«Инклюзивті кітапхана: ЖИ дәуірі» тақырыбындағы семинарға аудандық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға қызмет көрсететін кітапхана бөлімдерінің мамандары қатысып, заманауи кітапхана ісіндегі жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. Семинардың шымылдығын кітапхананың ақпараттықбиблиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Айзада Төлебаева ашып, модератор ретінде жасанды интеллект технологиялары кітапхана қызметін бұрынғыдан да қолжетімді етіп, оқу мәдениетін дамытуға зор ықпал етіп отырғанын атап өтті.
– Жасанды интеллекттің көмегін пайдаланудағы тиімді тәсілдерді әріптестерге тарату бағытындағы семинарды екінші рет өткізудеміз. Алғашқысында MS Speech bot бағдарламасын қалай пайдалану керегін кітапханамыздың қызметкері Ербол Аққайұлы түсіндірген болатын. Ол әсіресе зағип жандарға өте қажет. MS Speech bot жазбаша мәтінді ауызша айтып, жеткізеді, Ал екінші рет ұйымдастырып отырған семинарымызда жасанды интеллектті мәдени, білім беру іс-шараларында қалай пайдаланған дұрыс екеніне тоқталудамыз. Мысалы, ақын-жазушылардың өмірбаяндарын, қызықты сәттерін тек ауызша айтып қоймай, бейнефильм секілді етіп көрсетеміз. Сонымен қатар Grok Ai арқылы оқырманды әдеби туындыға шақыру үшін жасалатын жұмыстар жөнінде тәжірибемізді таратудамыз, – дейді Айзада Амангелдіқызы.
Кітапхана директорының орынбасары Толқын Күзенова «Ақылды көмекші: ЖИ-ді кітапханашының сенімді серігіне айналдыру жолдары» тақырыбында баяндама жасап, күнделікті кітапхана жұмысында тиімді қолдануға болатын ақысыз жасанды интеллект құралдары жөнінде пайдалы мәліметтермен бөлісті.
– Қазіргі заманда ақпарат көлемі күн сайын өсіп жатыр, ал оқырман сұранысы да жылдам, нақты жауапты талап етеді. Осындай жағдайда бізге уақытты үнемдейтін, жұмысты жеңілдететін құрал қажет. Жасанды интеллект – дәл осындай көмекші. Ол бізге мәтінді жылдам қысқартуға, күрделі ақпаратты қарапайым тілмен түсіндіруге, кітап мазмұнын талдауға, сценарий, жоспар, презентация жасауға көмектеседі. Ең маңыздысы – бұл құралдарды пайдалану үшін арнайы IT маман болудың қажеті жоқ. Қарапайым сұрақ қойсаңыз болды, жауап дайын. Бірақ бір маңызды сұрақ туындайды, «Жасанды интеллектке толық сенуге бола ма?», жоқ, толық емес. ЖИ – бұл көмекші, бірақ ол кейде қате ақпарат беруі мүмкін. Кейбір деректерді ойдан құрастыруы да ғажап емес. Әрқашан соңғы жаңалықты білмеуі де мүмкін. Сондықтан кітапханашы ретінде біздің рөліміз өзгермейді, біз әлі де ақпаратты тексеруші, сараптаушы болып қаламыз. Яғни, ЖИ кітапханашының орнын баса алмайды, бірақ біздің жұмысымызды жеңілдетеді. Бұл семинарда мен Google арқылы оңай кіретін және күнделікті жұмыста қолдануға болатын бірнеше ЖИ құралдарына тоқталдым. Google арқылы оңай кіретін ЖИ Google Gemini, бұл – Googleдың ChatGPT сияқты ең оңай түрі. Google-ға кіріп, Gemini AI деп жазып, іздейміз. Күнделікті қолдануға арнайы тіркелуді қажет етпейді. Мәтіндік жасанды интеллект болғандықтан көбіне мәтіндік ақпараттармен жұмыс жасайды. Суреттерді сұранысқа қарай шынайы форматта береді. Кез келген тақырыпта сұрақ қоюға болады. Мысалы кітап желісінің мазмұнын, шығарма желісіндегі кейіпкер бейнесін, жаңа форматтағы іс-шаралар сценарийлері, сонымен қатар соңғы жаңалықтарға дейін сұрасаңыз да жауабы дайын. Сенімді болу үшін әр берілген ақпаратқа қасында қандай сайттардан алынғандығы жайында толық ақпарат беріп отырады. Енді тиімділігіне тоқталсақ, біріншіден – тегін, қазақша-орысша түсінеді, Google-мен бірге жұмыс істейді. Артықшылығы – өте оңай, Google аккаунтпен бірден кіре аласыз. Екінші қолдануға тиімді ЖИ – Microsoft Copilot. Google-ға «Copilot AI» деп жазып, тіркелусіз кірсеңіз, бірден сурет генерациялау жұмыстарын жасай береді. Қиялдағы суреттерді анимациялап шығарады. Ақысыз түрде белгілі шектеулер бар, күнделікті лимитпен пайдаланса, өте қолайлы. Ақылы түрін қолданса, мүмкіндіктер көп, ұзақ форматтағы бейне баяндар жасалады. Артықшылығы – интернетпен байланысы жақсы. Ал минусы – кейде күрделірек. Ал ChatGPT – негізгі міндеті сұрақтарға жауап беру, түсіндіру, мәтін жазу, идея ұсыну және әртүрлі тақырыптар бойынша көмектеседі. Ерекшелігі – көп тілде сөйлейді, соның ішінде қазақша жақсы жәрдемдеседі. Оқу, жұмыс, технология, күнделікті өмірде қажетті көптеген салаларда қол ұшын соза алады. Күнделікті пайдаланғанға өте қолайлы. Қандай жағдайда ақылы түрге көшеді? Пайдаланушы лимиттен асып кеткенде, яғни күнделікті сурет генерациялау болса, 3 суретке дейін, ал жалпы күрделі сұрақтар 10-ға дейін, негізгі қарапайым сұрақтар шексіз. Ақылы түріне өтетін болсаңыз, 20-30 суретті, қосымша бейнебаяндарды қысқаша түрде дайындап береді, – дейді Толқын Тәжітөреқызы.
Семинар барысында зағиптарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Рыскүл Иманбек жасанды интеллект бағытындағы Grok AI бағдарламасымен жұмыс істеу жолдарын практикалық түрде таныстырып, тиімді қолдану әдістерін көрсетті. Қатысушыларға ұсынылған бағдарлама арқылы өздерінің креативті идеяларынан бейнероликтер жасап көруге мүмкіндік берілді.
Семинар аясында «GENIUS SCOOL» репетиторлық орталығының негізін қалаушы, нейропсихолог Гүлжамал Жайлыбаева «Тыныштықтың нейропсихологиясы: агрессиямен қалай жұмыс жасап, өзіңді қалай сақтап қалуға болады?» тақырыбында психологиялық тренинг өткізді. Тренинг барысында қатысушылар эмоциялық тұрақтылық, күйзеліспен күресу және ішкі тепе-теңдікті сақтау жолдары туралы маңызды мағлұматтар алды.
Отырыс соңында аудандық кітапханашылар тарапынан келіп түскен ішкі жұмыстарға қатысты түрлі сауалдар мен ұсыныстар талқыланып, әріптестер арасында өзара тәжірибе алмасу алаңына ұласты. Семинар қатысушылар үшін кәсіби білім мен тәжірибені толықтыратын, жаңа идеялар мен заманауи мүмкіндіктерге жол ашқан мазмұнды басқосу болды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




