«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үй салудың жоспары қалай орындалып жатыр?

Үй салудың жоспары қалай орындалып жатыр?
Автор
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы аясында Үкіметтің алдына 7 жылда 111 миллион шаршы метр тұрғын үй салу міндеті қойылды. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, биыл елімізде 18,5 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

«Болжамға сәйкес, 2026 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 18,5 миллион шаршы метрді құрайды. Тұрғын үй құрылысын ынт аландыру ұлғайған кезде бұл көрсеткіш жоғарылауы мүмкін», – деген еді министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, тұрғын үй құрылысы бойынша ең үлкен көрсеткіштер республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеледі деп болжанып отыр. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысының қарқыны нәтижесінде көрсеткіштер үш жыл қатарынан жоспарланған деңгейден асып түсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі рекордтық көрсеткішке жеткен. Жоспарланған 19,2 миллион шаршы метрдің орнына 20,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, алдыңғы жылғы көрсеткіштен көп болды. Жалпы алғанда, жоспарлы көрсеткіш елдің 18 өңірінде артығымен орындалды. Оның ішінде Жамбыл облысы да бар.

Атап айтсақ, биыл облысымызда 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орумбаевтың айтуынша, Жамбыл облысында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың 8 қаңтардағы жағдай бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 57434 адам тіркелген. Оның ішінде 31055 азамат халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады. Аталған санаттағы тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында облыста әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, сонымен қатар дайын пәтерлерді сатып алу тетігі де кеңінен қолданылуда.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет алдына қойып отырған тапсырмасын орындау мақсатында өткен жылы облыста жалпы көлемі 768,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 157,9 мың шаршы метрі немесе 20,5 пайызы бюджет қаражаты есебінен, ал 79,5 пайызы жеке меншік қаражаты есебінен салынды. Бюджет есебінен 18,4 миллиард теңгеге 2190 пәтерлі 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Жыл қорытындысымен 1050 пәтерге арналған 20 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Жеке меншік қаражаты есебінен 1056 пәтерлі 39 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамту мақсатында 21, 5 миллиард теңгеге 1425 пәтер сатып алынды. Ал биыл өңірде жалпы 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жылдың қаңтар-ақпан айларында 82,7 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді, – дейді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, пәтер кезегінде тұрған азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджеттен 20,3 миллиард теңге бөлінген. Осының арқасында 2035 азаматты баспанамен қамту көзделуде. Мұның ішінде 680-і аз қамтылған әлеуметтік топтағы азаматтар.

– Бүгінгі таңда тұрғын үй құрылысы жалғасуда. Жалпы облыста 2941 пәтерден тұратын 66 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Жыл соңына дейін 35 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын аяқтап, 1685 пәтерді тапсыру жоспарлануда. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін 350 тұрғын үйді сатып алу көзделіп отыр. Бүгінгі күнге дейін 15-ші шағын ауданда орналасқан 125 пәтерлі 2 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталды. Алдағы уақытта пәтер иелері қоныс тойларын тойлайтын болады, – дейді басқарма басшысы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

Ұқсас жаңалықтар