«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Баршаға жақсылық тілеп тұратын ақсақал еді

Баршаға жақсылық тілеп тұратын ақсақал еді
Автор
Таулар алыстаған сайын биіктейді. Жанымызда жүрген жақсы адамдардың қадірін уақытында бағаламай, өздері өмірден өткеннен кейін аңғарып, өкініп жатады екенбіз. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» дегендей, шын жақсының қадірін дер кезінде біле бермейтініміз қандай өкінішті?!

Біз соғысты көрген жоқпыз. Біз соғыстың батырларын көрдік. Бала күнімізде алақандай ауылымызда соғыстың 20-ға жуық солдаты жүретін. Олар майданда Отан қорғағаннан бөлек, бейбіт күнде елдің дамуы жолында аянбай еңбек етті. Жақсы сөз, өсиетімен жас ұрпаққа үлгі болды. Көшеде майдангер келе жатқан кезде барша оқушы балалар қызығып қараушы едік, жақындаған кезінде бәріміз сәлем беретінбіз. Соғыс солдаттарының жүзі жылы, көңілдері шуақты болатын. Айтқан әңгімелері, сөздері тағылым мен өсиет, өнегеге толы еді. Қазір сол ақсақалдардың біреуі де жоқ. Бәрі келместің кемесіне мінді. Жалпы алғанда уақыт өз әмірін жүргізді. Қазір облыс бойынша 3 қана Ұлы Отан соғысы ардагері қалды. Олар Тараз қаласында тұрады. Сондай шежірелі қарт, жүз жасаған абыз, ақын, журналист Мүтәліп Ережепбайұлының өмірден озғанына да 40 күн өтті.

Сөзімнің басында соғыстың сарбаздарының жүзі жылы еді деп атап өттім. Сол жылылық пен мейірімді, ақкөңіл қалыпты мен Мүтәліп атадан да көруші едім. Біз ол кезде баламыз, ауылда мектеп оқушысымыз. Ал Мүтәліп Ережепбайұлы – аудандық «Талас тынысы» (бұрынғы «Ленин жолы») газетінің бас редакторының орынбасары екен. Аудан орталығына үлкендерге еріп барып тұратынмын. Сол кезде көшеде кетіп бара жатқан Мүтәліп атаны жиі көретінмін. Ол кісі 1986 жылдың аяғына қарай зейнетке шықты. Мүтәліп Ережепбайұлы Талас аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, «Талас» асыл тұқымды мал зауыты партия комитетінің хатшысы, аудандық газеттің бас редакторы қызметтерін де абыроймен атқарды.

Ол кісі қай кезде де қарапайымдылығынан танған жоқ. Ақкөл ауылында кездескен кезде де ішібауырымызға кіріп, жылы амандасатын. Тараз қаласындағы әкімшілік берген үйіне де талай рет барып әңгімесін тыңдадық. «Несіпбайдың баласымысың. Несіпбай атаңмен талай айтысқанмын. Жеңілген едім. Несіпбай үлкен ақын еді» деп аңқылдай жөнелетін. Несіпбай – менің әкемнің ағасы. Ойық ауылында хат тасушы болып ғұмыр кешкен, қарапайым қария. Сол ақсақалды елге белгілі Мүтәліп ата сыйлап тұр. Мүтәліп ата 90 жасына дейін жазуынан қол үзген жоқ. Облыстық, қалалық редакцияларға өз аяғымен барып тұрды. Жаңа өлеңдерін әкелетін. Қария шағында да бірнеше кітап жазды. «Оқ пен оттан оралғандар», «Жамбыл жолы» жыр кітаптары оқырманнан өз бағасын алды. Мүтәліп ата – соғыстың соңғы солдаттарының бірі еді.

Талас ауданының Құрметті азаматы. Жары Тынышбала апамыз екеуі 8 ұл-қыз өсіріп, олдардан немере, шөбере сүйді. Жүз жасында үлкен жүрек, майдангердің жүрегі тоқтады. Ол біздің мәңгі есімізде. Мақаламды майдангер Мүтәліп атаға арнаған өлеңмен аяқтағым келеді.

 

Есет ДОСАЛЫ

ақын

Мәдениет саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар