Бәріміз үшін оның қандай қызмет атқаратыны, немен шұғылданатыны – үлкен жұмбақ, баяғы бала кезімізде киноларда көретін шпионның нақ өзі.
Айтпақшы, бұл көршімнің қақтаған балық сияқты қатып қалған әйелі және сабалақ-сабалақ жүнді иті бар екендігін білеміз. Олар да иелері сияқты ешкіммен араласпайды, сирек бой көрсетеді. Көршімнің шиқ-шиқ етіп жүретін ескі жеңіл машинасы болатын. Оны сатып жіберген болуы керек, бір күні жап-жаңа «Мерседес» мініп жүргенін көріп қалдық. Ол көп ұзамай-ақ өзінің ескі үйін сатып, Алманияға көшіп кеткен неміс көршісінің үлкен жаңа үйін сатып алды. Оның ағаш қақпасын алып тастап, орнына жаңа темір қақпа орнатты. Бір айдан соң әлгі қақтаған балық сияқты әйелі жердің астына түсіп кеткендей зым-зия жоқ болып, енді сабалақ-сабалақ жүнді итті қақшаңдап қалған бір жас әйел серуендетіп жүретін болды.
Сөйтіп, көршім өзінен және итінен басқасының бәрін жаңалап шықты. Арада бір апта өткен соң, біреулер көршінің жаңа үйдегі жаңа қақпасына:
Көліктің алдың жаңасын,
Үйдің алдың жаңасын,
Қатынның алдың жаңасын,
Қайтесің бәрін жаңалап,
Бәрібір өзің жамансың, – деп майлы бояумен баттайтып тұрып, өлеңдетіп жазып кетіпті. Кім болса да, дәл біліп жазған. Бірақ, оған ұялып, намыстанып жүрген көршім жоқ. Сол баяғы тұрысы, сол баяғы жүрісі. Оған аспан түсіп, жер ойылып кетсе де бәрібір. Өйткені, ол «новый қазақ» қой...
Маймыл, арыстан және Киска
Құрмаш жер түбіндегі Атырауда вахта бойынша бір ай жұмыс істеп, бір ай демалады. Алыс жолдан оралғаны кеше ғана, алты жастардағы Болат бұл жолы әкесін қатты сағынып қалыпты, жанынан бір елі қалар емес, бүгін балалар бақшасына да бармады.
Құрмаштың әйелі Сәлима үйдің жанындағы азық-түлік дүкеніне бармақшы болып, тойға жиналғандай сәнденіп, кербездене шығып кетті.
– Папа, папа, саған бір секрет айтайын ба? – деді жанында монтиып отырған Болат.
– Айта ғой, балам. Ол қандай құпия?
– Папа, білесің бе, – деді сүйкімді ұлы әкесінің тізесіне отырып жатып, – сен алыс жаққа кеткенде, бір ағай: «Киска, жағдайың қалай? – деп мамама телефон соғып жатады.
– Арыстаным, – деп жауап береді мамам.
– Үйдегі маймыл әрең кетті. Кешке кел, Болатты мамамның үйіне апарып тастаймын. Менің барғым келмесе де, әжемнің пәтеріне қалдырып кетеді мамам. Папа, мамам сені неге маймыл дейді? Сен зоопарктегі маймылға мүлде ұқсамайсың ғой?!
Құрмаштың төбесіне біреу тас тастап жібергендей, жүрегі қырық пышаққа түскендей болып кетсе де, дүниедегі лас атаулыдан мүлдем хабары жоқ кішкентай ұлын құшағына қысты.
– Болатжан, әрине, мен маймылға ұқсамаймын. Өзің де білесің, Жолбарыстан бір айнымаймын. Мені маймыл деп мамаң ойнап айтқан болар.
– Ура! Менің папам – жолбарыс! Ыр... ыр.., – деп күнәсіз сәби әкесінің мойнына асылып, құшақтап жатты.
– Қазір мамам дүкеннен келгенде менің папам маймыл емес, жолбарыс деп айтамын. Папа, білесің бе, мен жақында теледидардан қызық мультфильм көрдім. Бір орманда жолбарыс пен арыстан кездесіп төбелескенде, арыстан жеңіліп тұра кеп қашты. Мамама «Мияу-у Киска» деп телефон соғатын Арыстан ағайдың быт-шытын шығаршы! Өткен аптада мамамды үйге дейін мәшинемен әкеліп тастады. Машинасы крутой болса да, оны жек көремін. Бірінші сыныпта оқитын Марат деген көрші баланы білесіз ғой. Сол: «Болат, сенің екінші папуляң мамуляңмен келе жатыр. Алдынан шығып қарсы алмайсың ба?», – деп мені ылғи келеке етеді. Маған басқа әкенің керегі жоқ. Менің әкем сенсің. Мамамның сені маймыл дегеніне қатты өкпелеп жүрмін, сені сондай сағындым. Мамамен бірге тұрғым келмейді. Мені өзіңмен бірге алып кетші, папа, – деді Болат әкесін құшақтап.
Болат өзі қатарлы балалармен ойнауға кеткенде, аяғын кербездене басқан Сәлима ішке кірді.
– Әй, Киска, – деді Құрмаш іші алай дүлей болса да салмақты сөйлеуге тырысып, – мендей маймылды қайтесің? Бүкіл заттарыңды жина да, әлгі Арыстаныңа тайып тұр! Мен екі сағаттан соң ораламын. Келгенде сенің арсыз жүзіңді, қылмыңдаған көзіңді көрмейтін болайын.
Құрмаш тілден айырылып, ас үйдегі орындыққа жалп етіп отырып, көзі алақтап кеткен әйеліне көз де салмастан, үстіне күртешесін киіп, үйінен шыға берді...
ФИНАЛ
Дәрігер дәл қарсы алдында отырған түйенің жарты етіндей науқасқа, сонан соң алдында жайылып, шашылып жатқан қағазға қарады.
– Иә, сонымен қай жеріңіз ауырады?
– Ауырмайтын жерім жоқ, қарағым, – деді науқас ыңқылдап, – сөйте тұрып, тым семіріп барамын. Соған қарсы бір емің бар ма, айналайын?
– Тамаққа деген тәбетіңіз қалай? – деді дәрігер орнынан тұрып.
– Құдайға шүкір, ол жағынан шағым айтқаным күпірлік болар. Жарты қойдың етін жеп, бір шара қымыз ішуге шамам жетеді, айналайын.
– Е, онда ауруыңыздың түрі белгілі болды, – деді дәрігер, – тамақты аздап ішіңіз. Сонда бәрі жақсы болады. Біріншіден, арықтап, денсаулығыңыз жақсарады. Екіншіден, тамақтың есебінен біраз қаржы үнемдейсіз мына қымбатшылық заманда.
– Шырағым, алдыңа күнде келіп жатқаным жоқ, – деді науқас орнында аударылып-төңкеріліп. – Соңғы кезде көздерім өзінен-өзі желімденіп, тілім қышитын болып жүр. Біртүрлі екен, жүйкем жұқарып, қалтырауық болып барамын. Кеше көршім судай жаңа машина сатып алған екен, соны ойлап, ішім тұз жалағандай күйіп, түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Мен жүрмін қалт-қалт етіп, күнімді әрең көріп, ал көршім болса «Мерседес» мініп, кердең-кердең етеді.
– Ішімдік жағына қалай қарайсыз?
– Ой, інішек, мына заманда тегін арақ болса, кім тартынады? Бір кісідей ішеміз ғой, әкесін танытып.
– Мүмкін болса ішімдікпен көп әуестенбеңіз, – деді дәрігер науқасқа кеңес беріп. – Ол бүкіл тұла бойыңызды жайлап алған дерттерді қоздырады, сондай-ақ оның күндестік, көреалмаушылық деген жаман қылықты асқындатып жіберетіні бар. Көзіңіздің өзінен-өзі желімденіп жабысып, тіліңіздің жыбыр-жыбыр етіп қышып тұратыны осыдан.
– Ойпырмай, ә! – деді науқас желкесін қасып. – Адам бұзылды ма, әлде заман бұзылды ма, аурудың түр-түрі көбейіп барады. Айтпақшы, інішек, көзім ілініп кетсе болды, ылғи түрлі-түсті түс көремін. Бірде тышқандар, енді бірде мысықтар футбол ойнап жатады. Осыған бір емің бар ма?
– Ананы-мынаны көп ойлағандықтан ғой. Мен сізге бір дәрі жазып беремін, ұйықтардың алдында ішіңіз, – деп дәрігер қолына қаламын алды.
– Інішек, – деді науқас дәрігер ұсынған тілдей қағазды алып жатып, – сен жазып берген дәріні бүгін емес, ертеңнен бастап ішейінші, ә?
– Неге? – деді дәрігер таңғалып.
– Жаңа айттым емес пе, түрлі-түсті түс көремін деп, – деді науқас орнынан тұрып, – бүгін тышқандардың футболдан финалы еді. Қызық қой, соны көрсем деп едім...
Қайта оралған шапан
Басқасын қатырмасақ та, той жасаудан біздің қазақ дүние жүзінде бірінші орынды алады. «Айдағаны бес ешкі болса да, ысқырығы жер жаратындар» көбейіп, 30 жылдығын немесе 40 жылдығын тойлайтындар жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақша қаптап кетті. Үйлену тойын айтпай-ақ қояйық, жақында біреулер ажырасу тойын дүркіретіп өткізді.
Біздің бала кезімізде сүндет той, шілдехана тойы, отбасы, ошақ қасында өтуші еді, бүгінде біздің ағайындар аталып өткен қуанышқа ең кем дегенде 500 адам шақырып, қымбат-қымбат мейрамханаларда тойлап жатыр. Жағдайы келе ме, келмей ме, оған қарап жатқан қазекеңдер жоқ. Көзіміз соқыр емес, кредит алып той жасағандарды да көріп жүрміз. Басқа жақта қалай екенін білмеймін, біздің оңтүстік өңірінде бір аптаның ішінде ең құрығанда бес рет той өтеді десем, өтірік айтқандық болмас. Жалған айтсам, жалпиған мұрнымды кесіп берейін. Жұмысқа бармауымыз ғажап емес, ал тойға барымызды сылқитып киіп, конвертімізді қалтаға салып, шапанымызды арқалап, міндетті түрде барамыз. Өйткені бірі – туыс, енді бірі – құда-жекжат, енді бір тобы құрдас, дос болып келеді. Бармай көр, өкпесі қара қазандай болып, амандаспай кетеді.
Өздеріңіз де тойға жиі-жиі барасыздар, көріп жүрсіздер, соңғы кезде қазіргі әкімдердің есеп беру жиналысына айналып бара жатқан тәрізді. Әсіресе, үйлену тойларындағы шаңырақ көтерген жастарға тіпті обал. Енді үйленіп, ыстық-суығы әлі басыла қоймаған жас жұбайларды тік тұрғызып қойып, қызыл сөзді көсілте жөнелгенде, бір-бірімізден асамыз. Кейбіреулер үйлену тойы екенін ұмытып кетіп, өзі, патша заманында болыс болған ата-бабалары, үлкен қызметте жүрген балалары жайында айтып лағып кетеді.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын облыс бойынша түкірсе түкірігі жерге түспейтін бір туысымның 60 жылдығы болып, батаны да, алғашқы сөзді де маған берді. Мұндайда көрініп қалу керек, аянған жоқпын, армансыз көсілдім. Туысқанымды асқар тауға, шалқар көлге, жарық сыйлаған күнге, елім деп еңіреген ерге, алып тұлғалы тауға, өсіп-өніп, аспанға бой созған бәйтерекке теңедім. Елі, халқы үшін туған бауырымдай нағыз азамат 100 жылда бір-ақ рет туады деп сөзімді аяқтағанымда, өз өтірігіме өзім сеніп, көңілім босап кетті... Жамбыл ақынның өзі таба алмаған теңеуге Төкен туысым қалай шыдасын, мені қайта-қайта құшақтап, сан миллиондаған теңгенің тендірін ұтып алғандай қолымды қайта-қайта қысып, үстіме құндыз бөрікті қымбат шапан жапты.
Көп ұзамай-ақ менің жетпіс жылдығым болып, кредит алмасам да, жиған-тергенімді шашып, төрт жүз адам шақырып, дос сүйсінетіндей, дұшпанның іші күйетіндей дүркіретіп той жасадым. Менен бес жас үлкендігі бар Досан деген туысқаным бата берді. Батасының соңы ұзын-сонар тілекке айналып, мақтауымның түбін түсірді. Өзімді-өзім бағаламай жүр екенмін: мына дүниеде менен асқан талантты, данышпан, досы десе астындағы жалғыз атын сыйлайтын, кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсететін, қызметіне, дардай атағына қарамай, кішіпейіл, қарапайым адам болып шықтым. Екінің біріне бұйыра бермейтін үлкен мақтауға қалай шыдаймын. Досан көкемді қайта-қайта құшақтап, жалпақ бетінен Брежнев жарықтық сияқты былш-былш етіп сүйіп, 60-қа толған тойында Төкен туысым сыйлаған құндыз бөрік пен құндыз жағалы қымбат шапан кигіздім.
Жақында ғана айды аузымен білейтін бір мықты құдамның 70 жылдығы болып, тойдың орта тұсында маған сөз берді. Обалы не керек, құдамның қолы ашық, анда-санда шайға шақырып тұрады. Өткен жылы Сарыағашқа курортқа кетіп бара жатқанымда: «Құда, жақсы демалып, денсаулығыңызды нығайтып, аттай шауып кетіңіз» деп қалыңдау конверт ұсынғанын қалай ұмытайын.
Құдамды тілім жеткенше жарты сағатқа жуық майын тамызып мақтадым. Құдекең негізінде сенгіш, ақкөңіл адам. Көңілі кәдімгідей босап, үстіме қымбат шапан жауып жатты...
Тойдан кеш қайтып, құдам сыйлаған шапанды шкафқа іліп жатқанда, көзіме біртүрлі таныс болып көрінді.
– Айғаным, бері келші, – дедім ас үйде жүрген жұбайыма айқайлап. – Саған бір қызық көрсетейін. Досан көкемнің 75 жасқа толған тойын дүркіретіп өткізгенімді ұмытпаған боларсың. Мына шапан мен сыйлаған шапан емес пе?
Кемпірім көзілдірігін киіп, ұзақ қарады.
– Дәркештің папасы, жаңылмаған екенсің. Иә, сол шапан. Этикеткасына «Қ.Қ» деген белгі жазғаның есіңде болар? – деді кемпірім күліп. – Қайтып келген малда береке көп деген. Оған басыңды қатырып қайтесің. Астанадағы бірге оқыған Бәдуан досың 75 жасқа толып, тойына шақырып жатыр. Бұл шапанды соған сыйлармыз. Шапанымды Бәдуан досыма беретін болдым деп қапа болып тұрсың ба, отағасы? Енді төрт жылдан кейін 80 жасқа толатыныңды ұмытпағайсың. Амандық болса, шапаның сонда қайта оралар өзіңе. Құдай қаласа, кредит алсақ та тойыңды дүркіретіп өткіземіз. Ұлың мен қызың әкемізге өтірік болса да көлік сыйлайық деп отыр. Олары дұрыс! Менің шалымның анау-мынау емес екендігін жұрт біліп жүрсін. Жүр, шәй ішейік.
Тойдағы шәй бір бөлек те, елу жыл отасқан кемпірімнің дайындаған қызыл күрең шәйі бір бөлек. Қайтып келген шапанға бір қарап, ас үйге бет алдым.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы.
Ұқсас жаңалықтар
Вальс королінің әндері Тараз төрінде шырқалды
- Бүгін, 13:06
Даланың дәстүрлі әні – ұлттық мұра
- 30 наурыз, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- Бүгін, 10:57
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- Бүгін, 10:51
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




