«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қонаевтың жеке күзетінде қызмет еткен

Қонаевтың жеке күзетінде қызмет еткен
Автор
Қордай ауданының Құрметті азаматы, Степное ауылындағы «Қазақстан–2030» шаруа қожалығының төрағасы Аманхан Рысымбетов 1949 жылы Қырғызстанның Көксай ауылында дүниеге келген екен. Бертінде елге қоныс аударғанға дейін сонда тұрып, қырғыз мектебінде оқыпты. Мұның себебін Әбекеңнің атасы мен әкесінің шырғалаңды ащы тағдырынан көреміз. Ғасырлар бойы қалыптасқан мамыражай қазақ өмірін ту-талақай еткен ХХ ғасырдың бас кезіндегі аумалы-төкпелі заманның кесапаты бәрі. Кеңестік биліктің сорақы саясатымен елде ұжымдастыру, байларды тәркілеу жүргізіліп, аяғы жеткен дәулеттілер елден сыртқа қаша бастаған кез. Жамбыл облысының Талас өңірін мекендеген біраз ағайынның ұйытқысы болып отырған Рысымбет Жолтайұлы да бір түнде бүкіл мал-жанын алдына салып, соңынан ерген қауым жұртымен көрші елге қарай үдере көшеді.

Бурныйдан өрлеп ақ басты қырғыз Алатауының баурайындағы Ақсай мен Көксай шатқалдарына келгенде қолға түседі.

– Өзіңді Сібірге айдатып, мына жұртты малдарымен колхозға аламыз, – дейді бұларды тоқтатқан қызыл жағалылар.

– Малымызды, бар дүниемізді алсаң ал, бірақ бұл кісіні бізбен қалдыра гөр, онсыз күн көре алмаймыз, – деп шулайды ел. «Ой мұны ел-жұрты қолдайды екен» деп Рысымбетті ферма басқаруға қойып, соңынан ергендерді түгел колхозға қабылдапты. Сөйтіп, қызыл өкіметтің айтқанына көніп, айдауына жүріп Рысымбет қудалаудан аман қалыпты. Өйтпегенде қайтеді, әйелі көп құрсақ көтерсе де, балалары шетіней беріп, тек жалғыз Жамбайбек пен қызы Зиякүл ғана қалса. Енді олардан да көз жазып, өз басы әлдеқайда тентіреп мүлде тұқым-тұяқсыз қалмас үшін бәріне көнеді.

Бұл 1927 жыл, жалғыз ұлы Жамбайбектің жеті жасар кезі екен. Сөйтіп, олар Қырғызстанның Талас облысы, Киров ауданы, Көксай айылында тұрақтап қалады. Уақыт зымырап өтіп жатты, Рысымбетпен ілесе барған қазақтар ақ қалпақты ағайындармен біте қайнасып, бұл өңірге тастай батып, судай сіңеді. Жамбайбек те ер жетіп қырғыз мектебінде оқиды. Іргедегі Әулиеатада жаңа ашылған педучилищені бітіріп, соғыс қарсаңында Көксайда бала оқытып, мектеп директоры да болыпты. Ол кезде мектеп Ақсайда төрт, Көксайда жеті сыныптық екен. Кәдімгі заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов та тоғыз-он жасар кезінде Ақсайдан (Шекер айылы) осы Көксайға келіп Жамбайбектен дәріс алғандардың бірі болса керек. 1938 жылы Жамбайбек Қатипамен бас қосып отау құрады, күзде жасы он сегізге толып Қызыл Армия қатарына шақырылады. Аяғы ауыр жұбайына ұл туса есімін «Әскер», қыз болса «Әскергүл» қоюды тапсырып, азаматтық борышын өтеуге кете барады.

Совет солдатының шинелін киген сегіз жылда жауынгер Жамбайбек Жолтаевтың басынан нелер өтпеді десейші. Әуелде Ленинград әскери округінің 412-ші артиллериялық полкінің нысана көздеушісі болып калибрі 152 мм гаубицалардың зеңбірегінен атыс жүргізуді үйренеді. Әскерге келгеніне бір жыл өткенде совет-фин соғысы басталып, жауынгер Жамбайбек 7-ші армияның құрамында әйгілі «Маннергейм линиясын» бұзу шабуылына қатысады. Фин соғысынан аман келсе, Қатипа Әскергүлді өмірге әкеліпті. Жамбайбек бұрынғы мұғалімдік жұмысын қайта жалғастырады. Бірақ, бір жыл өтпей батыста енді Ұлы Отан соғысы басталады. Қолына қару ұстауға жарайтын ер азаматтар жаппай майданға аттанып жатты. Ел басына күн туғанда соғыс көріп келген Жамбайбек қайтадан майданға аттанады. Талай қанды шайқастарға қатысады. 1942 жылдың қаңтар айында Ленинград майданында жау оғынан ауыр жараланып, қалың қардың астында қансырап қатқан жерінен санитарлар тауып алады. Өлдіге санаған солдаттың кірпігі болмашы қимылдағанын байқап қап, дереу санчастқа жеткізеді.

Екі айдай госпитальде емделіп, Жамбайбек денсаулығына байланысты екінші топтағы мүгедектікпен әскер қатарынан босатылады. Жуантөбедегі әкесінің фермасында қымыз, шұбат ішіп әлденіп, денсаулығы біраз қалыпқа келіп ақырындап жұмысқа да араласады. Денсаулығы нығайып өз-өзіне келген соң, 1943 жылы жары Қатипаны, екі жасар Әскергүлі мен жаңа туған Амангелдісін маңдайынан бір-бір сүйіп, әкесінен жасырын ерікті түрде соғысқа тағы кетеді. Ол енді 202 атқыштар дивизиясының 645-ші полкінің құрамында Орлов облысы аймағындағы ұрыстарға қатысып, алғы шеп пен командалық пункт аралығында байланыстың үзілмеуін қаматамасыз етуші телефонист болып талай ерліктер жасады. Жеңіс күні қарсаңында Германия жерінде 239- шы миномет полкінің құрамында аса маңызды жауынгерлік тапсырманы орындап «Ерлігі үшін» медалін алады.

Бұл оның осымен төртінші рет алған «Ерлігі үшін» медалі болатын. Жалпы, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан алынған деректерге сүйенсек, бұл соғыста сержант Жамбайбек Рысымбетұлы Жолтаев төрт бірдей «Ерлігі үшін» медалімен қоса, «Қызыл Жұлдыз», үшінші дәрежелі «Даңқ», екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Киев қорғанысы үшін» медальдарымен де марапатталыпты. Жеңімпаз жауынгер 1946 жылы елге оралады. Фрунзедегі пединститутты, одан Жоғары партия мектебін бітіріп Талас облысында мектеп директоры, аупартком қызметкері, колхозда парторг болып түрлі қызметтер атқарады. Тек, өмірлік жары Қатипаның денсаулығына байланысты, екіншіден, елдегі ағайынтуыстарының қолқалап шақыруымен 1961 жылы туған жерге қоныс аударады.

Жамбыл облысының «Куйбышев» совхозында парторг, Ильич атындағы совхозда директордың орынбасары болады. Он үш бала көтеріп, оның тоғызын аман өсірген «Батыр ана» Қатипа Тілеубайқызы 1970 жылы дүние салады. Соғыста өкпесін оқ тескен Жамбайбек Рысымбетұлы да жарақаты асқынып, 1977 жылы 57 жасында өмірден озады. Сөйтіп, үркіншілік жылдары отбасымен көрші елден пана тапқан Рысымбеттің сүйегі сол қырғыз жерінде қалғанымен, жалғыз ұлы Жамбайбекке мәңгілік жай туған топырағынан бұйырыпты. Олар Қазақстанға қайта көшіп келгенде Аманхан он екі жасар бала-тұғын. Қырғыз мектебінде сауатын ашса, енді білімін қазақша жалғастырады. Әкесі соғысқа кеткенде туған Әскергүл әпкесі бұл кезде Жамбыл қаласында оқу бітіріп, Қаратай Тұрысовқа (кейіннен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері) тұрмысқа шыққан. Обалы не керек, олар соңынан ілескен бауырлары мен қайныларына барынша қамқорлық танытты. Аманхан да 1965 жылы 8-ші сыныпты бітірген бойда Қаражал қаласында тұратын сол әпке-жездесінің қолына барды. Қазыналы Қаражалда мектеп бітірген Аманхан оқушы кезінен-ақ ерек қасиеттерімен танылыпты.

Қоғамдық іс-шаралардың бел ортасында жүрді. Еркін күрестен 1-ші разрядты спортшы дәрежесінде жастар арасында қала, облыс, республикалық жарыстардан жүлделі оралып, мектеп мерейін сан мәрте өсірген. 1967 жылы мектеп бітіргесін, сол тұстағы талап бойынша екі жылдық өндірістік тәжірибеден өтуге қала маңындағы №1 шахтаға жұмысқа кіреді. Сөйтіп, жер астындағы қайнаған тірлікті көзімен көріп, қолымен атқарып, алғаш рет ащы термен тапқан нанның тәтті дәмін сезінеді. Келер жылы Қарағанды политехникалық институтына түсіп оқиды. 1970-72 жылдары әскерде болып, сол кездегі Ленинск қаласында (Байқоңыр) ғарыш кемелерін көкке самғататын 32-ші ұшыру алаңында қызметін өтейді. Бұлардың міндеті алаңды кезекті ұшуларға дайындау және күзету болған. Денсаулығы, ұстамдылығы, саяси көзқарасы жағынан шыңдалып көзге түскен старшина Аманхан Жамбайбекұлы әскерден соң алғаш облыстық ішкі істер, одан соң мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне қабылданады. Бірде оны тергеу бөлімінің бастығы подполковник Кункаев өзіне шақырады:

– Сен Мемлекет басшысының күзет қызметіне қабылдандың. Бұл оңай іс емес, енді туыстық байланыстарды азайтып, барынша қырағы болуға тура келеді, – деп жаңа қызметтегі талап-ережелерді түсіндіріп, Алматыға шығарып салады. Сөйтіп, 1974 жылғы 3 қарашадан А.Рысымбетовтың мемлекет басшысы Д.А.Қонаевтың жеке күзетіндегі қызметі басталады. Қазақстан басшысын күзететін бөлімшенің құрамында төрт жарым жылдай Димекеңе өте жақын жүргенін өмірінің ең жарқын беттерінен санайды. Бұл мыңнан біреудің ғана пешенесіне бұйырар жауапты да абыройлы міндет болса, Әбекең оны басына қонған бақыт көріп, ұдайы мақтанышпен айтып отырады. Бұған өзінің ептілігі, мығым спорттық тұлғасы, байсалды да ер мінезі арқасында жетті. Бірде Димекең бұдан қай өңірдің азаматы екенін сұрап қалады. Жамбыл облысы, Талас ауданынан екенін айтады.

– Ондағы «Ойық» совхозының директоры Әнуарбек Тәжімбетов атаңды білетін боларсың? – деп сұрайды тағы.

– Ол кісі туралы естуім бар, бірақ мен сыртта тәрбиелендім, – дейді бұл. – Сырттың қай жерінде? – Қарағандыда...

– Қалқам, – дейді Димекең сонда бұған бұрыла қарап,

– Қазақстанда қазаққа сырт жер жоқ. Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығыс деп атай бергің, бірақ сырт деме, еліміздің қай өңірі де қазаққа ортақ. Сол есіңде болсын! Димаш Ахметұлының сол сөзін жадына мықтап түйіп алады. Ат төбеліндей аз қазақтың ата-атаға, жерлестікке бөлінуі ел бірлігін бұзатын өте жаман әдет екенін ұғып, бұл өмірлік ұстанымына айналды. Димекеңнің екінші бір: «Жібі түзу, жаны таза адам кез келген жағдайда, қандай қызметте істемесін, қашан да ар-ожданын биік ұстап қалады» деген сөзін де бойтұмардай есте сақтап, ғұмыр бойы соған ұмтылумен келеді. Қонаевтың күзетіндегі жылдары Қазақстанға келген талай елдің мемлекет басшыларын, ірі қоғам қайраткерлерін күзетуге қатысыпты. Болгариядан Тодар Живков, ГДР-ден Эрих Хонеккер, Анголаның тұңғыш президенті, тісінен басқасы көмірдей қара Агостиньо Нето және басқаларын қасынан көрген. Тіпті, Моңғолия Министрлер Кеңесінің Төрағасы Жамбын Батмунхтың (кейін Президент болған) қолынан «Сухе Батор» медалін тағыпты. Ал Брежневтің қолын алғаны ше! – 1976 жылы 3 қыркүйекте КПСС Орталық Комитетінің Бас хатшысы, СССР Министрлер Советінің төрағасы Л.И.Брежнев Республика партия-шаруашылық активіне қатысуға Алматыға келді. Сол күні мені төртінші постқа бекіткен болатын, – дейді Әбекең сол оқиға туралы.

– Қонаевтың көлігі әдетте үкімет үйіне Совет көшесімен арт жағынан келетін. Көліктер кірген соң сыртқы қақпалар жабылады. Қақпа алдында екі подполковник күзетте тұр. Мен ғимараттың кіреберісіндегі лифті аузында тұрмын. Міндетім мәртебелі қонақтар ғимаратқа кіріп лифтіге таяу келгенде әскери тәртіппен оң қолымды маңдайға қойып сәлем беріп, лифт түймесін басып есігін ашу. Сол жолы Брежневтің қасында ілесіп жүрген генералдары, министрлері бар отыз шақты адам болған. Бәрін бастап жүрген Димаш Ахметұлының өзі еді. Брежнев есікке жақын келгенде: «Товарищ Генеральный Секретарь...» деп чест бере бастағаным сол еді, ол маған қарады да: «Какой красивый хлопец» деп қолын созды. Мен қолын алдым. Сәл тұрып қалсақ керек, қасында келе жатқан Димекең: «Леонид Ильич, лифт закроется» дегенде бәрі тез-тез ішке кіре бастады. Кейіннен қақпа аузында тұрған подполковниктер маған: «Аманхан, Брежнев бізге қараған да жоқ, ал сенің қолыңды алды, сен бақыттысың» деп жүрді...

1978 жылы күзет қызметінен өз еркімен босап, А.Рысымбетов Алматы жылу орталығында, Торғай облысы геологиялық экспедициясында көлік жүргізушісінен бастап, облыстық өндірістік-техникалық байланыс басқармасының инженері, бас диспетчері қызметтерін атқарады. Бұл арада өндірістен қол үзбестен Алматы ауылшаруашылығы институтында оқып агроном мамандығын игеріп шығады. 1980 жылы Айша Жүнісқызымен отау құрып, олар 1983 жылы Қордай ауданына табан тірейді де, Аманхан – «Георгиевка» кеңшарының бөлімше агрономы, Айша – жергілікті мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жаңаша тірлік бастайды. Кейіннен күзет қызметінде бірге болған Жайлау деген полковник досы телефон соғып:

– Димекең, «әлгі Тұрысовтың қайнысы қайда жүр?» деп сені сұрап жатыр, – депті.

Қаншама биікте жүрсе де Димекеңнің бір көрген қарапайым жандарды да ұмытпай, осылай есіне алып жүретіні қандай ғажап. Өз кезегінде Әбекең де қазақтың маңдайына біткен кемеңгер тұлға туралы, оның өзі куә болып, іштей сезінген кісілігі, биік парасаты жайлы сағаттап әңгімелеуге бар. Он бес жылдан бері Степное ауылына Қонаев есімін беру туралы мәселе көтеріп, үлкенді-кішілі жиындарда айта беруден жалықпауы содан. Жыл сайын Димекеңнің туған күніне орай Алматыда өтетін еске алу шараларынан да қалған емес. Қасиетті Қордай жері оларға құтты болды. Кеңшар директоры Ахметбек Әспетов қатардағы агроном Аманханды 520 гектар қызылшалыққа бригадир етіп тағайындады.

Жүз жиырмадай қызыл шашы әйелдерден, қырық шақты механизаторлардан тұратын үш звеноны үйлестіре басқару, әсіресе, әр ұлттан құралған әйелдер қауымының тілін табу оңай емес-ті. Бірақ, Аманхан баршаның тілін тапты, бір адамның үстінен рапорт жазып басшылыққа арызданған жоқ. Есесіне, жыл сайын қант қызылшасынан аудан бойынша мол өнім жинаушылар қатарынан көрінді. Төрт жыл өте кеңшар жұмысшылары оны кәсіподақ жұмысын басқаруға сайлады. А.Рысымбетов бас-аяғы он сегіз жылын осы қызметте әуелде «Георгиевка» кеңшары, кейін «Достық» кооперативі атанған еңбек ұжымы мүшелерінің мүддесін қорғауға арнапты. Оның ішінде тоғыз жылдан аса Саят Сарғасқаевпен тізе қоса еңбек етті.

Нарықтық қатынастар келіп, жекешелендіру талабымен ірі агроқұрылымдар ұсақ шаруашылықтарға бөліне бастаған кезде қырықшақты отбасының жер үлестерімен «Қазақстан–2030» шаруа қожалығын құрды. Бұл 2005 жыл болатын. Ал 2008 жылы ауылдастарының қалауымен Степное ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Үш елді мекеннен тұратын, халқы қырық темірдің қылауындай көп ұлтты округте қашаннан шаруа шаш етектен. Қыбын тауып бұл істі де абыройлы атқарып 2012 жылы зейнетке шықты.

«Бір жау көп, мың дос аз» – бұл Аманханның өмірлік ұстанымы. Кімді болса да өзіне жақын тартады да тұрады, барымен бөлісуге асығады. Баяғы, үркіншілік кезінде өзіне сенген ел жұртын нәубеттен арашалап алмаққа соңынан ертіп қырғыз асқан Рысымбет атасының болмысы тәрізді. Ал сұрапыл соғысқа үш рет барып, «Ерлігі үшін» медалін төрт мәрте алған әкесі Жамбайбектің болмысы ше! Айтпақшы, ауыл әкімі болып жүрген кезінде Қордай – Қайнар аралығында жол салып жүрген трестің бастығы қырғыз жігітімен жөн сұраса келе өзінің балалық шағы өткен Көксайдан екенін біледі. Сексенге таяп қалған әкесі бар екен.

«Бір барғанда сұрашы, соғыс алдында сол ауылда мұғалім болған Жамбайбек Жолтаевты біле ме екен?» дейді. Жолшы жігіт әкесіне барып сұраса: «Жолтаев маған да, осы өңірдегі талайларға сабақ берген. Баласы әкім болып жүрсе барынша көмектес» деп тапсырыпты. Сол таныстықтың арқасында ауыл ішіндегі біраз көшелерді жоспардан тыс асфальттатып алғаны бар.

Елге жасаған жақсылық өзіңнің, болмаса ұрпағыңның алдынан шығады деген осы да. Зейнеткер А.Рысымбетовтың шаруа қожалығы қазір 228 гектар суармалы, 130 гектар тәлімі егістікте көкөністі түр-түрімен, астық, жүгері өсіреді. Соңғы жылдары су үнемдеудің тамшылатып суару әдісіне басымдық беруде. Ауылдастарын дивидент, кәусеннен құр қалдырмай, тонналап пиязды тегін үлестіретіні бар. Мектепке, мешітке қажетінше көмек беріп тұрады. Оншақты жылдан бері аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің 25, ардагерлердің облыстық «Ғұмыр дария» газетінің 15 данасын мұқтаж жерлестеріне тегін жаздырып беруде.

Жергілікті М.Әуезов атындағы орта мектептің қамқоршылық ұйымының төрағасы, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі және ауыл биі ретінде мойнына алған қоғамдық міндеттері де жетіп артылады. Өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша Степное ауылдық ардагерлер кеңесі аудандық байқауда бірінші орыннан көрінсе, мұнда би ретінде Рысымбетовтің де үлесі зор. Табиғатынан қолға алған істі тындырымды атқарып, алғаны тек алғыс болған Әбекеңнің мемлекеттік марапаттары да баршылық. 2012 жылы облыс әкімі А.Мырзахметовтен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, одан кейінгі әкім Б.Сапарбаевтан «Алғыс хат» алса, жергілікті билік «Қордай ауданының Құрметті азаматы», Қордай ауданының Құрметті ардагері» атап құрметтеді.

Оған қоса 75 жасқа толуына орай «Қазақстанның Алтын кітабына» енгізілуі де үлкен абырой болды. Адамның басты байлығы – соңынан ерген ұрпағы, онсыз өмір тұл екені һақ. Аманхан аға мен ардагер ұстаз Айша Жүнісқызы екеуінің ұлқыздары ендігі өздері бала өсіріп отыр. Үлкен қызы Жанат IT маманы, күйеу баласы Әліби мұнай-газ саласында қызметте. Кіші қызы Айжан анасының жолын қуған ұстаз, күйеу баласы Сұлтан жеке кәсіпкер. Ұлы Нұркен кәсіпкер, келіні Сәуле дәрігер. Оншақты немересінің алды үйлі-жайлы болып қуантатын күндер де қашық емес. Аманханның қамқоршы Әскергүл әпкесі де, өзге бауырлары да, шүкір, өркен жайған.

Баяғы Рысымбет пен Жамбайбек аталардың шырғалаңды ғұмырын жалғаған нәзік өскіннің шынарға айналған сипаты осындай.

 

Құрманбек ӘЛІМЖАН

Қазақстанның Құрметті журналисі

Қордай ауданының Құрметті азаматы

Ұқсас жаңалықтар