«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Шерхан әлемі - SHERKHAN WORLD» жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдайды

«Шерхан әлемі - SHERKHAN WORLD» жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдайды
Автор
Шығармашылық адамды ізгілікке, әдептілікке жол ашатынын өмір өзі дәлелдеп келеді. Ал кітап оқу көркем сөздік қорды байытып, ойлау қабілетін дамытып, мәдениеттілікке тәрбиелейді. Осы ізгі мұратты көздеген Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы оқушылар арасында байқау ұйымдастырды. Тұңғыш рет өткізілген облыстық «ШЕРХАН ӘЛЕМІ – SHERKHAN WORLD» шығармашылық фестивалі 4 бағытта өрбіді.

Мұнда Шерхан Мұртаза шығармашылығын насихаттай отырып, айтулы тұлғаның сан қырлы саладағы қызметіне байланысты оқушылар мен студенттердің қазақ еліне деген сүйіспеншілігін, құрметін арттыру, әрбір білім алушының Қазақстанға қандай үлес қоса алатындығы туралы ой салу мақсат етілді. Фестивальдің ашылу салтанатында университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп, бұл ісшараның маңыздылығы мен құндылығы, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз рөлі туралы атап өтіп, үміткерлерге сәттілік тіледі.

– Университетіміз тұңғыш рет облыс оқушыларының арасындағы талантты, дарынды жастардың қабілетін шыңдап, ары қарай дамыту үшін «Шерхан әлемі» атты фестивальді бастап отыр. Шерағамыздың артында қалған тарихи, мәдени, рухани мұраны жас ұрпақтың бойына дарытып, бүгінгі уақытпен байланысатын сабақтастықты анықтап, сол арқылы жастарымызға қандай сапалы білім мен тәрбие бере алатынымызды нақтылап, қолға алуды мақсат еттік. Шерағамыздан қалған асыл мұра арқылы жастарымыздың креативті ойлау қабілеттерін, шығармашылығын одан ары арттыру ел болашағына игі үлесін қосары анық. Қазіргі заман талабына сай ісімізді, шығармашылығымызды жандандыруға жасанды интеллект көмекке келді. Өздеріңіз білесіздер, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылғы жыл «Жасанды интеллект жылы» деп жарияланғаны белгілі. Міне, бұл да қамтылып, Шерағамыздың шығармаларын жасанды интеллекттің көмегімен насихаттау фестиваліміздің бір бағытына кіргізіліп отыр. Университетімізде жасанды интеллект компоненттері оқу, ғылым, тәрбие секілді барлық салаларға еніп жатыр. Арнаулы курстар оқу бағдарламасына енгізілді. Жаңадан басталған бұл жобамыз жан-жақты толықтырылып, жастарымыз жылда асыға күтіп, ерекше дайындалатын фестивальге айналуына тілектеспін. Себебі, оның астарында үлкен мағына, ізгі мақсат бар, жастарымыздың бойындағы шығармашылық әлеуетін жарыққа шығарып, халыққа танытуда атқарар маңызы зор, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Оқушылар мен студенттердің шығармашылығын дамытуға, өзіндік қорытынды және тұжырым жасауға бағытталған фестиваль жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға дағдыландырып, үздік қойылым бағыты бойынша әртістік қабілетін дамытуды негізге алды. Фестивальдің ашылу салтанатында студенттерден құрылған «Рух» дуэті ән шырқап, Шерағаға арнау оқылып, көрермендерді ерекше сезімдерге бөледі. Әр бағыт бойынша қатысушы үміткерлер әр аудиторияға бөлініп, эссе, мақалалар жазды. Sherkhan-AI бағытына қатысқан оқушылар мен колледж студенттері жазушының өмірі мен шығармаларына арналған контентті жасанды интеллект арқылы жетекшілерімен бірге қорғады. Ал Drama time бағытына қатысушылар Шерхан Мұртазаның шығармаларынан сахналық қойылым дайындап, көрсетті.

– Әдебиет тарланы, публицистиканың майталманы Шерхан Мұртазаның шығармаларын насихаттау, мән-маңызын өскелең ұрпаққа ұғындыру мақсатында «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Шерағаның көркем шығармаларымен жас буынның сусындауына үлкен мүмкіндік беріп, орталығымыздың барлық жобаларын қолдап отырған университет басшылығына алғысымыз шексіз. Дәстүр – ол тамыр. Дәстүрлі түрде біз өткізіп келген Шерхан Мұртаза оқулары қазіргі уақытта 10-шы рет ұйымдастырылып, 514-бұйрыққа еніп, сол себепті «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығына өтетіндіктен, біз өз тарапымыздан жаңа байқауды бастадық. Сондықтан «Шерхан әлемі» фестивалі деп ат қойдық. Болашақта тағы да басқа жаңалықтар қосып, бағыттарды өзгертіп, толықтыра түсеміз. Бұл байқау дәстүр мен техниканың тоғысқан арнасы болады деп жоспарлап отырмыз, – дейді «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айнұр Кембаева.

Білім ізденушілердің шығармашылық жұмыстары саралана келе, байқау қорытындысында үздік жұмыстар жүлдегер атанды. Sherkhan-AI – үздік ЖИ контенті бағыты бойынша І орынды Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылындағы Құлан тірек мектеп-гимназиясының оқушысы Мейіржан Мұратбек иеленді. Essay competition – эссе байқауының І орынын Тараз қаласындағы «Парасат» жоғары колледжінен қатысқан Айсұлу Бақытбек жеңіп алды. Best article – үздік танымдық мақала бағытында І орынды Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылындағы Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы Ұлжан Улухманова иеленді. Drama time – үздік қойылым бағыты бойынша І орын Т.Рысқұлов ауданындағы Ә.Бөкейханов атындағы мектептің өнерпаз оқушыларына бұйырды. Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар