«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Адам құқын бұрынғыдан да берік қорғайды

Адам құқын бұрынғыдан да берік қорғайды
Ашық дереккөз
М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің қатысуымен оқытушы-профессорлар құрамымен және белсенді жастармен маңызды кездесу өтті. Жиын барысында ел өміріндегі бетбұрыс кезең – жаңа Конституциялық реформалардың мән-маңызы мен алдағы басымдықтар кеңінен талқыланды.

Іс-шараның модераторы Серік Жақсылықұлы маңызды басқосуды кіріспе сөзбен ашып, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мен құқықтық реформалардың қоғам дамуындағы рөліне тоқталды.

– Жаңа редакцияда адам құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде айқын белгіленген. Азаматтың қадір-қасиеті, құқығы мен заң алдындағы теңдігі негізгі қағидалардың біріне айналды. Мемлекет азамат үшін қызмет ететін институт ретінде нақтырақ айқындалады. Өңірлерде жаңа жобаны түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Арнайы спикерлер тобы құрылып, депутаттар мен сарапшылар халықпен кездесулер өткізуде. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және басқа да коммуникациялық алаңдар арқылы түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда.

Алдымызда тұрған негізгі мақсат – 15 наурызда өтетін референдумға қатысу. Бұл әрбір қазақстандықтың өз пікірін білдіріп, ел болашағы үшін өз таңдауын жасауына берілген мүмкіндік. Сондықтан барша азаматтарды осы маңызды науқанға белсенді қатысуға шақырамыз, – деді Серік Жақсылықұлы. Одан әрі «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев сөз алып, әділетті қоғам орнату мен жемқорлықпен күрестегі азаматтық ұстанымның маңыздылығын атап өтті.

– Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1995 жылғы Конституция қабылданғаннан бері оған 6 рет өзгерістер енгізілді. Соның ішінде 2022 жылғы конституциялық реформа барысында 33 бапқа 56 өзгеріс енгізілген болатын. Бұл жолғы жұмыс ашық жүргізілді. Барлық талқылаулар ресми сайттарда жарияланып, eGov платформасы және «Парламент реформасы» жобасы арқылы халыққа тікелей көрсетіліп отырды. Қазіргі жаңа жоба 96 баптан және 11 бөлімнен тұрады. Ал бұрынғы Конституция 101 баптан және 9 бөлімнен тұрған еді. Қазіргі қоғамның санасы өзгерді, азаматтардың мемлекеттік институттарға қоятын талаптары артты. Сондықтан мемлекет басқару жүйесін жаңғыртып, азаматтардың құқықтарын бұрынғыдан да берік қорғауға міндетті, – деп түсіндіріп өтті Қасымхан Естемесұлы.

Мұнан соң Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев реформалар аясындағы азаматтардың құқықтық кепілдіктері мен жаңа мүмкіндіктеріне тоқталды.

 – Жобаның 17-бабында: «Өмір сүру құқығы – әр адамның ажыратуға және айыруға болмайтын құқығы» деп танылған. Бұл дегеніміз Конституцияның өзі адамның өмірін қорғауды міндеттейтінін білдіреді. Өздеріңізге белгілі, адам өмірін ең жоғары басымдық деп жариялаған еліміз 2022 жылы өлім жазасын алып тастады. Қолданыстағы Конституцияның 15-бабында, жаңа жобаның 17-бабында да оған тыйым салынған. Яғни, оны қайта қолдануға оралу мүмкін еместігін айтқым келеді. Ал 18-бапта жеке басқа тиіспеу кепілдігі жекелей түрде бекітілген. Бұл ешкімді өз бетінше бас бостандығынан айыруға жол жоқ екенін білдіреді. Қамауда ұстауға сот шешімімен ғана жол беріледі. Соттан тыс ұстау мерзімдері заңмен айқындалады. Осы бапта Миранда ережелері қарастырылған. Яғни ұстау кезінде әр адамға құқығын шектеу негіздерін түсіндіру міндеттеледі. Сонымен қатар жиында тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев ұлттық құндылықтар мен тарихи мұраны сақтаудың маңызын тілге тиек етті.

Сонымен қатар жазушы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт елдегі рухани жаңғыру мен сөз бостандығы төңірегіндегі ойларымен бөлісті. Ал профессор Айгүл Кабиева білім мен мәдениет саласындағы өзгерістерге тоқталып, жастарды білім жолында белсенді болуға шақырды.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

 

Ұқсас жаңалықтар