмайық» деген түсінікпен жасалатын даңғаза, шамадан тыс талаптар ертеңгі күні дәл осындай жағдайға алып келмесіне кім кепіл?
Егер салттың атымен шығынды шектен тыс көбейте берсек, оның ауыртпалығы ең алдымен жастарға түседі. Ал бұл – тек бір отбасының емес, тұтас қоғамның болашағына әсер ететін мәселе. Сондықтан бүгіннен бастап даңғазалыққа жол бермей, дәстүрдің мазмұнына мән беріп, артық шығынды азайту – уақыт талабы. Әйтпесе, өзгеде орын алған жағдайдың ертең бізге де жетуі әбден мүмкін. Ұлттың болмысы – оның дәстүрінде. Ал сол дәстүрдің қадірін түсіну – бүгінгі буынның жауапкершілігі.
Арна ЖҰМАТАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Үй салудың жоспары қалай орындалып жатыр?
- Бүгін, 17:15
Жасыл бастама – жарқын болашақтың негізі
- 9 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




