«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Білімді шыңдайтын тәжірибе

Білімді шыңдайтын тәжірибе
Автор
Мұғалім – болашақтың иелеріне білім мен тәлім беретін, қоғам, ел алдындағы ең жауапты міндетті иеленген маман. Сондықтан олар үнемі ізденісте жүруге, үздіксіз білімін жетілдіріп отыруға тиіс. Осы бағытта педагогтерге озық тәжірибені бөліскен маңызы зор семинар Жамбыл ауданындағы Бәйтерек ауылының №6 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінде өтті. «Тәжірибе алмасу – дамудың негізі» атты семинарға аудан мұғалімдері қатысып, бір-бірімен тәжірибе алмасты.

Аталған мектептің оқу ісінің меңгерушісі Сандуғаш Байұзақова бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған семинарға аудандық білім бөлімі мамандары мен Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушыларын жұмылдырыпты. Озық тәжірибе алаңында «Әдебиеттік оқу» пәнінің мұғалімі Ақбөпе Рахатқызы «Отамалы» және «Жасанды интеллектіні сабақта тиімді қолдау жолдары» тақырыбында ұстаздар қауымына орасан пайдасы бар ашық сабақ өткізді. Өзге мектептерден тәжірибе алмасу мақсатында келген мұғалімдер өткен сабақтың артықшылықтары мен кемшіліктерін талқылап, бала оқытудағы өз тәжірибелерімен бөлісті. Тіпті, сабақта қолданылатын әдістәсілдерден бөлек үздік оқушымен қалай жұмыс істеу керегін, оқу үлгерімі төмен оқушыны сабаққа қалай тартудың тиімді болатынын және басқа да маңызды мәселелер қозғалды.

«Жасанды интеллектіні сабақта тиімді қолдану жолдары» тақырыбында өткен панорамалық сабақта жас маман Ақбөпе Рахатқызы ЖИ-мен өз суретіңе «жан бітіру», сөйлетуді ғана емес, мұғалімдерге бала тәрбиесінде жасанды интеллектіні тиімді әрі қауіпсіз қолданудың жолдарын көрсетті. Сондай-ақ оқушылардың цифрлық ортада жауапкершілікпен әрекет етуін қалыптастыруға бағытталған ұсыныстар қарастырылды.

Бұдан кейін мектептің мәжіліс залында Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушылары Н.Шынтаева мен А.Сманова «Болашақ педагогтердің функционалдық сауаттылығын арттыру» тақырыбында баяндама оқыды. Аға оқытушы Г.Спаналиева «Жасанды интеллект дәуіріндегі «білім» және «оқыту» тұжырымдамасының қайта қаралуы» тақырыбында дәріс оқып, мектеп ұстаздарына бала оқытудағы заманауи әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, сабақты қызықты өткізудің жолдарынан кеңес берді. Жоғары оқу орыны оқытушыларының мәліметінше, бұрын Мағжан Жұмабаев Ұлы Отан соғысы кезеңінде мұғалімдердің батыр әрі батыл болғанын айтқан. Ал батыл, ешкімнен қорықпайтын мұғалімдер депрессияға қарсы тұра алады.

Бүгінде мұғалімдердің атқарар функциясы өзгерген. Олар тек басшылыққа ғана емес, ата-анаға да есеп беруге мәжбүр болып отыр екен. Себебі ата-аналармен жұмыс жасаудың өзі үлкен сабыр мен кәсібилікті талап етеді. Сол үшін де бүгінгі таңда мұғалімдіктен бас тартып жатқандар баршылық. Сауалнама нәтижесінде, олардың мұғалімдіктен бас тартуының негізгі себебі ішкі күйзеліс екені айқындалыпты.

Жалпы айтқанда, мұғалімдік қызметтің жүгі ауыр. Өйткені ол тек пәнді үйретіп ғана қоймайды, оқушының мінез-құлқының, дүниетанымының қалыптасуына әсер етеді. Әрбір айтылған сөз, берілген баға – баланың болашағына ықпал етуші күш. Күнделікті сабақ жоспары, есеп беру, тәрбие жұмыстары, түрлі іс-шаралар мұғалімнен көп күшқуат талап етеді. Соған қарамастан мұғалім үздіксіз жаңарып отыратын білім саласында үнемі жаңа технологияларды, әдіс-тәсілдерді меңгеріп, заман талабына сай мұғалім болып қалыптасу керек.

 

Гүлсара БАЙДАНОВА

журналист

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар